Жаңалық Редакция таңдауы

«Тұмар-2022» ұлттық сыйлығы: үздіктер қатарында кімдер бар?

Елордада «Тұмар-2022» ұлттық телевизиялық сыйлығының жеңімпаздары марапатталды.

Телевизиялық шеберлік үшін берілетін «Тұмар-2022» ұлттық сыйлығында 10 номинация бар. Биыл сыйлық алуға 300-ге жуық өтінім келіп түскен, ең көп өтінім «Үздік деректі фильм», «Үздік ақпараттық бағдарлама», «Үздік әлеуметтік жоба», «Үздік тележурналист», «Үздік тележүргізуші» номинациялары бойынша қабылданған.

Ең алдымен ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов «Үздік деректі фильм» аталымының жеңімпазын жариялады. Мұнда «ATYRAY» телеарнасы түсірген «Каспийден кеткен қыпшақтар» фильмі топ жарды.

«Үздік ақпараттық бағдарлама» жүлдесіне ASTANA TV телеарнасының «Saraptimes» бағдарламасы лайық деп танылды.

«Үздік әлеуметтік жоба» аталымында «КТК» телеарнасының «Дау-дамайсыз» жобасы көш бастады.

«Үздік ток-шоу» жүлдесін «Atameken Business» телеарнасының «Время говорить» жобасы жеңіп алды.

«Үздік ойын-сауық бағдарламасы» аталымында «Алматы» телеарнасы әзірлеген «Almaty Bala Fest» жобасы үздік атанды.

«Үздік телевизиялық сериал» номинациясы бойынша «Qazaqstan» ұлттық телеарнасы түсірген «Ахмет. Ұлт ұстазы» сериалы топ жарды.

Сонымен бірге, аймақтар арасында «Turkistan» телеарнасы «Үздік аймақтық телеарна» атанды.

«Үздік режиссерлік жұмыс» номинациясында «Qazaq TV» телеарнасының «Жена» жобасы топ жарды.

«Үздік тележурналист» жүлдесі «Хабар 24» телеарнасының Оңтүстік Кореядағы меншікті тілшісі Владислав Цойға бұйырды. В. Цой салтанатты марапаттау кешіне Сеулден тікелей эфирге шықты.

«Үздік тележүргізуші» аталымында «31 арна» тележүргізушісі Асқар Меңдібаев жеңімпаз атанды.

«Әділ қазы алқасының арнайы сыйлығы» «Балапан» телеарнасына берілді.

Еске сала кетейік, «Тұмар» ұлттық телевизиялық бәйгесі 2017 жылы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен құрылған. Сыйлық жеңімпаздары қазақстандық телевизияны дамытуға қосқан үлесі үшін «Тұмар» мүсіншесі мен 1 миллион теңге көлемінде ақшалай сыйақы алады.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button