Редакция таңдауы

«Sarap» эксперттері Жаңа Қазақстанды құрудағы референдумның рөлін талқылайды

2022 жылғы 3 мамырда сағат 15.00-де Нұр-сұлтан қаласы Қазақстандық қоғамдық даму институтының алаңында «Sarap» эксперттік клубының «Референдум 2.0: эксперттік пікір» тақырыбында отырысы өтеді. Іс-шараны ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ ұйымдастырады.

29 сәуірде Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXI сессиясында сөйлеген сөзінде Конституцияға өзгерістер енгізу жөнінде референдум өткізуді ұсынды.

«Жұмыс тобы Ата Заңның 33 бабына түзетулер әзірледі. Бұл – тұтас Конституцияның үштен бір бөлігі. Осы өзгерістерді енгізу туралы заң жобасы Конституциялық кеңестің қарауына жіберілді, жақын арада шешімін шығарады. Алдағы ауқымды әрі маңызды өзгерістер ел болашағына айрықша әсер етеді. Сондықтан мен Ата заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде республикалық референдум өткізуді ұсынамын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент өз сөзінде Қазақстанда соңғы рет референдум 1995 жылы қазіргі Конституция бекітілген кезде өткенін еске салды.

«Одан кейін «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заң қабылданды. Бірақ содан бері Конституцияға төрт рет өзгертулер енгізілгеніне қарамастан, ол іс жүзінде қолданылған жоқ. Конституцияны жалпыхалықтық дауыс беру арқылы өзгерту халық қалауының айқын көрінісі болады деп есептеймін».

Іс-шараға қоғам қайраткерлері, мемлекеттік органдардың өкілдері және ҚҚДИ сарапшылары қатысады.

Отырысқа қатысушылар референдумның Жаңа Қазақстанды құрудағы негізгі рөлін қарастырады, сондай-ақ дауыс беру қорытындылары елдегі қоғамдық-саяси жағдайға қалай әсер ететініне талдау жасайды.

Модератор: «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ Басқарма Төрағасының кеңесшісі Самат Нұртаза.

Күні: 3 мамыр 2022 ж.

Уақыты: 15:00

Мекен-жайы: Қабанбай батыр даңғылы 11/5, Нұрлы-Орда БО, 6 қабат (конференц-зал)

БАҚ өкілдері сараптамалық талқылауға тыңдаушы ретінде қатыса алады.

Журналистерді аккредиттеу сұрақтары бойынша 8-771-123-30-30 нөміріне хабарласуға болады

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button