Жаңалық Редакция таңдауы

12 мамыр - Халықаралық медбикелер күні

Медбикелердің кәсіби мерекесі дәл осы күні тектен текке атап өтілмейді. Бұл күні Англия елінің азаматшысы, медбике Флоренс Найтингейл (Florence Nightingale) дүниеге келген. Ол Қырым соғысында (1853—1856) өзі сияқты медбикелердің басын қосып, дүние жүзі бойынша тұңғыш қайырымдылық қызметін ашты. Қайырымдылық қызмет аясында олар соғыс кезінде жараланған азаматтарға алғашқы дәрігерлік көмек көрсетіп, ем-дом шараларын өткізген. Медбикелер тәулік бойы Түркия мен Қырым ауруханаларында оққа ұшқан жауынгерлерді емдеп, өлімнен арашалап, аяқтарына тұрғызған. Игі көмектері үшін оларға әр кез құрмет көрсетіліп, орасан зор алғыс білдірілетін. Флоренс Найтингейл ашқан қайырымдылық қызмет арқасында жауынгерлер өлімінің көрсеткіші 42%-дан 2%-ға дейін төмендетілді. Майданнан кейін өз еліне қайтқан Флоренс Найтингейл әскери медицина қызметін құрып, бар жергілікті медициналық мекемелерде ауа желдеткіштері мен су құбырларының орнатылуын талап еткен. 1860 жылы ол алғашқы медбикелердің қайырымдылық мектебін ашты.

Халықаралық медбикелер күнін атап өту шарасы алғаш рет 1953 жылы басталған-ды. Бірақ, 1965 жылдың қаңтар айында ғана бұл күн ресми түрде тіркеліп, дүниежүзілік мәртебеге ие болды. Бұл күні әлемнің 141 мемлекетінің медбикелері бас қосып, Халықаралық медбикелер кеңесінің (International Council of Nurses) негізін қалаған болатын. Медбикелер кеңесі 1974 жылы Халықаралық медбикелер күнін 12 мамырда, яғни қайырымдылық қызметтің қазығын қаққан Флоренс Найтингейл туған күнінде атап өту керек деген шешімге келді. Содан бері әр жылдың 12 мамырында дүниежүзі бойынша Халықаралық медбикелер күні атап өтіледі.

Әр екі жыл сайын Халықаралық Қызыл Крест және Қызыл Жарты Ай қозғалысы ең үздік 50 медбикеге Флоренс Найтингейл атындағы медальдарды тапсырады.

Ақпарат дереккөзі: massaget.kz

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button