ЖаңалықРедакция таңдауы

Қаңтар оқиғасы жайлы құзырлы органдар не дейді?

9 наурыз күні өткен Мәжілістің жалпы отырысында депутат Жанарбек Әшімжан құзырлы органдар «қаңтар қасіретіне» байланысты қоғам сұрақтарына жауап беруі керек екенін айтып, сауал жолдаған болатын. Өз кезегінде Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бұл бастамаға қолдау білдірді.

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет және басқа да мемлекеттік орган басшылары «қаңтар оқиғасына» қатысты тергеу барысы туралы  «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының сауалына жауап берді.

Ең алдымен, сауалдарға ҚР Бас прокуроры Берік Асылов: «Қазақстан өзінің тәуелсіздігінде мұндай қатыгездікке алғаш рет тап болды. Митингілер бастапқыда бейбіт болғаны өздеріңізге белгілі. Бірінші қаңтардан бастап Батыс өңірдегі тұрғындар газ бағасын төмендетуді талап етті. Яғни ешқандай саясат болған жоқ, таза әлеуметтік-экономикалық талаптар қойылды. Өңірге жедел түрде жолдаған Үкімет комиссиясы газ бағасына қатысты талаптарды қанағаттандырды. Осыған қарамастан, Алматы, Шымкент және басқа өңірлерде адамдар көшеге шықты. Солардың жалпы саны екі күнде 50 мыңнан асты. Тәртіпсіздік кезінде шабуыл жасағандардың саны бірнеше есе көп болуынан құқық қорғау органдарының қызметкерлері агрессияны тоқтата алмады. Өздеріңіз кадрлардан көргендей, 18-20 жастағы полицейлер мен сарбаздарды қатыгездікпен соққыға жықты. Күш құрылым қызметкерлері арасында 3,5 мыңға жуығы жарақат алды немесе сол күндері жарақаттанғандардың 80 пайызы құқық қорғау органдарына тиесілі. Және Қаңтар оқиғасы кезінде ҰҚШҰ әскері лаңкестікке қарсы операцияға қатысқан жоқ, олардың басты мақсаты стратегиялық маңыздағы нысандарды қорғау болды», – деп жауап берді.

Сонымен қатар, Бас прокурор: «Мемлекет басшысы құқық қорғау және арнаулы органдарға қаңтар оқиғасы себептерін егжей-тегжейлі тергеп, тексеруді тапсырды. Ведомствоаралық жедел тергеу тобы 4 бағытты пысықтауда. Бірінші, Ұйымдастыру және қатысу. Жаппай тәртіпсіздіктер бойыныша 44 қылмыстық іс тексеріліп жатыр. Ақтөбе және Жамбыл облыстарында 9 ұйымдастырушы қамауға алынды. Олар тәртіпсіздіктерге, мемлекеттік және коммерциялық нысандарды қиратуға шақырды деген күдікке ілінді. Тәртіпсіздіктерге қатысушыларға қатысты 15 қылмыстық іс қозғалды. Осы істер бойынша 527 адам күдікті ретінде өтуде. 278 адам қамауға алынды. Екінші. Терроризм актілері бойынша 46 қылмыстық іс тергелуде. Барлық айыпталушылар бойынша жедел іздестіру шаралары жүргізілуде», – деді.

«Ел бойынша барлығы 230 адам қаза тапты, оның ішінде 19 әскери және күш құрылымдары қызметкері бар. Алматы қаласында ең көп адам қаза тапты, олардың саны – 139 адам.

Бүгінгі таңда әкімшілік ғимараттардың шабуылына тойтарыс беру кезінде және құқық тәртібін жүргізу барысында 86 шабуылдаушының көзі жойылғаны анықталды.

Қайтыс болған 53 адамның өлімінің мән-жайы анықталуда. Олар қала аумағында түрлі жарақаттармен, соның ішінде 48 оқ жарақатымен, 2 пышақ жарақатымен табылды, 3 адамның денесінен күйік және басқа жарақаттар анықталды.

Бүгінгі таңда біз 20 азаматтың атысқа кездейсоқ тап болып, қайтыс болғаны туралы нақты білеміз. Оның 11-і Алматы қаласында, 8-і Алматы облысында және біреуі Тараз қаласында», – дейді  Берік Асылов.

