ЖаңалықРедакция таңдауы

ҚР БҒМ тегін ҰБТ сынақ тестілеуін іске қосты

ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығы ҰБТ-ға дайындалу үшін тегін сынақ тестілеуін іске қосты. Тестілеуден орталықтың сайтынан https://prob-ent.testcenter.kz/ сілтемесі арқылы онлайн режимінде өтуге болады.

Ол үшін тестіленуші алдымен ЖСН енгізіп, бейіндік пәндер комбинациясын таңдап, сынаққа қатыса алады.

Сынақ тестілеуі талапкерлерге тестілеуге дайындығын жақсартуға және қандай тақырыптарды тереңірек зерделеу керегін түсінуге көмектесу үшін жасалған.

«Министрлік тек тестілеу кезінде ғана емес, оның басталуына дейін де қолайлы жағдай жасау үшін тұрақты жұмыс жүргізіп келеді. Сондықтан талапкерлерге ыңғайлы болу мақсатында біз ҰБТ-ға дайындалу үшін онлайн сынақ тестілеуді іске қостық. Бұл жүйе барлық талапкерге тегін негізде қолжетімді. Сынақ тестілеуінен өту кезінде талапкер тест тапсырмаларымен танысуға және таңдалған пәндер бойынша өзінің білім деңгейін тексеруге мүмкіндігі бар. Сондай-ақ биыл ерекше қажеттіліктері бар балаларға арнайы жағдай жасалып отыр. Оларға ҰБТ тапсыру кезінде қосымша 40 минут қосылды. Одан бөлек, биыл ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін алғаш рет суретсіз, сызбасыз және диаграммасыз тапсырмалар әзірленді», – деп айтты ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.

Биылғы ҰБТ-ның тағы бір жаңалығы және балалардың өз білімін шыңдауына үлкен мүмкіндік – әр пәнге жеке тақырыптық талдау жүргізу. Сондай-ақ ҰТО ҰБТ-ға дайындық бойынша тегін онлайн сабақтардың санын көбейтті. Сонымен қатар былтырдан бастап талапкерлерге калькулятор, Менделеев кестесін және тұздың ерігіштік кестесін пайдалануға рұқсат етілді.

Онлайн сынақ тестілеуі Ұлттық біліктілік тестілеуін тапсыратын педагогтер үшін де қолжетімді. Сынақ тестілеу технологиясы негізгі тестілеуге сәйкес келеді, яғни педагогтер 2 блок бойынша тест тапсырады. Оның көмегімен мұғалімдер өздерінің біліктілік деңгейлерін тексеріп, негізгі біліктілік сынағына дайындала алады. Мұғалімдер ҰТО сайтында https://prob-nqt.testcenter.kz/ сілтемесі арқылы сынақтан өте алады.

 

Басқа материалдар

Back to top button