Жаңалық Редакция таңдауы

Әлемнің екінші Меккесі

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – ЮНЕСКО-ның әлемдік мұра тізімінде лайықты орын алған архитектуралық өнердің ғажап туындысы.

Қожа Ахмет Ясауи – иісі мұсылманның рухани ұстазы. Сопылық ілімнің негізін қалаушы.

Қожа Ахмет Ясауи кешені – аса үлкен порталды күмбезді құрылыс. Оның ені 46,5 м., ұзындығы 65 м. Ғимараттың орасан зор порталы (ені 50 м. жуық) және бірнеше күмбезі бар орталық залының төңірегінде түрлі мақсатқа арналған 8 бөлікке бөлінген 35 бөлме салынған.

Қазір мұнда қазақтың 21 ханы, 8 сұлтаны, 23 биі, 63 батыры мәңгілік байыз тапқан. Барлығы 228 тарихи тұлға жерленген.

Кесененің ішінде мешіт, кітапхана, екі сарай залы, сағана, тұрғын бөлмелер, асхана, орталық зал — қазандық, құдықхана бар. Кесененің оңтүстік жағындағы кіреберіс — арка ойығы орналасқан. Оның екі жағына минареттер тұрғызылған.

Келген адам орталық залға негізгі есік арқылы кіреді. Орталық зал қазандық деп аталады. Залдың төрт қырлы пішінді, қабырғаның ұзындығы — 18, 5 м. Залдың ортасында тайқазан тұр. Қазандықтың төбесінде Орта Азиядағы күмбездердің ішіндегі ең үлкені орнатылған. Шағын тұрғын бөлмелер бұл залдың шығыс пен батыс жақтарына тиіп отыр. Орталық залдың ойып жасалған есігі арқылы сағананың ішіне өтесіз.

Кесенедегі қабырғаның ұзындығы — 7,5 метр. Ортасында Қожа Ахметтің сағана-құлыптасы (биіктігі — 1,85 м) орнатылған.

Ғимараттың алдыңғы жағында геометриялық және өсімдік сипатты ою-өрнектер салынған. Кесененің іші және сырты жазулармен әсемделген.

Ғимараттың алдыңғы жағында Құранның 59, 60, 61, 62 және 63 сүрелері жазылған. Солтүстік порталдың алдыңғы жағында жұлдыздарға ұқсас 5 сегіз бұрышты өрнек бейнеленген. Сонымен бірге, кесенеде ту сақтаулы тұр. Ұзындығы — 96, 7 см, салмағы — 5 кг. Тудың бетінде «Ең даңқты сұлтан, патша, данышпан, билеуші, Әмір Темір» деп жазылған.

Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде Көреген Әмір Темір  заманынан қалған құнды жәдігерлердің бірегейі қазандық бөлмесінде тұрған  қасиетті – Тайқазан.  Бұл қазан 1399 жылы 25 маусымда (хижра 801 жыл, 20 шаууал), Түркістан қаласының батысында,  27 шақырым жерде орналасқан Қарнақ елді мекенінде, сирек  кездесетін жеті түрлі асыл металдың (мыс, мырыш, алтын, күміс, қола, қорғасын, темір) қоспасынан құйылған. Қазанның салмағы 2 тонна, сыйымдылығы -3 мың литр, биіктігі -1,60м, диаметрі -,42 м, Тұғырының биіктігі -0,54м, диаметрі -0,607м.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button