Редакция таңдауы Сұхбат

Жылдам оқу дағдысы қалай қалыптасады?

1878 жылы француз офтальмологы Эмиль Джавал әлемге жаңа бағыт алып келді. Ол адам көзінің бір уақытта бірнеше таңбаны көріп, оқи алатынын анықтап, жылдам оқу жүйесін енгізуге тырысты.

Сәйкесінше, бұл бағыт дамып, 1925 жылы алғаш рет жылдам оқу курсы Сиракуза университетінде өткізілген. Сол уақыттан бері жылдам оқу үлгісі қалыптасып, қазіргі таңда елімізде бұл саланы меңгеретін адам саны күннен-күнге артып келуде. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз, «Жылдам оқу» курстарының білікті оқытушысы, тайм менеджмент маманы – Кәусария Сағадатқызы. Ол жылдам оқудың қыр-сырымен, есте сақтау қабілетін арттырудың жолдарымен бөлісті.

 – Осы уақытқа дейін өзіңіз кітапты жылдам оқуға, есте сақтау қабілетін жақсартуға арналған курстарға қатыстыңыз ба? Өзіңізді қалай дамыттыңыз?

– Әрине, қазақша-орысша 10-ға жуық курсқа қатыстым. Осы күнгі нәтижеге жету үшін алған біліміме шамамен 400 мыңдай қаражат жұмсалды. Алғашында көп болып көрінуі мүмкін. Дегенмен, білім алу үшін ақшаны аямау керек. Бір күнде бір кітапты оқып, тіпті жаттап алатын деңгейге жеткеніме өкінбеймін. Түрлі курсқа қатысып, сапалы білім алғанымның нәтижесінде бүгінгі күні бірнеше адамды осы қабілетке дағдыландырып келемін.

– Қазіргі таңда жылдам оқуға қатысты курстар саны көбеюде. Жалпы адамға жылдам оқи білу қаншалықты қажет?

-Осы секілді курстардың көбейгені қуантады. Себебі, көптеген адам өзін, интеллектуалдық қабілетін дамытуға мүмкіндік алды.Кейбір кәсіп иелері үшін жылдам оқи білу қажет. Мысалы, қағазбен көп жұмыс істейтін мұғалімдерге, сан түрлі мәліметпен алмасатын журналистерге, қосымша жұмыс істеп, жан-жақты дамығысы келетін студенттерге керек. Бұл сарындағы курстар адамдарға уақытын тиімді пайдалануға, кітап оқып, ойын сергітуге септігін тигізеді.

– Жеке рекордыңыз қандай? 1 кітапты қанша күнде немесе қанша сағатта оқып бітіресіз? 

– Менің рекордым – 1 кітапты 1 сағатта оқып бітіруім. Менің рекордым осындай көрсеткіште болғанына қарамастан өз оқушыларым арасында 3 минутта 1 кітапты оқып бітіргендер болды.

– Осы уақытқа дейін өзіңіз қанша кітап оқыдыңыз? 

– Шамамен 100-ге жуық кітапты оқып бітірдім.

Қандай жанрдағы кітаптарды жиі оқуға кеңес бересіз? 

– Мен психологиялық, ғылыми бағыттағы кітаптарды оқығанды жақсы көремін. Бірақ әр адамның талғамы әртүрлі. Сонымен қоса, мен көркем әдебиетті оқығанда өзгеше әсерде боламын. Бұл сарындағы кітаптарды қиялымды, ой-өрісімді дамтыту және сөздік қорымды көбейту  үшін оқимын. Қандай жанр болмасын сіз үшін пайдалы болатын, кәсіби шеберлігіңізді арттыратын кітаптарды оқуға кеңес берер едім.

– Сұқбатыңызға рақмет!

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button