Сұхбат Редакция таңдауы

Айгүл Қанатқызы: «Біздің мұғалімдерге талпыныс керек»

«Ұстаз бала жанының бағбаны» деген мақал бекер айтылмаған. Ұрпақ тәрбиесімен қатар, сапалы білімді сабағына арқау еткен мұғалім еңбегі қаншалықты екені тәптіштеп түсіндіруді қажет етпейді.

Заман талабына сай ұстаздар әрдайым ізденіс үстінде жүріп, жаңа бағытта білім беруге тырысады. Жаңаша білім беру — жаңа білім мен дағдыны меңгерген, шығармашылық қабілеті жоғары, дербес ізденіс нəтижесінде елеулі мəселелердің шешіміне қол жеткізетін, ойлау қабілетімен ерекшеленетін тұлғаны қалыптастыруды көздейді. Осындай мақсаттағы ұстаздардың ең бірінші үйренетіні ол шет тілдері екені анық. Оқушыларға сапалы білім беру үшін еңбек етіп, әр жыл сайын балалардың көкжиегін шетелге шығып шындап келуге мүмкіндік сыйлап жүрген адам, бүгінгі біздің сұхбатымыздың кейіпкері – Айгүл Қанатқызы.

Айгүл Қанатқызы – 1978 жылы Алматы облысы, Нарынқол ауданында туған.

1996-2000 жылдар аралығында Абылай хан атындағы Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті ағылшын тілі пәні мұғалімі мамандығы бойынша бітірген.

2011-2012 жылдары Ұлыбритания астанасы Лондон қаласында Cardiff Metropolitan университетінің бизнесті басқару мамандығы бойынша магистр дәрежесін алған.

Бірнеше жыл Сүлеймен Демирел атындағы университетте, дарынды балаларға арналған Әбу Насыр Әл-Фараби атындағы мектепте ұстаздық еткен.

2013 жылдан бері қарай CES for You қосымша білім беру орталығының директоры.

– Айгүл ханым, ағылшын тілін үйрететін оқыту орталықтарын ашуыңызға не себеп болды?

– Осыдан 12-13 жыл бұрын мектепте ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген едім. Сол кезде өзімнің алдымда отырған балаларға толық білім бере алмайтыныма көзім жетті. Себебі, біріншіден бөлінген сағаттың аздығы, екіншіден ол кезде мұғалімдерге қосымша жұмыс көп тапсырылатын. Және «ағылшын тілін неге қазақша өткізбейсің» деген қысым да болды. Бұл менің өз басымнан өткен жағдай. Бұл менің алдымда отырған балаға бар ынта-жігеріммен сабақ беруге кәдімгідей кедергі еді. Тіл маманы ретінде ары қарай дами алмағандықтан, осылай мектеп ашсам деген ой келді. Бұл мектепті ашардың алдында да өзімнің ары қарай осы істі жүргізіп кетуіме білімім жетіспегендіктен, үйімді кепілге қойып, үлкен көлемде несие алып 2 жылға Лондонға оқуға кеттім. Отбасым елде қалды. Қайтып келгесін жұмысымды жалғастырдым.

– Сіздің ойыңызша балаға тілді үйретуді қанша жастан бастау керек?

– Ұстаз ретінде өзім де осы сұрақтың жауабын көп іздедім. Балаға тіл үйретуді 2-сыныптан бастаған жөн деп санаймын. Себебі, бала тілі шығып әріпті үйренген кезде ана тілін бойына сіңіруі керек. Бала өз тілін толық меңгергенде ғана өзге тілді де сол деңгейде үйрене алатындығына толық көзім жеткен. Мысалға, жапон халқы ағылшын тілін оқытуды 5-6 сыныпта бастайды екен. Ағылшын тілі деңгейлері төмен, бірақ та олар өз тілдерін мақтап, жақсы сөйлеп отырады. Ұстаз ретінде ана тілді меңгермей басқа тілді қосуға түбегейлі қарсымын.

– «Ұрпақтар сабақтастығы» атты жобаңызда ересек адамдарға тіл үйретуді қолға алғансыз, жастарға қарағанда жасы үлкен адамдармен жұмыс істеу қиын емес пе?

