Жаңалық Редакция таңдауы

«Жаңа Қазақстанның құндылық бағдары: заманауи сын-қатерлер» атты халықаралық конференция өтті

2022 жылы 30 маусымда Нұр-Сұлтан қаласында «Жаңа Қазақстанның құндылық бағдары: заманауи сын-қатерлер» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Конференцияны Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ ұйымдастырды.

Іс-шараның негізгі мақсаты – қоғамдық сананы жаңғырту саласындағы жұмыс стратегиясын құру бойынша сындарлы қоғамдық диалогті қамтамасыз ету, тәжірибе алмасу.

Конференцияға қоғамның даму мәселесін зерттеп жүрген сарапшылар, орталық және жергілікті атқарушы органдардың, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, ғалымдар мен сарапшылар қатысты.

Іс-шараның модераторы «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ Басқарма Төрағасы Майгельдинов Қазбек :

«Өздеріңізге белгілі, кез келген саяси және экономикалық реформаға деген халықтың сенімін нығайтып, қолдауына ие болу үшін қоғамның,  азаматтық сананың трансформациясы қатар жүруі тиіс.

Осыған дейін қоғамдық сананы жаңғырту бағытында ауқымды жобаларды қамтитын «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша жүйелі жұмыс атқарылды. Арнайы жобалар ғылымның, білімнің, мәдениеттің дамуына және халықты жаңғырту үрдісіне тартуға ықпал етті.

Сонымен қатар, қазіргі геосаяси ахуал мен заманауи сын-қатерлер қоғамдық қатынастар жүйесін қайта қарауды, қоғамды дамыту секторында жаңаша көзқарас орнатуды, Жаңа Қазақстанды құруға негіз болатын құндылық бағдарын анықтауды қажет етеді,- деп конференцияны бастады.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Қадыров:

«Алдымызда тұрған аймақтық және әлемдік сын-қатерлер азаматтық бірегейлік, ұлттық мәдениетіміз, қоғамдық және тұлғалық құндылықтарымыздың сақталуына айтарлықтай ықпал етеді. Мемлекет басшысы ұсынған реформа «Жаңа Қазақстанның» құндылық бағдарының негізін қалайды. Азаматтар еліміздің қоғамдық-саяси құрылысын қайта жаңартуға және қоғам дамуының жаңа қағидаттарын соның өзегіне айналдыруға сұраныс білдірді», – деп айтып өтті.

Конференцияның негізгі спикерлері ретінде халықаралық сарапшылар сөз сөйледі. Ең алдымен Біріккен Араб Әмірліктеріндегі «Media Hub international» халықаралық тобының бас директоры Абдулрахим Ибрахим Араб елдеріндегі мәдени мұраның сақталуы туралы баяндай отырып, тарихи-мәдени мұраларды сақтауға мемлекеттің тікелей әсер ететіндігін айтты.

Алаш автономиясы және қазіргі Қазақстан тақырыбына Хоккайдо университетінің славян-еуразиялық зерттеулер орталығының жетекшісі, профессор Томохико Уяма тоқталды.

Скандинавия академиялық ұтқырлық институтының ректоры, әлеуметтік ғылымдар саласында PhD докторы, профессор, білім және әлеуметтік қорғау саласындағы халықаралық сарапшы Элина Ванхемпинг тұлғаны және адами капиталды дамыту мәселесі бойынша сөйлесе, Назарбаев университетінің қазақ тілі және түркітану кафедрасының меңгерушісі, профессор Юлай Шамилоғлы Орта Шығыс пен Орталық Еуразиядағы түркі тілдері мен мәдениеттерінің тарихы туралы пікір білдірді.

Сондай-ақ Әзербайжан Республикасы Білім министрінің кеңесшісі Ниджат Маммадли мен Скандинавия академиялық ұтқырлық институты бағдарламасының жетекші үйлестіруші-талдаушысы Елена Петренко да конференция барысында баяндама жасады.

 

 

Конференцияға құрметті қонақ ретінде БАӘ қоғам қайраткері, жазушы, араб зергерлік өнерінің тарихы және БАӘ тарихы туралы кітаптардың авторы, БАӘ Мәдениет мәселелері жөніндегі іскер әйелдер кеңесінің басқарма мүшесі Халима Абдулла Рашид қатысты.

Конференция аясында қатысушылар құндылық бағдары мен олардың қалыптасуына әсер ететін факторларды, практикалық тәжірибеге негізделген ғылыми көзқарасты ортаға салды. Сондай-ақ сарапшылар халықаралық тәжірибемен танысып, оларды елімізде жүзеге асыру мүмкіндігін, қазіргі заманғы сын-қатерлердің құндылық бағдарына әсерін, сондай-ақ Қазақстандағы және басқа елдердегі қоғамдық сананы жаңғыртудың өзекті мәселесін талқылады.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button