Жаңалық Редакция таңдауы

Орта Азиядағы ең көне музейдің бірін білесіз бе?

«Кім? Қайда? Қашан?» айдарының бүгінгі санында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі жайлы ақпаратпен бөлісеміз.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі – тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орта Азия аумағына танымал, бірегей әрі көне музейлердің бірі. Оның қоры 300 мыңға жуық материалдық және рухани мәдениет құндылықтарынан тұрады. Жалпы музей экспозициясы қазақтардың бүкіл тұрмыс-тіршілігі мен мәдениетінің ежелгі дәуірден бастап қазіргі заманға дейінгі «музейлендірілген» моделі болып табылады.

Еліміздің байырғы және басты музейінің бірі – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі отандық музей ісінің көшбасшысы болып табылады. Ал оның бай қорлары мен сәулетті залдарында халқымыздың ұлттық құндылығы болып табылатын аса құнды тарихи-мәдени жәдігерлер сақталуда. ҚР МОМ – елімізде келушілерді ең көп қабылдайтын музей. Келушілер саны жыл сайын 130мың адамға дейін жетеді, 100-ден аса дәріс оқылып, 30-дан астам көрме ұйымдастырылады, халық арасында танымал іс-шаралар мен түрлі мәдени білім беру бағдарламаларын өткізіп отырады.

Қазіргі таңда музейде тұрақты жеті экспозициялық зал жұмыс істейді, түрлі мазмұндағы коллекциялар көрерменге Қазақстанның байырғы палеонтологиясы, ежелгі, ортағасыр, жаңа және қазіргі заманғы тарихы мен мәдени мұрасы жайлы толыққанды мағлұмат алуға мүмкіндік береді.

Бірінші экспозициялық зал – Палеонтология және археология залы – палеонтологиялық және археологиялық деген екі кешеннен тұрады. Мұндай экспозициялық кешенді құру алдымен адамзат тарихының нәсілдік-генетикалық және әлеуметтік дамуындағы табиғи және антропогенді екі іргелі факторларының өзара себеп-салдарының байланысуы мен тәуелділігіне негізделген. Палеонтология бөлімі бай остеологиялық материалдар, тасқа айналған ағаштар, тақтатастардағы жәндіктер, балықтар мен өсімдіктердің таңбаларымен таныстырады. Бұл бөлімдегі экспонаттардың көпшілігінің жасы миллиондаған жылдардан асады. Палеонтологиялық экспонаттар екі орталық витринада 12 геологиялық кезең бойынша хроногиялық тәртіппен орналастырылған.

Екінші экспозициялық зал – Тарихи этнография залы – зал экспозициясы ХҮ ғасырдан ХХ ғасырдың басына дейінгі Қазақстан тарихына арналған. Экспозициялық зал қазақтардың дәстүрлі мәдениетіне, яғни тіршілікқамы жүйесіне, шаруашылық және тұрмыстық салтына, рухани мәдениетіне арналған. Қазақ қоғамының негізгі сипаттары көрсетіліп, көшпелілердің  мәдени дәстүрлерінің өзіндік ерекшеліктері бейнелі түрде беріледі. Композициялық жағынан зал кіші және үлкен айналымнан тұрады.

Үшінші зал экспозициясы: «Қазақстан Ұлы Отан соғысы жылдарында және диаспоралар мәдениеті» атты екі бөлімнен тұрады. «Қазақстан Ұлы Отан соғысы жылдарында. 1941-1945.» бөлімі «Тыл – майданға» және «Қазақстандықтар Ұлы Отан соғысы майдандарында» деп аталатын екі кешенге бөлінген. Мұндағы мемориалдық кешендер мен заттар тарихи жағдай мен сол оқиғаға қатысушы ұлы тұлғалардың өмірінен сыр шертеді. Витриналарға плакаттар, баспа өнімдері мен құрылғылардың үлгілері, соғыс жылдарындағы шығармалар, фотосуреттер мен майдандық хаттар, құжаттар және тыл еңбеккерлерінің жеке заттары орналастырылған.

Төртінші экспозициялық зал – «Тәуелсіз Қазақстан» залы хронологиялық түрде 1991 жылы Республикамыз Тәуелсіздік алғаннан күнінен бастап бүгінгі күнге дейінгі Қазақстан тарихын көрсетеді. Экспозицияда Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері – Елтаңба, Ту, Әнұран, ҚР Президентінің Штандарты, ұлттық валюта, мемлекеттік марапаттар, сондай-ақ, біздің мемлекетіміздің жаңа Елордасы – Нұр-Сұлтан қаласының   қалыптасу кезеңдерін бейнелейтін экспонаттар бар.

ҚР Мемлекеттік орталық музейінде 2007 жылы «Антропология музейі» экспозициялық кешені ашылды. Залдағы экспозициялар көркемдігімен, жаңашылдығымен адамға өте ерекше әсер қалдыруымен ерекшеленеді. Залда Қазақстан тарихының этно-рассогентикалық үрдісін көрсететін антропологиялық, археологиялық экспонаттар қойылған.

Зал экспозициясы үш бөлімнен тұрады:

– біріншісінде адамның даму эволюциясының сызбанұсқасы, тарихи мекен еткен жері, үлкен үш расаның классификациясы берілген;

– екінші бөлімде адам эволюциясының даму сатылары мен олардың физикалық типінің қалыптасуы, көне заман адамдарының әлемге таралуы көрсетілген;

– үшінші бөлімде андронов мәдениетінен бастап қазіргі заманға дейінгі адамдардың антропологиялық мүсіні және қазіргі қазақтардың тіс морфологиясы, алақан және саусақ бедерлері, қан топтары бойынша экспозициялар қойылған.

«Ашық қор» залы. Қазақстанның археологиялық алтыны. «Ашық қор» экспозициясы тақырыптық негізде құрылған және жаңа коллекциялық материалдарды көрсету арқылы мерзімді түрде жаңарып тұрады. Экспозициядағы жетекші орындарды ерте көшпелілер кезеңі мәдениетін көрсететін Жалаулы, Покровка, Қарғалы қазыналары иеленген.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button