Жаңалық Редакция таңдауы

Кәсіпкерлер туралы 5 стереотип

Көп жылдар бойы кәсіпкерлікке қатысты түрлі жаңсақ пікірлер айтылуының басты себебі – тақырып бойынша зерттеудің аздығында.

  1. Кәсіпкерлердің бар ойлайтыны – ақша

Шын мәнінде, кәсіпорынның аман қалуы үшін капитал қажет. Жеткілікті қаржыландыру болмауына байланысты бизнесте түрлі сәтсіздіктер болып жатады. Алайда ақша – сәтсіздіктен сақтайтын жалғыз қорған емес. Жеткілікті қаржыландырудың болмауы – көбінесе басқа мәселелердің: басқарушылық қабілеттің, қаржылық сауаттың жетіспеуі, мардымсыз (жеткіліксіз) инвестиция, жоспарлаудың кемшіліктері және т.б. көрсеткіші. Көптеген табысты кәсіпкерлер ақша жетіспеушілігін жеңіп шығып, венчур бастады. Ондай кәсіпкерлер үшін ақша – мақсат емес, ресурс қана.

  1. Кәсіпкерлер – жолы болғыш адамдар

«Тиісті уақытта тиісті жерде» болудың артықшылығы күмәнсіз, бірақ «дайындық мүмкіндіктермен ұштасқанда ғана сәттілікке қол жеткізіледі» деген мәтелдің де жаны бар. Мүмкіндік туындаған кезде соған дайын болған кәсіпкерлер көбінесе «табысты» болып көрінеді. Шын мәнінде, олар жай ғана жағдайды жеңуге және табысқа жетуге дайындалды. Табысқа жетудің өзі – дайындық, табандылық, тілек, білім мен жаңашылдықтың ұштасуы.

  1. Кәсіпкерлік – берекесіздік пен хаос

Кәсіпкерлерді әуелі шаруасын тындырып алып, содан кейін сұрақ қоятын адам деп қарастыру үрдісі бар. Кейбіреулер оларды берекесіз, тәртіп пен жүйелілікті білмейді деп есептейді. Шын мәнінде, кәсіпкерлер өз кәсібінің барлық қырларын жете меңгерген.

Әдетте олар – тиянақты адамдар. Кәсіпкерлер өзі қалыптастырған болсын, басқалар жасаған болсын – жүйелілікке ұмтылады. Бұл жүйе басымдықтарды анықтау және дұрыс бағыт ұстану үшін оның жеке қасиеттеріне бейімделіп жасалады. Сырт көзге олардың жүйесі қызық болып көрінуі мүмкін, бірақ ол – жұмыс істеп тұрған жүйе.

  1. Кәсіпкерлік бастамалардың дені сәтсіз

Бұл мифтің жалпы мағынасы мынада: он жаңа венчурдің тоғызы сәтсіздікке ұшырайды. Фактілерге сүйенсек, олай емес екенін көреміз. Жылдар бойы статистикалық көрсеткіштер қателесіп келген. Зерттеуші Брюс Кирчхоффтың мәлімдеуінше, үнемі айтылатын «сәтсіздіктің жоғары көрсеткіші» қате болуы мүмкін. 1993 жылы Кирчхофф 1977 жылы ашылған 814 мың бизнесті қарастырып, нәтижесінде олардың 50%-дан астамын бұрынғы немесе жаңа иелері әлі күнге дейін жүргізіп отырғанын дәлелдеген. Ал 28% – бұрынғы жабылғандар, тек 18% ғана «сәтсіздікке» ұрынған, яғни өтелмеген міндеттемелері қалған. Одан бергі зерттеулерде де кәсіпорындардың сәтсіздікке ұшырауы мұншалықты деңгейде емес екені айтылады.

Табысқа қол жеткізбес бұрын, біраз сәтсіздікті басынан өткізетін кәсіпкерлер «Әлденеге бірден қол жеткізе алмасаң, қайта-қайта қасарыса алға ұмтылудан танба!» деген қағидаға сүйенеді. Шын мәнінде, үйренгісі келетін адамға сәтсіздік те сабақ болады және соның арқасында болашақ табыстарға жол ашылады. Мұны әр жаңа пайда болған венчурмен бірге бұрын байқалмаған жаңа мүмкіндіктер пайда болады дейтін дәліз принципінен байқай аламыз.

  1. Кәсіпкерлер – ерекше тәуекелшіл адамдар

Кәсіпкерлік процестің негізгі элементі – тәуекел тұжырымдамасы. Алайда кәсіпкер қабылдайтын тәуекелді көпшілік сәл өзгеше түсінеді. Сырт көзге кәсіпкер «құмар ойын ойнаушы» сияқты болып көрінгенімен, шындап келгенде, ол – «есептелген» тәуекелге ғана баратын адам. Көптеген кәсіпкерлер жоспарлау мен дайындық кезеңінде көп жұмыс атқарады, сол арқылы тәуекел қаупін азайтады және өз көзқарастарының жүзеге асуын қадағалайды.

Осы аталған стереотиптер қазіргі заманғы кәсіпкерлік жөніндегі негізгі түсінікті қалыптастыру үшін келтірілді. Фольклорға шолу жасау арқылы біз кәсіпкерлік процесті зерделейтін қазіргі заманғы теорияларды сыни зерттеудің іргетасын қаладық.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button