Жаңалық Редакция таңдауы

Қазақстан электрондық үкіметтің даму деңгейі бойынша рейтингте көш бастап тұр

E-Government Development Index (EGDI) зерттеуін Біріккен Ұлттар Ұйымының Экономикалық және әлеуметтік мәселелер департаменті 2001 жылдан бері жүргізіп келеді. Рейтинг БҰҰ-ға мүше барлық мемлекеттердің электронды үкіметінің даму деңгейін бағалайтын әлемдегі жалғыз есеп болып табылады. Әдістеме үш негізгі аспектіге негізделген: онлайн-қызметтердің қолжетімділік деңгейі, телекоммуникациялық инфрақұрылымның даму дәрежесі және персоналдың ақпараттық-коммуникациялық технологияларды алға жылжыту және пайдалану қабілеті.

Тізімге енген елдердің 84% – дан астамы кемінде бір онлайн қызметті ұсынады. Әлемдік орташа көрсеткіш – 14 қызмет. Ең танымал қызметтер – жаңа бизнесті тіркеу, туу туралы куәлік алу және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу болды.

Рейтингтің алғашқы ондығына Дания, Оңтүстік Корея, Эстония, Финляндия, Австралия, Швеция, Ұлыбритания, Жаңа Зеландия, АҚШ және Нидерланды кірді.

Ал Қазақстан 29-орынға тұрақтады. Ресей 36-шы орынға тұрақтаса, Беларусь 40-шы орында. Армения – 68, Украина – 69, Әзірбайжан – 70, Молдова – 79, Қырғызстан – 83, Өзбекстан – 87 орынға жайғасты.

Іс жүзінде Қазақстанда цифрлық мемлекеттік қызметтерді енгізу Ресей Федерациясына қарағанда ерте басталды: e-Gov.kz электронды үкімет порталы 2006 жылы, ал Ресейде осыған ұқсас сайт 2009 – 2010 жылы іске қосылды.

2018 жылмен салыстырғанда Қазақстан бірден он позицияға көтерілсе, 2008 жылы 81-орында болды.

Сонымен қатар, теңізге шыға алмайтын елдердің ішінде Қазақстан ең жоғары EGDI баллымен бірінші орынға шықты; Азия елдері арасында Оңтүстік Корея, Сингапур, Жапония, Кипр және Біріккен Араб Әмірліктерінен кейін алтыншы орында болды. Үш рейтингтік көрсеткіштің біріншісін (онлайн-қызметтердің қолжетімділік деңгейі) әзірлеу бойынша Қазақстан ең жоғары баллды алды – 1-ден 0,92.

Қазіргі уақытта 10 миллионнан астам азамат egov.kz электронды үкімет порталының пайдаланушысы болса, осы уақытқа дейін 47 миллион қызмет алынған. Бүгінде порталда 580 қызмет түрі мен 120 құрал қолжетімді.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button