ЖаңалықРедакция таңдауы

Дүниежүзінде қанша қар барысы бар?

«Қазақстанның Қызыл кітабы» айдарының кезекті санында қар барысы мен көктем жанаргүлі туралы ақпаратпен бөлісеміз.

Қар барысы-мысық тұқымдастарының сирек кездесетін және аз зерттелген өкілдерінің бірі және Орталық Азия елдерінің танымал нышанына айналған.

Адамның көзіне көп түсе бермейтін, барыс негізінен таулы жерлерде тұрады. Ол жойылып кету қаупі төнген жыртқыш ретінде халықаралық табиғатты қорғау одағының (IUCN) қызыл тізіміне, сондай-ақ жалпы ауданы 500 мың шаршы шақырым болатын Қазақстан, Бутан, Ресей, Қырғызстан, Непал, Өзбекстан, Моңғолия, Тәжікстан, Қытай, Үндістан, Пәкістан және Ауғанстан сияқты 12 елдің Ұлттық Қызыл кітаптарына енгізілген.

Ресми деректерге сүйенсек, бүгінде елімізде 130-ға жуық қар барысы бар. Олар Іле Алатауы, Жоңғар Алатауы, Көлсай көлдері, Катон Қарағай, Сайрам-Өгем, Шарын, «Алтын Емел» МҰТП, Ақсу-Жабағылы және Алматы мемлекеттік табиғи қорықтары секілді 9 ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда мекендейді.

Негізінен қар барысы таудың 2700-5000 метр биіктігінде өмір сүреді. Құйрығының ұзындығы 1 метрге, дене көлемі 2,1 м жетіп қалады.

Дүниежүзі бойынша олардың жалпы 4-6 мың шамасында ғана қар барысы қалған.

Көктем жанаргүлі – Қазақстанда сирек кездесетін түр. Республиканың тек солтүстігі мен солтүстік-шығысында Алтай мен Тарбағатайға дейін кездеседі, бірақ Оңтүстік Сібір мен Еуропада кең таралған. Көктемде гүлдейтін көпжылдық шөптесін өсімдік, Гиппократ кезінен дәрілік өсімдік екені белгілі. Қазіргі уақытта гүлдеу кезеңінде жинаған жер үсті бөлігінен жүрек дәрісін алады. Жаппай жинау өсімдікті азайтып отыр, сондықтан жинау тәртібін реттеп, өсімдіктің табиғаттағы жағдайына бақылау жасалуда.

Мәдени түрде жақсы өсіріледі (Батыс Еуропада XVІ ғасырдан бері). Тұқымның өнгіштігі 30% шамасында, алғашқы көшеттері үшінші жылы гүлдейді, тұқымы арқылы өскен өсімдіктер 1-2 жылдан кейін гүлдейді. Топырақ таңдамайды, жарық жерлерді қажет етеді. Басқа жерге қайта отырғызуды талап етпей, бір жерде ұзақ өседі. Табиғаттағы бір өсімдігі 60 жыл тіршілік етеді. Батыс Алтай қорығында және Баянауыл ұлттық паркінде қорғалады.

Басқа материалдар

Back to top button