Жаңалық Редакция таңдауы

Ұлы дала саяхатшылары: папа елшілерінен бастап, Ресей революциясына дейін

ҚР Ұлыбританиядағы Елшілігі және «QazaqGeography» РҚБ ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында британдық жазушы және саяхатшы Ник Филдингтің «Ұлы дала саяхатшылары: папа елшілерінен бастап, Ресей революциясына дейін» кітабының қазақ және орыс тілдеріндегі шығарылымдары таныстырылды.

Кітаптың тұсаукесер рәсімі үшін автор арнайы Қазақстанға келді.

Кітаптың ағылшын тіліндегі нұсқасы Ұлыбританиядағы ҚР Елшілігінің қолдауымен жарық көрген және 2020 жылы Лондондағы Корольдік географиялық қоғамда таныстырылған еді. Алматы облысының әкімдігі және Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшілігінің бастамасымен қазақ және орыс тілдеріндегі жаңа басылымдары 2021 жылы аударылып, жарияланды.

Айта кетейік, Ник Филдинг – 2015 жылдың қараша айында Виктория дәуірінің зерттеушілері Томас пен Люси Аткинсон туралы «Ұлы даланың оңтүстігіне: Томас пен Люси Аткинсонның Шығыс Қазақстан бойынша 1847-1852 саяхаттары» атты кітап шығарды. 2020 жылдың желтоқсан айында Шоқан Уәлихановтың ағылшын тіліндегі «Selected Works of Chokan Valikhanov» (Кембридж университетінің баспасы) таңдамалы шығармалар жинағының редакторы болды. Ол сонымен қатар «Сібір даласы» атты Аткинсон блогын жүргізеді.

Тұсаукесерге Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі Ерлан Ыдырысов, «QazaqGeography» басқарма Төрағасы Орман Нұрбаев, Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі Кэти Лич, шетелдік дипломатиялық корпустың өкілдері, қазақстандық тарихшы-ғалымдар, этнографтар, өлкетанушылар қатысты.

Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі Ерлан Ыдырысов кітаптың Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай таныстырылғанын атап өтті. Іс-шара барысында кітап авторы қонақтарға Ұлы Дала еліне саяхат жасау кезіндегі зерттеушілердің ең қызықты әңгімелерімен бөлісіп, естелік фотосуреттерін ұсынды.

Еуропа мен Азияның түйіскен жерінде орналасқан қазіргі Қазақстанның аумағы әрдайым зерттеушілердің, көпестер мен саяхатшылардың назарын аударғаны құпия емес. Өйткені көшпенділер даласы арқылы аты аңызға айналған «Жібек жолы» өткен. Олардың ішінде Жібек жолын солтүстікке бағыттауға тырысқан алғашқы Британдық саудагерлер Энтони Дженкинсон мен Джонас Хэнуэй және дала хандарын христиан дініне бұруға ұмтылған папалық эмиссарлар болды.

Н.Филдинг өз кітабында олардың қызықты оқиғаларын баяндап, Адель Оммер де Гелл, Люси Аткинсон және Мари де Уйфальви-Бурдон сияқты қазақ жерлерін зерттеген көрнекті саяхатшы әйелдер туралы баяндаған.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button