ЖаңалықРедакция таңдауы

Павлодарда «Референдум: әділетті Қазақстан жолында» атты «Sarap» эксперттік клубының аймақтық отырысы өтті

Бүгін, 2 маусым күні Павлодар қаласында «Референдум: әділетті Қазақстан жолында» атты «Sarap» эксперттік клубының аймақтық отырысы өтті. Шараны Референдумды қоғамдық қолдау республикалық штабының қолдауымен «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ ұйымдастырды.

Жиын қатысушылары Конституцияға енгізілетін өзгерістерге қатысты пікір білдіріп, Жаңа Қазақстанды құрудағы референдумның рөлін талдады.

Іс-шараға Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айзада Құрманова, Қазақстанның қоғамдық даму институтының сарапшылары, қоғам қайраткерлері мен саясаттанушылар қатысты.

Іс-шара «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ Басқарма Төрағасы Қазбек Майгельдиновтың модераторлығымен өтті.

«Еліміздің негізгі Заңына Мемлекеттік басқару моделін өзгертетін және азаматтардың саяси процестерге ықпал ету субъективтілігі мен мүмкіндіктерін күшейтетін елеулі өзгерістер енгізілуде. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында Президенттің өкілеттілігін шектеу және әкімдер мен мәслихаттарға жергілікті жерлерде шешім қабылдау кезінде дербестік беру арқылы «қолмен басқару» практикасынан кету қажеттілігін айтты. Осыған байланысты Президенттің облыс және Республикалық маңызы бар қала әкімдерінің актілерін тоқтата тұру немесе олардың күшін жою жөніндегі құқығын, сондай-ақ аудан және ауыл әкімдерінің лауазымынан босату құқығын алып тастауға байланысты өзгерістер жоспарланып отыр. Президенттің мұндай өкілеттіліктері жойылады. Бұл реформа жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдардың нығаюына, саяси жаңғыртуға ықпал етуі тиiс».

Отырысты Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айзада Құрманова ашты.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық референдумға байланысты жолдаған өзінің бейнеүндеуінде Конституциялық реформаның мақсаты мен маңызын нақты түсіндірді. Ол бүкіл халықтың шешімі бойынша ауқымды саяси өзгерістер жүргізу қажеттігін атап өтті. Ел болашағы мен болашақ ұрпақ үшін референдумға шақырды. Бәріміз бірге біздің жарқын болашағымыздың кепілі болып табылатын конституциялық реформаны жүзеге асыруға үлес қосайық!».

Павлодар облыстық мәслихатының депутаты Серік Сәдуақасов халық арасында кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында азаматтық қоғамның белсенді өкілдері құрамына өңірдің көрнекті қайраткерлері, қоғамдық ұйымдардың мүшелері мен жастар көшбасшылары кіретін Республикалық референдумның өңірлік қоғамдық штабын құру туралы шешім қабылданғанын айтты.

«Біздің штабтың заңгерлері, құқықтанушылары референдум өткізу туралы шешім жарияланған сәттен бастап Конституцияға енгізілетін толықтыруларға түсініктеме берді. Егер дауыс беру құқығы бар азаматтардың жартысы қатысса, референдум сәтті жүзеге асты деп санауға болады. Біз, облыстық штаб мүшелері оны жоғары деңгейде өткізуді қолдаймыз. Ел тағдыры шешілуде, біздің болашағымыз қалыптасуда. Біз Жаңа Қазақстанды құрудамыз», – деп сөзін қорытындылады Серік Сәдуақасов.

Саясаттанушы, PhD доктор Дина Айкенова өз сөзінде еліміздің негізгі Заңына түзетулер енгізу нәтижесінде құрылған Конституциялық соттың қазақстандықтарға қаншалықты пайдалы болатыны туралы айтты.

«Конституциялық соттың құрылуы азаматтардың құқықтарын қорғаудың тиімділігін арттыруға бағытталған. Қазақстанның әрбір азаматы белгілі бір дауды шешу кезінде заңға және өзге де нормативтік-құқықтық актіге сәйкес тікелей Конституциялық сотқа жүгінуге құқылы».

Саясаттанушы Серік Ілиясов кейбір түзетулер ұлттық заңнаманы халықаралық стандарттармен үйлестіруге бағытталғанын атап өтті. Оның пікірінше, бұл Қазақстанның демократиялық мемлекет ретіндегі беделін арттырады.

«Қолданыстағы «Конституцияға өзгерістер енгізу туралы» Конституциялық заң жобасы біздің негізгі Заңымыздың 33 бабына түзетулер енгізілетіндігін білдіреді, яғни іс жүзінде үштен бірі өзгертілмек, бұл біздің мемлекеттілігіміздің нығаюына және саяси жүйеміздің орнығуына алып келеді.  Конституциялық сот құру жолымен сот тармағының рөлі күшейтіледі. Бұл азаматтардың конституциялық құқықтары бұзылған жағдайда өтініш бере алатын ең жоғарғы инстанция болады. Бұл орган кейстер мен істерді талдаумен айналысады. Азаматтардың конституциялық құқықтары едәуір кеңейтіледі. Біз осы жылдар ішінде заңнамаға халықаралық стандарттарды дәйекті түрде енгіздік. Сондай-ақ, өзгерістер Жергілікті атқарушы билік органдарына да қатысты болмақ. Олар демократияландырылады».

Саясаттанушы сондай-ақ «суперпрезиденттік» басқару формасынан ықпалды Парламенті бар президенттік республикаға көшу біздің мемлекетке қандай пайда әкелетінін айтты.

«Бұл біздің елімізге үлкен тұрақтылық береді. Кез келген жүйе күнделікті жұмыс кезінде тексеріледі. Қазіргі конституциялық реформа қаңтар дағдарысының салдарынан туындағаны құпия емес, ол қазіргі билік құрылымының белгілі бір әлсіз жақтарын, соның ішінде президенттің қолында биліктің шамадан тыс шоғырлануын көрсетті. Бұл белгілі бір тәуекелдерді тудырады», – деп түйіндеді ол.

ҚҚДИ сарапшысы Жұмағұл Жиембет

«Референдум – тиімді мемлекеттік басқару жүйесін құру мүмкіндігі. Әлеуметтік теңсіздікті еңсеру, елдегі ахуалды тұрақтандыру, саяси жүйені либерализациялау және халықтың әл-ауқатын арттыру – алдағы реформалардың маңызды аспектілері».

Басқа материалдар

Back to top button