Жаңалық Редакция таңдауы

Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мейрамы

Наурыз – әлем халықтары уақыттың жаңаруын алғаш әйгілеп, адамзатқа дәстүрлеген бірден бір әуелгі мереке. Бұл жоралғының аталуы мен «Наурыз» дәстүрінің таралу аймағына қарағанда, оның адамзаттық жыл мерекесі екенін мойындау керек. Алайда, бұл рәсім әр заманда, әр елде түрлі саясат пен діни идеологияның бұрмалауы мен құрсауына, адамзат тарихының аласапыранына ұшырап, алуан мазмұнға түскен, түрлі пошым мен түрге ие болған.

Ш.Құдайбердіұлы мен М.Көпейұлының жазуынша, наурыз мейрамы бұрынырақта «Ұлыс» аталған. Алайда , бұл сөздің Шыңғыс хан дәуірінен бері келе жатқан қазақтағы хандықтың әкімшілік бөлініс бірлігін білдіретін «ұлыспен» қаншалықты байланысы барын тап басып айту қиын. Бәлкім, наурызға қатысты «ұлыс» сөзі Т.Өмірзақов тұжырымдағандай, ескі түркіше «ғаламдық жаратылыс күні» деген ұғымды беретін болар. Бәлкім, жалпы «ұлыс» сөзі біз ұғып жүргендей «ел», «аумақ», «облыс» дегенді білдіретін мемлекеттік бөліністің атауы емес, «Көктің не жаратылыстың бұйырымы» деген ұғым болуы да ғажап емес.

Сайып келгенде, Ш.Құдайбердіұлы мен М.Көпейұлының келтірген қазақтың Наурызды «Ұлыс» атайтындығы және этнограф А.Сейдімбектің «Ұлыс таңы» тіркесін халық ауызынан келтіруі, шынында да, халқымыздың бұл ардақты мейрамға басты орын беріп, оны Жаратқанның ұлы ісіндей танып, сенгендігіне ден қойған абзал. Демек, Наурыздың қазақ халқы тарапынан он сегіз мың ғалам тарапынан орын алатын ұлы құбылыс ретінде қабылданып, оның қазақы тағы бір атауы – «Ұлыс» болғаны. Және бұл атау, аталмыш рәсімдік мерекенің мазмұнын барынша аша түсетіндей.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button