Жаңалық Редакция таңдауы Зерттеу

Жастардың 32,5%-ы басқа облысқа көшкісі келеді

«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы жүргізген әлеуметтік зерттеу нәтижелері жастардың 32,5%-ы республика көлемінде тұрғылықты жерін ауыстырғысы келетінін көрсетеді.

Сауалнамаға қатысқан жастардың 20,9% – ы жақын арада шетелге көшкісі келетінін немесе болашақта көшуге дайын екенін айтты. Бұл туралы «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының қолдауымен ұйымдастырылған «Жастар» ҒЗО сараптамалық пікіралмасу алаңында айтылды.

Респонденттердің 52,8%-ы тұрмыстық жағдайын жақсарту үшін, 32,5%-ы сапалы білім алу үшін қоныс аударуға дайын. Демек, жастар арасындағы көші-қон мәселесінің негізгі факторы – оқу мен ақша табу.

«Білім алу үшін шетелге көшуге дайынбыз» дейтіндердің 15,9%-ы шетелдегі ЖОО-ның рейтингі үшін, 66,9%-ы шетел көру, саяхаттау үшін, 22,9%-ы сапалы білім алу үшін, 17,8%-ы мансап үшін көшуге құмартып отыр.

Жүргізілген сауалнама нәтижелері бойынша ішкі еңбек көші-қоны сыртқы көші-қоннан едәуір асып түседі. Сұралғандардың 22,1%-ының өздері немесе туыстары басқа облыста жұмыс істейді.

2022 жылғы 4 ақпанда «Жастар» ҒЗО сараптамалық пікіралмасу алаңында орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар, қоғамдық бірлестіктер өкілдерінің, сондай-ақ ғылыми-сарапшылық қоғамдастық өкілдерінің қатысуымен «Жастар арасындағы миграциялық көңіл-күйі» тақырыбы бойынша отырыс өтті.

«Жастар» ҒЗО директоры Аян Сакошев өз сөзінде «Шекара маңындағы өңірлердегі жастардың оқу және еңбек көші-қонының ерекшеліктері» әлеуметтану зерттеуінің қорытындылары туралы, жастардың көші-қон көңіл-күйін, әсіресе шекара маңындағы өңірлерде анықтау мақсатында тұрақты негізде зерттеулер жүргізу қажеттігін атап өтті.

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Әлеуметтану зерттеулері бөлімінің аға ғылыми қызметкері Альшанская Анна еңбек нарығында жұмысқа орналасуда қиындықтарға тап болған жастардың санаттарын атап өтіп, жастарға арналған жұмыспен қамту бағдарламаларының әлеуметтік-экономикалық әсерін бағалау қажет екенін атап өтті.

«Ассамблея жастары» РҚБ төрағасы Жұмырбаев Тимур жоғары білімнің ерекшеліктері және олардың жастардың көші-қонына қалай әсер ететіні туралы айтып берді.

Жастардың бір облыстан екінші облысқа немесе өзге елге көше беруінің білім алу мен тұрмыстық қажеттіліктен де өзге себептері болуы әбден мүмкін. Бұл мәселе тұрақты һәм жан-жақты зерттеулерді, тереңдетілген сауалнама жүргізуді қажет етеді. Осы жұмыстардың нәтижесі бұл мәселенің негізгі және қосалқы себептерін анықтап берері сөзсіз.

Мәселенің салдарымен күресу, ақша табу үшін келесі облысқа немесе шетелге көше беруді тоқтату үшін құзырлы мекемелерге ұсынымдар әзірленіп, жолданады.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button