ЖаңалықРедакция таңдауы

Жаратылысы жұмбаққа толы — Шайтанкөл

«Қазақстанның құпияға толы мекені» айдарымыздың бүгінгі санында Қарқаралы табиғатының ең бір сұлу өлкесінің бірі, талай ақынның сезімін тербеп шабытын оятқан, жаратылысы жұмбаққа толы көл — Шайтанкөл туралы айтамыз.

Шайтанкөл Қарағанды облысы Қарқаралы қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 5 шақырым жерде, Бұғылы тауында орналасқан. Көл таудың ұшар басында, теңіз деңгейінен 1100 метр биіктікте. Көлдің ұзындығы 60, ені 40 метр болса, тереңдігі жайлы мәліметтер жоқтың қасы. Қайбір жылы шетелдік ғалымдар арнайы аппарат түсіріп, көл тереңдігін тексермекші болған. Онысы 500 метрден асыпты,-дейтін қаңқу сөз бар. Шайтанкөл суы мөлдір, түбі тастақ, ешқандай ағын су келіп қосылмайды.

Шайтанкөл жайлы ел арасында айтылған аңыз да, әфсана да жетерлік. Қарқаралы жұртшылығының айтуынша, «көлге түнде жан бітеді». Осы бір табиғат құдыретінің жанында түнегендер беймәлім құбылыстарға куә болып, тылсым күштердің бар екендігін аңғарады. Өлкетанушылардың деректеріне сүйенсек, көлді басқа емес, әулие Жиренсақалдың өзі солай деп атаған дейді. Ал, тағы бір деректерде Әулиекөл кейіннен, яғни, ХІХ ғ. соңы мен ХХ ғ. басында, Қарқаралы қаласының маңайына Ресейден қоныстанушылар келе бастағанда «Шайтанкөл» деп атала бастаған.

Жергілікті тұрғындар, таудың ұшар басында, бастауы жоқ, ағын су келіп қосылмаса да суы ортаймай бір қалыпта тұратын, өзі де ешқайда ақпайтын, кейбір көлшіктер тәрізді жаздың ыстығында суы иістенбей, сап-салқын болып жаңарып тұратын қасиетіне қарап суына келіп беті-қолдарын жуып, емдік қасиеті бар деп санаған.

Шайтанкөл туралы аңыздардың біріне тоқталсақ:

«Баяғыда бұл көлді әулие мекендеген, суына беті-қолын жуған деп жұрт киелі су санапты. Жұма сайын қожа-молдалар бастаған байлар келген екен. Жағасында Құдайға арнап мал сойып, Құран оқытады. Сол кезде Торсықбай дейтін қу болған. Бірде ол әлгіндей топтың үстінен шығады, құрбанға шалынған малдың мол етінен қарбыта асап, сары қымыздан сылқыта жұтармын деп ойлайды. Бірақ жуандар жыртық ша­панды кедейді табаққа жолатпайды. Бұған қорланған қу ішінен «тұра тұрыңдар, бәлем!» деп кете барады.

Бір күні әлгілер көлдің басына тағы жиналады. Шартық қарын шүй желкелер мол табақты алдарына енді ала бергенде жақын жерден үрейлі үн шығады. Артынан үсті басы жалбыр-жабыр, түрі адам шошырлық бір мақұлық шығып, үрейлі дауысын үдете отырып, жиналған қауымға қарай жүгіреді. Үрейі ұшқан қожа-молдалар күбірлеп дұға оқиды, бірақ әлгі мақұлық та тайсалмайды, дауысын құбылтып, құтырынып жақындай береді. Сол кезде қатты үрейі ұшқан бір бай орнынан ұшып тұрып, көзі алақтап:

-Ойбай, шайтан!-деп төмен қарай зыта жөнеледі. Қорқып отырған жұрт орындарынан қопарыла тұрып, тым-тырақай қашады. Оларды шайтан боп үркітіп жүрген Торсықбай еді. Ешкі терісінен жасаған кепті шешіп тастап, «пісмілда» деп, жайрап қалған асты жей бастайды. Содан бері әулиекөл осылай Шайтанкөл болып аталып кетіпті».

Әулиекөл-Шайтанкөлдің алып жатқан аумағы Қарқаралы мемлекеттік ұлттық саябағының Таулы орман аймағына кіреді. Көлдің ғылыми, тарихи, туристік маңызы зор. Бүгінгі күнде жылдың әр мезгілінде, әсіресе, жаз айларында шет мемлекеттерден, еліміздің әр түкпірінен  саяхатшылар, туристер, зерттеушілер көптеп келеді.

 

Фотосуреттер ғаламтор беттерінен алынған.

 

Басқа материалдар

Back to top button