Редакция таңдауыСұхбат

Гидропоникалық әдіс туралы не білесіз?

Ысқақов Мағжан – голландиялық əдіспен топырақсыз биологиялық жемді ойлап тапқан жас ғалым. Қазіргі таңда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ биология факультетінің «Моллекулалық биология және кинетика» мамандығында оқиды.

Жас ғалым мектеп жасында патент иесі атанып, өз туындысын дамытумен айналысып жүр. Оның жетістігі мен мал шаруашылығына енгізген еңбегі жайында сұхбат өрбіттік.

Ғылымға көңіл бөліп, аталмыш еңбекті жарыққа шығаруға не себепші болды? Сіз айтқан топырақсыз биологиялық жемнің бұрын-соңды болған жаңалықтардан қандай айырмашылығы бар?

  • Биология саласына деген қызығушылығым мектеп кезінен басталды. Зертханаларда жүрген кезде өсімдіктердің топырақсыз өсетінін байқадым, топырақ орнында целлофандар тұрған. Соған аң-таң болып, қалай өсімдік топырақсыз өсетінін іздедім. Бұл әдісті голландиялық ғалым Хуго де Фриз ойлап тапқан екен. Ол гидропоникалық әдіс деп аталады. Оның әдісі бойынша өсімдік 18 күнде шығуы тиіс. Ал мен оның әдісінен бір қате тауып, оны 18 күнде емес, 7 күнде шығарудың жолын таптым. Бірақ жем көгере бастады. Осы кезде Исеналиева Майра деген жетекшіммен бірге оның себебін іздедік те, избест құю керегін ұқтық. Кейін жобам Алматы облысы әкімі тарапынан қолдауға ие болып, 2 миллион 600 мың теңге сыйақы берілді. Мектеп оқушысы үшін бұл – үлкен мүмкіндік. Бұл қаражат жобаның әрі қарай жалғасын тауып, дамуына жұмсалды. Ғылыми зерттеу институттарына бардым, Алматы облысы Кербұлақ ауданы Қарашоқы ауылында осы жоба бойынша зертхана аштым.

Сіз айтқан голландиялық ғалымның қатесі қандай еді және оны қалай анықтай алдыңыз?

  • Хуго де Фриз биологиядағы «фотосинтез» үрдісіне сеніп, өсімдіктерді күннің астында өсірді. Бірақ өсімдік қараңғыда тезірек өседі. Бұл теорияны маған әжем есіме салып, жасап көруімді ұсынды. Айтқандай, оң нәтиже берді.

Жобаның қазіргі таңдағы реализациясы туралы не айта аласыз? Мал шаруашылығында қолданылып жатыр ма?

  • Жоғарыда биологиялық зертхана бар екенін айттым. Дәл сол мекенде ата-анамның мал шаруашылығы өркендеп жатыр, олар осы биологиялық жемді қолдануда. Болашақта басқа өңірлерге тарататын ниетім бар, бірақ қолдау аз. Және осы әдісті кәсіп иелеріне, ғылымға қызығатындарға үйреткім келеді.

Айтып жатқан биологиялық жемнің басқа жемнен не айырмашылығы бар? Оны қолданудағы басты мақсат не?

  • Қарапайым жем өте құрғақ болады, сол себепті мал клетчатка сияқты құнарлы заттарды сіңіре алмайды. Ал гидропоникалық әдіспен пайда болған жем арқылы организмге қажетті заттар тез сіңеді. Әрі жемді тамырымен қосып жегендіктен, липид, көмірсулар тобы жұғымды болады. Сонымен қатар, үнемді. 1 кг жем егіп, 7 кг өнім алуға болады.

Бұл жобадан бөлек студенттік шағыңызда қандай жобаларды қолға алдыңыз және нәтижелері қандай?

  • 2017 ж Алматы облысы Кербұлақ ауданы Қарашоқы ауылында өсірілетін арпаның гельминтооспориоз және ринхоспориоз ауруларымен күресу шараларын ұйымдастырып, ғылыми зерттеу жұмысы сәтті аяқталды. Ауру қоздырғышын анықтадық, ол қарақоңырдақ аурулары екен. Соған қарсы дәрілік препараттар қолдану аясын кеңейттік. Студент кезімде биологиялық жем жобасын молекулалық биология тұрғысынан дамытуға тырыстым. Бұған Бисенбаев Амангелді атты жетекшім көмектесті, зертханамен қамтамасыз етті. Одан бөлек «Алтын Емел» ұлттық саябағына экспедиция бастаған едік. Өйткені онда жойылып бара жатқан пржевальски жылқысы болды. Ал Қазақстанда бұл жануардың 11-і ғана қалған. Бірақ кейін карантин басталғандықтан, жоба аяқсыз қалды.

Сұхбатыңызға рақмет!

Басқа материалдар

Back to top button