ЖаңалықРедакция таңдауы

Биыл қанша түлек мектеп бітіреді?

2022 жылы 170 мыңнан астам түлек мектеппен қоштасады. Соңғы қоңырау 25 мамырда соғылады. ҚР Білім және ғылым министрлігі «ТҮЛЕК 2022 – Жаңа Қазақстанның ертеңі» бітіру іс-шараларын өткізу бойынша ұсыныстар дайындады.

«Соңғы қоңырау – бұл мұғалімдер мен оқушылар оқу жылының қорытындысын шығарып, білім алушылардың жетістіктерін атап өтетін көңілді әрі маңызды оқиға. Соңғы қоңырау міндетті түрде мектеп қабырғасында ұйымдастырылуы керек. Білім беру ұйымдары барлық қажетті ұсыныс мен нұсқауды алды. 2022 жылы елімізде 3,5 млн-нан астам оқушы үшін соңғы қоңырау соғылады. Биыл «Алтын белгі» төсбелгісіне 8 139 түлек үміткер. Тағы қоса кетерім, жыл сайын 1 қыркүйек немесе 25 мамыр қарсаңында қоғамда «Мұғалімге гүл сыйлауға бола ма және бұл заң бұзушылық болып саналмай ма?» деген сұрақ туындайды. Біздің ұстанымымыз – иә, болады. Бұл жақсы дәстүр ғой», – деді Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Гүлмира Кәрімова.

Республиканың барлық жалпы білім беретін мектебінде соңғы қоңырау мерекесін бір мезгілде өткізу жоспарланып отыр. Оған мектептің педагогикалық ұжымы, түлектер және олардың ата-аналары, педагогикалық еңбек ардагерлері, қамқоршылық кеңес мүшелері, демеуші ұйымдардың, Білім және ғылым министрлігі мен облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары білім басқармаларының өкілдері, білім бөлімдері, мүдделі мемлекеттік органдар және т.б. қатыса алады.

Мектеп бітіру кешін білім беру ұйымы өзі ұйымдастырып, өткізуі керек.

Рұқсат етілмейді:

– аниматорларды, мерекелік агенттіктерді, әртістерді, мерекелік іс-шараларды өткізу үшін ақылы жеке студияларды тартуға;

– мерекелік дастархандар жаюға;

– жалға берілетін автокөліктерді тарта отырып, қала (аудан) бойынша экскурсиялар өткізуге;

– мектеп әкімшілігі мен мұғалімдерге сыйлықтар алу үшін қаражат жинауға;

– ойын-сауық мекемелерінде бітіру кештерін ұйымдастыруға.

Қазақстанның барлық мектебінде «Соңғы қоңырау» мерекесі 2022 жылғы 25 мамырда өтетінін еске сала кетейік. Ал аттестатты салтанатты түрде тапсыру рәсімі 2022 жылғы 16-17 маусымда өтеді.

Басқа материалдар

Back to top button