Жаңалық Редакция таңдауы

12 сәуір – Дүниежүзілік авиация және ғарышкерлер күні

Бүгін - халықаралық ғарышкерлер күні. 1961 жылы 12 сәуірде тұңғыш ғарышкер – Юрий Алексеевич Гагарин ғарышқа қазақ жеріндегі «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ұшты.

Осыдан тура 61 жыл бұрын, яғни 1961 жылдың 12 сәуірінде таңғы сағат 09:07-де Кеңес Одағы қазақ жеріндегі Байқоңыр ғарыш айлағынан әуе кеңістігіне «Восток» кемесін аттандырды. Ол кемеде әлем тарихындағы орбитаны бойлай ұшқан тұңғыш ғарышкер, аға лейтенант Юрий Алексеевич Гагарин болған еді. Жерден мыңдаған шақырым алыс ұшқан оның сапары дәл сол кезең үшін рекордтық көрсеткіш болды. Сапар 1 сағат 48 минутқа (108 минут) созылды.

Дүниежүзілік авиация және ғарышкерлер күніне халықаралық мәртебе 1968 жылы Халықаралық авиация федерациясының конференциясында берілді. 2011 жылдан бастап оған тағы бір атау қосылды – Адамның ғарышқа ұшуының халықаралық күні (International Day of Human Space Flight).

Қазақстандағы ғарыштық зерттеулер қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіровтің ұшуымен тікелей байланысты. 1991 жылы 2 сәуірде Кеңес Одағы Ғарышкерлер даярлау орталығында ғарышқа ұшу дайындығынан өткен Тоқтар Әубәкіров сол жылы 2 қазанда Байқоңырдан «Союз ТМ-13» кемесімен ғарышқа аттанды. Ғарыш кемесі жер төңірегіндегі «Мир» орбиталық кешенімен түйісті. Онда ол өзге ғарышкерлермен бірге биотехнология, металлургия, медицина салалары және Арал аймағы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді.

Екінші ғарышкер Талғат Мұсабаев ғарышқа үш рет ұшты. Ол 1994 жылы 1 шілдеде «Союз ТМ-19» экипажының борт инженері ретінде ғарыш сапарына аттанды. Оның әр жылдардағы ғарыштық экспедицияларының жалпы ұзақтығы бір жылға жуық уақытты құрады. Талғат Мұсабаев 2001 жылғы ғарыш сапарында Америка Құрама Штатының миллионері, ғарышкер-турист Денис Титомен бірге ұшты.

Сонымен қатар, 2015 жылдың қыркүйек айында қазақ елінің үшінші азаматы Айдын Айымбетов ғарышқа ұшты. Ол Қазақстан атынан халықаралық экипаж құрамында ғарышты бағындырған Тұңғыш ғарышкер-ұшқыш. Қазақстан Республикасының «Халық қаһарманы». Ғарыш әлемінде болған 9 күн, 20 сағат, 13 минутта тапсырылған ғылыми жұмысын, әсіресе Каспий теңізі мен Арал көлі маңының экологиялық жағдайына байланысты зерттеулерін жүргізді. Біздің ғарышкерлер әлемдік деңгейде қазақстандық ғылымның жоспарланған ғарыштық эксперименттерін орындап қана қоймай, басқа мемлекеттердің ғарыш саласындағы ғылыми бағдарламаларын орындауда тең құқылы әріптестер болды.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button