Жаңалық Редакция таңдауы

Özinshe: Балаларға арналған тегін қазақша платформа іске қосылды

Елордада балалар мен жасөспірімдерге арналған қазақ тіліндегі тұңғыш стриминг-платформаның таныстырылымы өтті.

ÖZINŞE деп аталатын онлайн кинотеатрда әртүрлі жастағы балаларға арналған толықметражды анимациялық және көркем фильмдер, комикстер, мультхикаялар, телесериалдар мен ситкомдар топтасқан. Жобаның тұсаукесеріне ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров қатысып, платформа жұмысына қолдау білдіретінін жеткізді.

Тұсаукесерге Мәжіліс депутаты Елдос Абақанов, ҚҚДИ Басқарма төрағасының орынбасары Аманбек Төлепбергенов, «Balapan» арнасының директоры Қымбат Досжан, Елбасы Академиясы ҚҚ Басқарушы директоры Мұрат Жұманбай, «Қазақстан КВН Одағының» төрағасы Есен Елеукен, «Біз біргеміз» ҚҚ төрайымы Перизат Қайрат сынды қоғам белсенділері, журналистер мен блогерлер қатысты.

Стриминг платформаны жүзеге асырушы авторлары, балалар контентін жасаушы мамандар Мақпал Жұмабай мен Сандуғаш Баймаханқызының айтуынша, бұл жоба 2020 жылы қолға алынды. Жобаның брэнд-амбассадоры Дәулет Мұқаев өз сөзінде әр ата-анаға балаларына аталған қосымшаны жүктеп беруге кеңес берді. Оның айтуынша, ÖZINŞE тек онлайн кинотеатр ғана емес, балаларға ана тілінде сапалы, тәрбиелі контент ұсынатын сенімді алаң.

Жаңа сервис Қазақстан халқының 12%-ын, яғни 2 264 600 адамды құрайтын балалардың және шетелдегі қазақ жасөспірімдердің сұранысына қызмет етеді. Мобильді қосымшаның атауы ерекше мәнге ие. ÖZINŞE стриминг-платформасы өмірде өз қалауын еркін жасап, өз таңдауымен өмір сүруге ұмтылған бүгінгі жаңашыл жасөспірімдерге арналған. Мобильді қосымшаны кез келген адам IOS және Android мобильді операциялық жүйелерінде  тегін жүктей алады.

Бүгінде сервиске көлемі 3400 мин құрайтын мультсериалдар мен телесериалдардың лицензиялық құқықтары сатып алынып, жүктелді. Қазіргі уақытта ÖZINŞE Nickelodeon телеарнасымен және басқа да әлемдік студия өкілдерімен келіссөздер жүргізіп жатыр. Жоба авторлары жүйенің жүйелі түрде жаңарып, толықтырылып отыратынын жеткізді.

Айта кетсек, ÖZINŞE ұжымы дайын өнімдерді сатып алудан бөлек,  өзіндік жобалар өндірісін де қолға алды. Жуырда балалар мен жасөспірімдерге арналған 2 жоба түсірілімі басталады.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button