Жаңалық Редакция таңдауы

Қызылкеніш сарайы жайлы бір аңыз

«Ұлы дала аңыздары» айдарының бүгінгі саны Қызылкеніш сарайы туралы болмақ.

Қарқаралы тауын артқа тастап, екі биік төбенің бағыты бойынша жүрсеңіз, сол екеуінің арасында алыстан түйенің екі өркеші секілді Доғал және Қоңыр Кент тауларынан жұмыр пішінді, аты аңызға айналған Қызылкеніш сарайына жетесіз. Қызыл кеніштің орналасу орны да ерекше. Аумағы өте үлкен. Табиғаты тамаша бұл алаңға бір ауыл емін еркін сыйып кетер еді. Мұнда таза мөлдір бұлақтар бар. Шырынды шөптерге бай жер бетінен қайың, тал, терек тоғайларын, мойыл бұталарын кездестіресіз. Айналасын сеңгір таулар қоршаған. Құстардың тамаша әуендерін де тыңдауға болады. Ағын суынан шағын атты жасақ қиындықсыз өте алады.

Адамдарды нақ осындай оқшау жерге сарай салуға не итермелеген? Бұл сарай тығылу, жасырыну, қорғану мақсатында салынған, сірә, басты мақсат тыныштықта өмір сүруге арналған болар. Қызылкеніштің алғашқы тұрғындары тыныштықтан гөрі, қауіпсіздік туралы алаң болса керек. Бұл халықта сақталған аңызды растайды.

Аңыз бойынша ертеде осы жерде бейғам өмір сүрген адамдарға кенеттен жау шабады. Ондағы негізгі мақсат – дұшпандар тайпасының көсемі ғашық боп қалған ерекше сұлу қызды тұтқындау болатын. Алайда, қайтар жолында кенеттен аяз түсіп, жолды қар басып қалады. Алға жүру мүмкін болмағандықтан,тау ішінде тұрақтап алуға мәжбүр болады.Табиғаты өзгеше сұлу өлкеде өз тұтқыны үшін тас сарай салады. Ол кейін «Қызылкеніш» деп аталған. Сұлудың кейінгі тағдыры туралы көптеген болжамдар бар. Олардың көбі үлкендердің есінде сақталған. Бұл басқа бір әңгіменің өзегі болмақ.

Қазір де Қызылкеніш сарайы өзінің әдемілігін жоймаған. Сарай крест тәрізді екі қабатты үйден тұрады. Құрылыс материалы ретінде жонып тегістелген және өңделген қызыл тас қолданылған. Орталық кең залға үш бұрышынан тұрғызылғандай кейбір бөлмелер бір-бірімен ішкі есіктер арқылы жалғасады. Сарайдың оңтүстігінде балкон бар. Жергілікті тұрғындардың айтуы бойынша, ХХ ғасырдың басында сарайдың көрінісі осындай болған деседі. 30-жылдары «ыждағатты» қожайындардың үкімімен бұл құрылыстың кірпіштері қой қорасын салу үшін пайдаланылған.

Ғалымдар Қызылкеніш сарайының XIII-XV ғасырларға дейін салынғанын айтады. Осы құнды сәулет ескерткіші жөніндегі алғашқы жазба деректер А.Левшинге (1832 жыл) тиесілі екендігі айтылады. Алғашқы археологиялық қазбалар сарай маңында 1825 жылы генерал С. Б. Броневскийдің басшылығымен жүргізілді, соның нәтижесінде алтын, күміс, бағалы тас бұйымдары көптеп табылған.

Сарайға әлі де арнайы ғылыми зерттеулер жүргізілуі тиіс. Ол қазақ өнірінің дамуы мен тарихына өлшеусіз үлес қосары сөзсіз.Сарайдың және оған жақын жерлердің атауы осындағы таулардың табиғатына байланысты болған. Кент таулары тұтастай қызыл тастан тұрады, Қызылкеніш – қызыл тастың қоры дегенді білдіреді.

Қызылкеніш сарайы орналасқан тау-қамалға кіреберісте жұмыр пішінді орасан зор екі тас бар. Бірінің биіктігі – 20 метр, екіншісі – 10 метр. Ол тастардың беті тегіс болған.

Сарайды қорғап тұрған алып тастың жанында тұрсаңыз, бойыңызды ерекше сезім билейтіні анық. Табиғаттың осынау керемет туындысына еріксіз тамсанасыз. Қызылкеніш туралы, тас туралы ежелгі аңыздар есіңізге түседі.

(А. Сейдімбеков. «Поющие купола», А. 1985 ж.)

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button