Қарағанды облысы

ШАНЫШҚЫЛЫ БЕРДІҚОЖА КЕСЕНЕСІ

Шанышқылы Бердіқожа – Қазақ хандығының көрнекті қайраткері, ұлттың ардақты тұлғасы, есімі Ресей және Қытай еліне танымал болған, әйгілі сардар, қолбасшы. Батыр туған елін жаудан қорғау жолында бүкіл ғұмырын сарп еткен. Бердіқожа батыр (шамамен, 1690- 1770 жж.) – Абылай заманындағы жоңғарларға қарсы шайқаста қол бастаған, ең сенімді батырларының бірі. Шежіре қарт Мәшһүр-Жүсіп батырға «Шанышқылы Бердіқожа – Абылай заманындағы ең атақты, ең сенімді батырлардың бірі» деген баға береді және оның өз ұлдарын сынауы, өмірінің ақыры туралы деректер келтіреді. Тарихи деректерге сүйенсек, Бердіқожа батырсыз хан кеңесі өткізілмеген, жорыққа да шықпаған. Оны Ұлы жүзде Төле биден кейінгі үлкен саяси қайраткер, ірі қолбасшы мәртебесінде құрметтеген. Бердіқожа батыр Аягөз, Бұланты-Білеуті және Сарысу өзені бойындағы, Іле басындагы Талқы, Ебі, Ембі, Алакөл, Алтайдағы Ұланасу, Қандысу, Айдынсу, Шар, Шорға ұрыстарында, Қозымаңырақ, Қоймаңырақ, Ақшәулі, Итішпес көлдері маңындағы, Аңырақайдағы шайқастарда Ұлы жүз жасақтарына басшылық еткен. Жетісуда торғауыт-қалмақтармен соғысып жатқанда, бір бүйірден қырғыздар соғыс ашып, оңтүстіктегі қазақ жерін басып алып, Балқашқа дейінгі байтақ жерді иемденіп алуға айла жасайды. Батырдың өлімі туралы әрқилы дерек бар. Ел мүддесін қорғауда шанышқылы Бердіқожа үнемі жорықтарда жүріп, аруағы алты алашқа айқын қанжығалы Бөгенбай, қаракерей Қабанбай, албан Райымбек, найман Көкжарлы Барақ, тарақты Байғозы, қаракесек Жарылғап, ботпай-қоралас Жауғаш батырлармен бірге қанды ұрыстарда басын талай мәрте қатерге тіккен. Мәшһүр-Жүсіп дерегінде «Өзін жау өлтірерін білген соң, жолдасына айтқан екен: – Жау жерінде қалдым ғой, менің сүйегімді алып кете алмассыңдар, бір бармағымды кесіп алып, маңайлас жерлеріне көміңдер де, соған там салып, «Бердіқожа тамы» атаңдар. Мені есіне алғандар дұға ғылып өтер, – деп» делінеді. Бердіқожаның өлім аузында жатып тағы бір айтқаны: «Екіден кіші балам, Ержеткен соң бәлем, Қаратал Қояндыға қосыңды тая» болыпты. Сол баласы ер жетіп, әке кегін қайтарып, жауды Қаратал Қоянды деген жерде өлтірген екен. 1685 жылы дүниеге келген Бердіқожа батыр 1786 жылы қаңтарда, мәйіт бұзылмайтын қыс кезінде қаза тапқан деген нақты дерек бар. Батырдың бейіті – Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының жерінде, Дағанделі өзенінің бойында тұр.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button