Жаңалық Редакция таңдауы

Жер жаһанның маржаны қай жер?

Қазақстанда табиғат шеберлікпен үйлестіріп, жомарттықпен бере салған таңғажайып көрікті орындар аз емес. Соның бірі – Көлсай көлдері. «Қазақстанның туристік маршруты» айдарының бүгінгі саны осы Көлсай көлдері жайлы болмақ.

Табиғаттың шеберлігі соншалықты көлді жағалай өскен қарағайлар құдды бір адам қолымен егілгендей. Көлсайда болғандардың барлығы оны «жер жаһанның маржаны» деп ешқашан ұмытпайды. Мұнда биік тау да, тамылжыған ландшафт, сирек кездесетін аң-құс та бар.

Солтүстік Тянь – Шянь маржандары атанған көрікті Көлсай көлдері Күнгей Алатау жотасында орналасқан. Бұл көлдердің пайда болу тарихы шамамен 1887 жылы және 1911 жылдар аралығы. Көлдер тектоникалық жағдайлармен Қайыңды және Көлсай өзендерінің арналарында пайда болды. Көлсай өзенінің ағымында үш көл орналасқан: Жоғарғы Көлсай, Ортаңғы Көлсай, Төменгі Көлсай.

Жоғарғы Көлсай көлі теңіз деңгейінен 2650 метр жоғары орналасқан, ұзындығы- 580 метр, ені – 190 метр, көлдің аумағы – 180 мың шаршы метр, тереңдігі 24 метр.

Ортаңғы Көлсай теңіз деңгейінен 2280 метр жоғары орналасқан, ұзындығы – 1180 метр, орта ені – 298 метр, ең кең жерлері 800 метрге дейін барады. Көл қисық сопақша пішінді. Көлдің аумағы 343 мың шаршы метр, тереңдігі – 57 метр.

Төменгі Көлсай көлі теңіз деңгейінен 1800 метр жоғары орналасқан, Көлсай өзенінің сағасынан 8,5 км. Көл пішіні өзен ағымының бағыты бойынша созылып жатыр, ұзындығы – 1520 метр, орта ені – 222 метр, көлдің аумағы 33 мың шаршы метр, тереңдігі 75 метр.

Көрші сайда ертегіге ұқсас әдемі Қайыңды көлі бар, ол теңіз деңгейінен 867 метр жоғары орналасқан. Қайыңды көл 1919 жылғы жер сілкінісінен пайда болған. Су тар сайды толтырып, шыршалы орманды басып кетті. Соның салдарынан Қайыңды көлінің бетіне шыршаның шығып тұрған діңгектері әлі сақталған, ол көлге өзінше бір сән беріп тұр.

«Көлсай көлдері» ұлттық пар­кінде 226 – ға жуық жануарлар түрі кездеседі. Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енген сүтқоректілердің 6 түрі, құстардың 13-түрі бар. Омыртқалы жануарлардың ең көп санын құрайтын құстар әлемі. Орманда мекендейтін 82 түрі кездеседі. Омыртқасыздардың 3 түрі, қосмекенділердің 3 түрі, бауырмен жорғалаушылардың 2 түрі кездеседі. Жәндіктердің 735 түрі бар.

Өсімдіктер әлемі биологиялық көптүрлілігімен ерекшеленеді, мұнда 704 түрлі өсімдік кездеседі. Эндемиктер тобына 29 түрлі өсімдіктер кіреді. Оның ішінде ҚР Қызыл кітабына енген 12 түрі кездеседі.Олар: күнгей жусаны, жалтыр жанаргүл және т.б.

Демалушылардың көбі үш Көлсай көлінің бар екенін біле бермейді. Келушілердің басым бөлігі​ бірінші Көлсайдың көркем табиғатын көріп, суретке түсіп, таза ауасымен тынығып, қайықпен серуендеп қайтады. Екінші Көлсайға тек атпен немесе жаяу жүріп ғана жете аласыз. Ну орман арқылы тас-тас, түрлі кедергілерді жүріп өту адамға кереметтей әсер сыйлайды. ​

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button