Жаңалық Редакция таңдауы

Мысқалдан батпанға дейін

Халық өлшемдері - ұлт мәдениеті мен этнография салаларының бірі. «Халық айтса - қалт айтпайды» дегендей, халық өлшемі-анық өлшем десек, қателеспейміз. Өйткені оны ата-бабаларымыз бірнеше ғасырлар бойы қолданып, сол арқылы өлшем негіздерін жасаған. «Ұмытылған ұлт дәстүрлері» айдарының бүгінгі санында қазақ халқының өлшемдеріне тоқталатын боламыз.

Халық өлшемдерінің негізгі түрлері мыналар: салмақ өлшемі, көлем өлшемі мен мөлшері, ұзындық өлшемі, қашықтық өлшемі, уақыт және мезгіл өлшемдері.

Халқымыз салмақ өлшемдерін былайша жіктеген: мысқал (0,4г), қадақ (750г), келі (1кг), пұт (16кг), батпан (100кг) Бір түйенің жүгі (194,3 кг). Бұл өлшемдермен  бірге халық салмағынан жер ойылғандай, түйеге жүк болғандай деген сияқты бейнелеу, теңеу сияқты айшықты сөз тіркестерін қолданып, ауыр, жеңіл деген сөздерді де пайдаланады.

Көлем өлшемдері бір заттың немесе малдың санын, көлемі мен мөлшерін, аумағын, шамамен белгілейді. Мысалы: бір шымшым, бір шөкім, бір уыс, қос уыс,  бір тілім (нан), бір түйір, бір шүйке, бір құшақ, бір қап, бір шелек, бір қасық, бір тамшы, бір арқа, бір шана, бір арба, бір табақ, бір шоқ (үкі, тал), бір топ (адам),  бір қарын, бір сандық, бір қалта. Мал саны мен мөлшерінде осындай шамамен ажыратады, яғни бір отар, бір қора, бір соқыр, бір табын, бір үйір, он шақты, жиырма шақты. Заттың көлеміне, аумағына кейде бармақтай, шынашақтай, жұдырықтай, құмалақтай, етектей, алақандай деген теңеу деген сөздерде қолданыла береді. Халық қалыңдық өлшемінде ұмытпаған.  Мұны олар көбіне жылқы қазысының  жұқа, қалыңына қарай айтқан. Айталық, бұлт, пышақ сырты, қылыш сырты,  (бұлар 1-2,5см), екі елі, сере, табан (7-10 см) т.с.с. Басқа заттардың көбінесе саусақ қыры-елімен өлшенеді.

Ұзындық және қашықтық өлшемі мүлде екі ұғымды, екі түрлі өлшемді білдіреді. Ұзындық өлшемдері бір заттың (таяқтың, арқанның) ұзындығын анықтайды, атаулары: бір елі (1-5см), екі елі, үш елі, тұтам, сынық сүйем (14-15см), сүйем (17-18см), қарыс,  кере қарыс (20-22см), кез (50см), аршын (75см), құлаш (1,8-2м), т.б. Балтасап,  кебіс басындай деген балық өлшемдері де бар. Қашықтық өлшемдері: адым (қадам) (1м), таяқ тастам (10-15м), әй дейтін жер (100м), дауыс жететін жер (250-300м), шақырым (1км), иек асты, бір төбе астында (4-5км), қозы көш (5-6км), көз ұшында (6-7км), тай шаптырым (4-5км), құнан шаптырым (8-10км),  ат шаптырым (25-30км), бір күндік жер, айшылық жол т.б. Бұл межелер ауыл ішінде бұл күндеріде жиі айтылады. Ел ішінде тереңдік, биіктік өлшемдеріде бар.  Бұған терең, тайыз,  биік, аласа, деген сөздер қолданылады. Бір айта кетерлік жайт: жоғарыдағы аталған өлшемдер бір-бірінің орнына жүрмейді.

Ауа райын бақылауда, сондай-ақ ыстық, суықты және оның өзіне тән өлшемін белгілеуде де халықтық атаулар аз емес: қанжылым, мұздай, қапырық, қайнап тұр, күйіп тұр, аспан айналып жерге түскендей, ми қайнар деп жаз айындағы күн райын айтса,  қыста шуақ май тоңғысыз, шыбынсыз жаз, аяз, үскірік, бет қаратпас аяз, саршұнақ аяз, тфу десе түкірік жерге түспейтін аяз деген теңеулер арқылы күннің қаншалықты суық екенін анықтап, соған сәйкес әрекет ете бастайды.

Саудада әр заттың, малдың құнын белгілеуде де орайлы әдістер мен жолдар таба білген. Ақшалай саудада тиын мен теңгені, алтын күміс сияқты құнды металдарды қолданған. Айырбас сауда да әркімнің келісіміне сәйкес шамамен түйені құлынды биеге, биені бұзаулы сиырға,  сиырды тай, құнанға, тайды 3-4 қойға айырбастаған. Сөйтіп, мал, бұйым саудасында да әр заттың лайық, кесімді өлшемдері болған.

Дереккөз: Сейіт Кенжеахметұлы «Жеті қазына»

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button