Мақала Редакция таңдауы

«Ұрын бару» салты

Құда түсу мен тойдың арасында күйеу жігіт қалыңдығының ауылына баратын болған. Бұны қазақта «ұрын бару» деп атайды.

Осы салт туралы ұлы жазушы Мұхтар Әуезов «Абай жолы» романында: «Абайдың бұл келісі ұрын келу деп, жыртыс сала келу деп, кейде есік көре келу, қол ұстау деп те аталады. Өзге келістердей емес, күйеу бұл жолы, алғашқы күндерде талай нәрсеге көндіге білу керек. Сол өзгешеліктің үлкені – қалыңдықты көрсетпеу», – дейді.

Ғалым Г.А. Мейрманова: «Жігіттің ұрын бару аралығы 40 күннен аспауы керек, әрі жеті күннен кем болмауы шарт», – деп атап өтеді.  Егер жігіт өзінің бұл міндетін орындамаса, өз руының қыздары әзіл-шыны аралас ұрып-соғып, ұрын бару міндетін атқаруы керек екенін еске салып отырған.

Жастардың кездесуі түрлі жағдайда іске асатын. Қыз ауылына алғаш рет келгенде күйеу жігіт алдымен достарымен бірге өзінің атын жіберетін болған. Аттың шылбырына тек қалыңдықтың сіңлісі немесе туысқанының қолы ғана тиюге рұқсат етілетін. Күйеу жігіттің атын байлағаны үшін оған «атбайлар» сыйлығы берілетін. Ыбырай Алтынсариннің жазуы бойынша, қалыңдық ауылының сыртында күйеу жігіт пен оның достары үшін бөлек киіз үй тігіліп, сол жерде  «ұрын той» өткізілген.

«Ұрын бару» – қазақ салттарының терең мазмұнды әрі айшықты салттарының бірі.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button