ЖаңалықРедакция таңдауы

Мемлекетке биыл тағы 5 млн га жайылым жерді қайтару жоспарланған – Бас прокуратура

ҚР Бас прокуратурасы елімізде бос жатқан және заңсыз берілген жайылым жерлерді мемлекетке қайтару бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы мәліметтерді жариялады.

ҚР Бас прокуратурасы баспасөз қызметі таратқан деректерге қарағанда, жайылымдық учаскелерді ұтымды пайдалану және олардың қолжетімділігін қамтамасыз ету прокуратура органдарының тұрақты бақылауында. Тек соңғы 3 жылдың ішінде прокурорлар 18 млн гектар бос және 3 млн гектар заңсыз берілген жайылымдарды анықтады, олардың 5 млн гектары мемлекетке қайтарылып, 4 млн гектары айналымға тартылды.

Жұмыс нәтижелері учаскелерді игеруге мүмкіндігі жоқ адамдар жердің жасанды тапшылығын тудыратынын көрсетті. Осы себепті адал фермерлер мен ауыл халқы жайылымдарды пайдалану мүмкіндігінен айырылады, бұл уақыт өте келе олардың тозуына алып келеді.

«Бүгінде елімізде шамамен 15 млн га қоғамдық жайылымдар жетіспейтіні анықталды, бұл жеке қосалқы шаруашылықтардың мал жаюы проблемасын тудырады. Қалыптасқан жағдайды реттеу үшін биыл Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, Мемлекетке қосымша 5 млн га жерді қайтару жоспарланып отыр. Жергілікті жерлердегі шаралар бойынша әкімдіктер қоғамдық жайылымдарды басқару жоспарларын бекітті. Бұл ауылдық елді мекендер маңындағы жайылымдық жерлерді жеке адамдарға беруге жол бермеуге мүмкіндік береді»,-делінген хабарламада.

Сондай-ақ онда жайылымдарды беру кезіндегі заңбұзушылықтар және тиісті бақылаудың жоқтығы үшін прокуратура органдарының қадағалау актілері бойынша 520 лауазымды адам, оның ішінде 42 адам мемлекеттік қызметке кір келтіретін әрекеттері үшін тәртіптік жауапқа тартылды.

Басқа материалдар

Back to top button