Жаңалық Редакция таңдауы

Қазақ халқы ауа-райын қалай болжаған?

Халқымыз табиғат тылсымын ерте заманнан-ақ түсініп, оны өзінің тұрмыс-тіршілігіне арқау етіп, қолдана білген. Солардың бірі – халықтың ауа райын болжау тәсілдері.

Қысы-жазы далалық өмірде тіршілік еткен халқымыз өздері тұрған өлкенің табиғи ерекшелігі мен құпиясын терең білгендігі сондай, айсыз түнде жұлдызға қарап жол тауып, құс, жан-жануар, құрт-құмырсқа тіршілігіне зер салып, ауа райын күні бұрын болжап, ерте қам жасап отырған. Енді қазақтардың ауа-райын болжаудағы қалыптасқан қағидалары мен тәсілдеріне тоқталайық. Бұлар халық даналығын жадына ұстаған қариялар мен жұлдызшы – есепшілер аузынан жазылып алынған.

  • Мысық босағаны немесе ағаш тіреуді тырналап мазаланса, ауа-райы қатты бұзылады, жел тұрады немесе боран болады. Мұндайда үй иелері «боран шақырып тұр» деп мысық ұрысып жатады. Бұл дұрыс емес, ол боран шақырып тұрған жоқ, күн райының бұзылатынын хабарлап тұрғаны.
  • Мысық керіліп ұйқыға берілсе, ұзақ уақыт бойы ауа райы қолайлы болады.
  • Әтеш қыстыгүні бір аяғын көтеріп тұрса, аяз болады. Жаңбырлы күндері әтеш таң ата шақырса, күн ашылады деген сөз.
  • Үйрек бір аяғымен тұрып, басын қанатының астына тықса, аяз болады.
  • Қыста қаздар қаңқылдаса, жылы болады, аяқтарын бауырына тығып жатып алса, күн суытады немесе боран болады.
  • Құстар ертемен жем іздеуге асықса, күн жауын-шашынды болады.
  • Құмырсқалар илеуін құрғақ жерге салса, жауын; дымқыл жерлерге салса, жаздағы құрғақшылықтың белгісі.
  • Құмырсқалар илеуін биіктеу жерге салса, су тасқыны болады немесе қатты жауын жауып, су деңгейі көтеріледі.
  • Балықтар су бетіне шығып, шапшып ойнай бастаса, жауынның белгісі.
  • Қыс қатты болатын болса, тиін ұясын төмен жерге; жылы болса, жоғары жасайды.
  • Жауын немесе боран жұма күні басталса, ол келесі жұмаға дейін созылады.
  • Ай шалқасынан туса, шаруашылыққа ауа райы қолайсыз болады.
  • Жазда күн кенет ысып кетсе, ұзамай жауын жауады. Өлара (өлі ара) жауын – шашынды болса, жаңа ай шаруаға жайсыз болады.
  • Күн бұлтқа батса, келесі күні жауын – шашынды болады; ашыққа батса, күн ашық болады.
  • Ит ұлыса, жаманшылық немесе табиғат апатының белгісі.
  • Аяқ – қолы сынған адамдардың сүйегі сырқыраса, ауа райы өзгереді.
  • Жазда құйын көп болса, қыс аязды болады.
  • Егер қараша айында күн күркіресе, қыс қысқа болады.
  • Жаз найзағайлы болса, қыс жайлы болады.
  • Көктемде күн көп күркіресе, егін, шөп мол болып шығады.
  • Егер қой тұяғымен төсін қаситын болса, қыс боранды болады.
  • Қой тісін қайраса, боран немесе дауыл болады.
  • Жаз айында аңызақ ыстық болса, ол қыста қатты аяз болатындығының анық белгісі.
  • Күн шыжып, тымырсық болса, артынша найзағайды күте бер.
  • Желсіз күні түтін жерге қарай шалқыса, бұдан соң қыс күні қар, жаз күні жаңбыр күт.
  • Бұлтты болса да (тек жел жоқта) түтін көкке шаншыла шықса, ауа райы жақсы болмақ.
  • Суық күні терезе әйнегі мен жақтауы терлесе, күн жылынады; жазда терлесе, ауа райы бұзылады.
  • Суық күндері қораз ерте шақырса, жанға жайлы жылы күн болады дей бер.
  • Мысық пешке тығылса, аяздың алды сол болар.
  • Ит аунаса, жаңбыр жақын деген сөз.
  • Көктемнің басында қарға суға шомылса, күн жылынады.
  • Торғай шаңға аунаса, жаңбыр жауады.
  • Тұман жер бауырлап құласа, ашық күннің хабары.
  • Бұлт жер бауырласа, күн суытады.
  • Ірі – ірі жаңбыр тамшысы жауын – шашынды дымқыл күннің ұзақ тұратындығын білдіреді.

Дереккөз: «Жеті қазына» Сейіт Кенжеахметұлы

 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button