ЖаңалықРедакция таңдауы

Мемлекеттік білім беру гранты иегерлерінің тізімі жарияланды

2022-2023 оқу жылына арналған білім гранты иегерлерінің тізімі жарияланды. Дайын сертификаттарды талапкерлер Ғылым және жоғары білім министрлігі жанындағы Ұлттық тестілеу орталығының grant.testcenter.kz сайтынан жүктей алады.

Гранттарды тағайындау конкурсына қатысу үшін 80 мыңға жуық талапкер құжат тапсырды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5 мыңға артық.

Мемлекеттік гранттар республикалық комиссия отырысының қорытындысы бойынша тағайындалды. Комиссия құрамында министрліктің, мемлекеттік органдардың, бiлiм саласы кәсiподақтарының, ҚР Ұлттық кәсiпкерлер палатасы, БАҚ, Қазақстанның азаматтық альянсы және қоғамдық ұйым өкілдері болды.

Бірнеше жыл қатарынан талапкерлердің таңдауы өзгеріссіз қалып отыр. Яғни өтініштердің көбі «Педагогикалық ғылымдар», «Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары» мен «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» сияқты бағыттарға берілді. Бір гранттық орынға ең үлкен конкурс болашақ мұғалімдер, тіс дәрігерлері және инженерлер арасында болды.

Грантқа үміткерлер арасында балдары тең болған жағдайда басым құқыққа ие болатын 20 мың талапкер, олардың ішінде «Алтын белгі» иегерлері, халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары, оқу үздіктері бар.

Естеріңізге сала кетейік, биыл әлеуметтік осал санаттағы балаларға бөлінген грант саны артты. Яғни, көпбалалы немесе толық емес отбасылардан шыққан балалар, сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан талапкерлер грант алуда басымдыққа ие болды. Сондай-ақ ауылдан шыққан жастар үшін ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуын айқындайтын мамандықтарға және ҚР азаматтығы жоқ ұлты қазақ жастарына квота қарастырылған.

Жоғары оқу орындарына құжаттарды тапсыру 25 тамызға дейін жүзеге асырылады.

Конкурстық iрiктеудiң қорытындысы ҚР Ғылым және жоғары бiлiм министрлiгiнің ресми (https://t.me/gylym_jogary_bilim) Telegram каналында және республикалық БАҚ беттерiнде жарияланды.

Басқа материалдар

Back to top button