 «2020 жылы «Бейбіт жиналыстар туралы» жаңа Заң күшіне енді. Митинг ұйымдастыру процесі «рұқсат беру» жүйесінен «хабарлама» қағидатына көшті. Осыған орай, полицияның қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету әдістері өзгерді. Полиция қызметкерлері митинг өтетін аумаққа жақын жерде орналасады. Қару мен арнайы құралдарды қолданбайды. Жиналғандармен тікелей қарым-қатынасты тек әкімдік өкілдері ғана жүзеге асырады», – деді ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов.

Оның айтуынша, қаңтар оқиғалары кезінде қаржы ұйымдары, банктер, сауда орталықтары, дүкендер тоналды. Нәтижесінде 1 700 азамат пен бизнес субъектілері зардап шекті. Жалпы шығын сомасы 100 млрд теңгеден асты. Қару-жарақ дүкендеріне, полиция бөлімдеріне, басқа да мемлекеттік органдарға шабуыл жасау барысында 2 800-ден астам қару-жарақ пен оқ-дәрілер ұрланды.  Оқиға кезінде ұрланған 1 215 қару және 22 мың оқ-дәрі қайтарылды. Және де азаматтар ерікті түрде 120 қару тапсырды.

«Заңсыз қаруды, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды өз еркімен тапсырған адамдар не әкімшілік, не қылмыстық жауапқа тартылмайды. Бұл заңмен көзделген. Сондықтан табылған қару-жарақты полицияға тапсыруға шақырамын», – деп мәлімдеді министр.

Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр қаңтар оқиғасы кезінде нұқсан келген нысандар қашан қалпына келтірілетінін туралы айтты.

«Қаңтар оқиғасы кезінде еліміздің 8 облысында мемлекеттік органдардың 42 ғимараты зардап шекті. Бұл Алматы, Шымкент, Жамбыл, Қызылорда, Атырау, Ақтөбе және Шығыс Қазақстан облыстарының қалалары.

Келтірілген шығынның жалпы сомасы шамамен 30 млрд теңгені құрады. Оның ішінде 28 млрд теңге республикалық бюджеттен 18 нысанды қалпына келтіруге жұмсалды.

Нәтижесінде 28 ағымдағы жөндеу, сондай-ақ 14 ғимаратқа күрделі жөндеу және қайта жарақтау қажет екені анықталды. Бүгінгі таңда 21 нысанда ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталды. Наурыз айының соңына дейін 5 ғимаратқа, қалған 2 нысанға мамыр және маусым айларында жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Күрделі жөндеу және қайта жарақтауды қажет ететін 14 мемлекеттік нысан бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Кестеге сәйкес 7 ғимарат бойынша жұмыстар наурыз айында, 5 нысан бойынша ағымдағы жылдың маусым айында аяқталады», – деді Ромен Скляр.

«Күш құрылымдардың қызметкерлеріне қатысты 234 қылмыстық іс тергеліп жатыр. Қаңтар айындағы оқиғалардан кейін, құқық қорғау органдарына күштік құрылымдардың қызметкерлерінің әрекеттеріне қатысты арыздар келіп түсе бастады. Аталған арыздар бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке прокуратурадан және Ішкі істер министрлігінен 125 қылмыстық іс келіп түсті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 109 арыз бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Нәтижесінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 234 қылмыстық іс бойынша тергеу жүргізіп жатыр.  Арнайы прокурорларға адамның қайтыс болу фактісімен тіркелген 8 қылмыстық іс берілді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет құқық қорғау органдары қызметкерлерінің заңға қарсы әрекеттері туралы куәландыратын объективті деректер анықталмағандықтан іс-әрекетте қылмыс құрамының болмауына байланысты 7 қылмыстық істі тоқтатты», – деп баяндады Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Олжас Бектенов.

Сонымен қатар, Мәжілістің жалпы отырысында қаңтар оқиғасына қатысты мәселелер бойынша құзыретті орган өкілдеріне депутаттар тарапынан қосымша сауалдар қойылып, қойылған сұрақтарға жауап берілді.

Басқа материалдар

Back to top button