ЖаңалықРедакция таңдауы

Қыз баланың «қаруы» – бұрым

Қазақ халқы ертеден қыз баланы әдептілік пен ибалылыққа тәрбиелеген, періштедей аялап, қорғаған. Қыз баланың қасиетін биіктетіп, сұлулықтың бастауына көтерілуіне жол ашқан. Ата-бабаларымыздың дәстүрлі дүниетанымында, әсіресе, қыз баланың өрілген ұзын бұрымына ерекше назар аударған.

«Қыздың көркі – шаш, шаштың көркі – шаштеңге» дейтін бабаларымыз қыз бойындағы бар сұлулықты бір бұрымға сыйдырған. Мұның мән-мағынасы тереңде жатыр. Өйткені халқымыз шаштың киесі бар деп сенген.

Дана халқымыз шашты сұлулық пен мәдениеттілік белгісі ғана емес, әйелдер қауымына берілген Алланың айрықша сыйы деп ерекше қарап, құрметтеген. Одан қалса, данагөй ата-бабаларымыз «шаштың киессі бар» деп қыз-келіншектерді жалаңбас жүргізбеген және шашының бір талын да кез келген жерге тастамаған. Ұлы Абай атамыз да қыздың бұрымы туралы былай деп жырлаған:

Білектей арқасында өрген бұрым,

Шолпысы сылдыр қағып, жүрсе ақырын.

Кәмшат бөрік, ақ тамақ, қара қасты,

Сұлу қыздың көріп пе ең мұндай түрін?

Нәзік жандылардың «қаруы», сұлулығының көрінісі, иығынан төгілген қолаң шашы талай жыраудың жырына, ақынның өлеңіне арқау болғаны сөзсіз.

Ата-бабаларымыз қыздарының жас кезінен-ақ бұрымын айрықша күтімге алып, ұзын етіп өсіруге түрлі шөп тұнбаларын, халық рецептерін пайдаланған. Бойжеткеннің шашын табиғатына қарай қолаң шаш, сүмбіл шаш деп, өріміне қарай жалғыз бұрым, қос бұрым деп атаған. Бұрымның ұшына алтын немесе күміс теңгелер мен моншақтар, қаз-қатар тігілген шашбау тағатын болған. Олар иесі қозғалғанда, әсем дыбыстар шығарып, кермаралдай керілген сұлу қыздың жүрісіне үн қосып, ару сымбатын ажарлай түскен деседі. Қыз баланың бұрымын жас кезінде өруге шешесі, жеңгесі, әпкесі, әжесі, құрбылары көмектескен. Соған сәйкес қазақта Қосбұрым деген де қыздың есімі бар. Бұрым – қыз-келіншектердің бақыты мен абыройы деп санаған халқымыз көп бұрымның қасиеті де көп болады деген.

Қыз бойжеткенде оған міндетті түрде қос бұрым қойылған. Себебі, қос бұрым қою «жалғыздық Құдайға ғана жарасады» деген сенімнен, «қосағымен қоса ағарсын» деген тілектен туған. Қос бұрым — қыздың назы мен бостандығының белгісі деп білген.

Қызға құда түсушілер көбейгенде қос бұрымға тағы бір бұрым қосылады. Бұл «көп құда түсушіден тек жақсысы бұйырсын» деген ізгі ниеттен туған. Бірақ қазақ халқы қызға үш бұрым қоюға да аса сақтықпен қарайды. Өйткені мұны «менмендік әрі құда таңдаудың бір көрінісі» деп те түсінетіндер болған.

Ал, сыңар бұрымды көбіне оң босағада отырып, тұрмысқа шықпай қалған қыз қояды. Бұл — жалғыздықтың белгісі. Кей деректе сыңар бұрым немесе көпбұрымдылық зинақорлықты көрсетеді деп жазылған. Мысалы, Шоқан Уәлиханов Қашқарға жасаған сапарында көпбұрымды қыздар туралы да жазады. Оның айтуынша, қыздардың бұрымы олардың өмірлік тәжірибесіне байланысты, яғни көп бұрым көп некеде болған немесе жеңіл жүрісті әйелдерге қойылады.

Қазақ халқында қыз балаға тұлым қою дәстүрі де жиі кездеседі. Оны «тұлым шаш», «тұлымшақ» деп атайды. Қырқынан шығып, қарын шашы алынған қыз баланың екі шекесінен шөкім шаш қалдырған. Халқымыз қыз баланың шашын тазалық үшін бір жасқа дейін алып отырады. Ал тұлым шашқа ұстара тимеген. Қыз бала бойжеткенде тұлымын бұрымына қосып өреді. Тұлымды көбіне қыз балаға қойған. Оны Абылай хан туралы жырдағы мына жолдар дәлелдейді:

Қос айдарлы ұл кетті, Қос тұлымды қыз кетті.

Қыз баласының бұрымы ешқашан кесілмеген. Бабаларымыздың қалыптасқан дала заңдарында шашқа байланысты арнайы ұстанымдар болған. Бұзық ойлылар, есерлер әйелдің шашын кесетін болса, ол әйелдің бір дене мүшесін кескен болып есептелген және соған сәйкес әлгі адам қатаң жазаға тартылып, үлкен айып төлеген. Ал енді әйелдер қылмыс жасаса, оларға қолданған жазаның ауыр бір түрі – шашын кесу болған. Ол кезде шаш кесу әйелдер үшін өлім жазасына тең жаза ретінде қаралған.

Қарап тұрсаңыз, мұның бәрі халқымыздың әйелдердің шашын баяғы кезден-ақ өте қатты бағалағанын, қасиетін терең түсінгендігін көрсетеді. Бұл күнде мұны біріміз білсек, біріміз тіпті де білмейміз. «Ақ үйден бір қыз шықты көзі күлген, шаштарын он күн тарап, бес күн өрген», – деп ғажап суреттегендей табиғат берген көркімізден айырылмай, айнымай жүрейік!

Басқа материалдар

Back to top button