Жаңалық Редакция таңдауы

Байланыс операторларына сапасыз қызметі үшін салынатын айыппұл көлемі өсті

Байланыс операторларына сапасыз қызметі үшін салынатын айыппұл көлемі 100 АЕК-ден 1000 АЕК-ге артты, деп хабарлайды Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметі.

«Президент байланыс саласындағы тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейтуді, интернеттің нақты параметрлерінің операторлар мәлімдеген параметрлерден айтарлықтай алшақтығы үшін жауапкершілікті енгізуді және қатаңдатуды тапсырған болатын. Аталған тапсырманы іске асыру үшін министрлік депутаттық корпуспен бірлесіп, операторлардың стандарттарға, техникалық нормалар мен сапа көрсеткіштеріне сәйкес келмейтін байланыс қызметтерін көрсеткені үшін жауапкершілігін күшейтуге бағытталған шараларды әзірледі. Енді заң бұзушылықтар анықталған жағдайда байланыс операторларына 100 АЕК орнына 1000 АЕК айыппұл салынады, ал бір жыл ішінде қайталап бұзған жағдайда айыппұл сомасы 200-ден 1500 АЕК-ке дейін болады», – делінген баспасөз мәлімдемесінде.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жүргізген талдау көрсеткендей, байланыс сапасының нашарлығына шағымдар саны 10 есе өскен. 2021 жылдың қорытындысы бойынша министрлік 562 тексеру жүргізді (2020 жылы 51 тексеру, ал 2019 жылы 93 тексеру жүргізілді).

«Операторға қатысты байланыстың немесе интернеттің нашар сапасына тексеру жүргізу үшін қазақстандықтар ресми өтінішті Телекоммуникациялар комитетінің (ЦДИАӨМ) не облыстағы аумақтық байланыс инспекциясының мекенжайына «электрондық үкімет» порталы, «Е-Оtinish» жүйесі арқылы не қағаз түрінде жолдаулары қажет. Өтініште шағымның мәнін, байланыс операторының атауын және тексеру жүргізу қажет өтініш берушінің нақты мекенжайын көрсету міндетті. Өтінішті алғаннан кейін прокуратура органдарында тексеруді тағайындау туралы акт тіркеледі. Тексеру барысында көрсетілетін байланыс қызметтерінің сапасы бойынша өлшеулер жүргізіледі», – деп нақтылайды ведомстоның баспасөз қызметінен.

Операторға қатысты заң бұзушылықтар анықталған жағдайда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 637-бабына сәйкес жауапкершілік көзделген.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button