– «Ұрпақтар сабақтастығы» – қарттарымыз бен жастардың арасындағы байланысты қайта жалғау, нығайту үшін ойластырған жобамыз. Жобаның мақсаты – жастарды үлкен кісілерді түсінуге және ол кісілермен санасуға үйрету. Бұл жобада біз үш ай бойы батаға жұмыс істедік. Жоба аясында балалар тек қана бата алып қана қоймай еңбектенуді де үйренді. Жоба жалғасын тауып жатыр. Әрі қарай да процесс тоқтамайды деп сенеміз. Әрине, үлкен кісілермен де жұмыс істеу қиын, бірақ жастардың талабы мен қарттарымыздың ынтасының арқасында барлығы сәтімен өтуде. Біздің бар ойымыз ол кісілер үйде немересімен отырса да, оларға ағылшынша әріп үйрете алса немесе қажылыққа, шетелге шыққанда су, дәрісін сұрай алатындай дәрежеге жетсе.

– Сіз кеше ғана Америкадан келдіңіз. Ондағы мұғалім мәртебесімен біздің елдегі мұғалім мәртебесінен қандай айырмашылық байқадыңыз?

– Біздің топта БАӘ-дан, Кореядан студенттер бар. Мен олардан сондағы мұғалім мәртебесі жайлы сұрадым. Менің түйгенім, мұғалімдердің мәртебесі барлық жерде бірдей. Қазіргі кезде біздің елдегі мұғалімдердің мәртебесі ешқандай елден кем емес. Тек менің ұстаздардан сұрайтыным өздерін дамытуды тоқтатпаса екен. Алдарында отырған оқушыларға сапалы білім мен тәрбие берсе екен. Себебі, балалардың болашағы ұстазбен тікелей байланысты. Бізге жетпей жатқаны білікті ұстаздар.

– Соңғы уақытта «3 ай, 1 ай ішінде ағылшын тілін үйреніп алыңыз» деген әдістер жайлы көп естиміз. Тоқсан күннің ішінде ағылшынша сөйлеп кетуге бола ма?

– Мұның бәрі елді алдарқату. Себебі 3 ай ішінде ағылшын тілін үйреніп кеткен адамды көрген емеспін. Мысалға, міне менің өзім өмір бойы оқып келе жатырмын. Жылда жазда балаларды шетелге алып шыққан кезде, өзімде олармен бірге отырып оқуға тырысамын, барлығын қайталауға тырысамын. Ондай методикаға сеніп қажет емес. Мүмкін бастапқы базасын үйренер, бірақ толық меңгере алуы мүмкін емес.

– Бір сұхбатыңызда ауылдың балаларының тіл меңгеру дәрежесін көтеруге жұмыс істеймін депсіз, қазір сол мақсатта қандай істер атқардыңыз?

– Біздің ашқан орталықтардың барлығы ауылды жерлер мен қаланың шетіндегі аудандарында. Көп ата-аналар ауылдан көшіп келген кезде қаланың ортасына емес шетіне орналасып жатады. Сондықтан да мен сол балаларға көмектессем деймін. Себебі, баланың ауылда туғанына еш кінәсі жоқ. Ауылдың балаларынан еліміздің, жеріміздің қамқоршылары өсіп шығып жатыр. Сондықтан да ауылдық жердің балаларына тіл үйретемін деп мақсат қойдым. Англиядан келген соң университетте сабақ бердім, алдымда отырған студенттердің көбі ауылдан еді. Байқағаным ауылдың балаларының көздері жанып тұр, бірақ ағылшын тіліне келгенде қатты қиналып қалатын. Мен сол кезден бастап өзіме мақсат қойдым: Мен де ауылдан шыққан, сол қиындықтан өткен адаммын. Бірақ ол кезде көбімізде мүмкіндік болған жоқ. Қазір сол мүмкіндіктер бар. Біздің оқушылар жыл сайын жақсы нәтижелер көрсетіп, шетелде оқып, болашақ лидер ретінде қалыптасып келеді. Соған қуанамыз. Әлі үлкен жоспарларымыз бар. Бәрі де сәтімен іске асатынына сенемін.

– Әңгімеңізге рақмет! Сәттілік тілейміз!

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button