Жаңалық Редакция таңдауы

Әкімдіктердің грантына құжат қабылдау жалғасуда

Жергілікті атқарушы органдардың білім беру гранттарына құжат қабылдау 10 тамызда басталды. Өтініштерді жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары қарайды. Құжаттарды қабылдау мерзімі туралы ақпаратты әкімдіктен немесе олардың ресми сайтынан алуға болады.

Жыл сайын мамандарды мақсатты даярлауға жергілікті атқарушы органдардың (әкімдіктердің) бюджетінен білім беру гранттары бөлінеді. Әкімдіктердің гранттары конкурстық негізде тағайындалады. Бұл ретте халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын талапкерлерге ерекше көңіл бөлінеді.

Еліміз бойынша жергілікті атқарушы органдар 3 мыңға жуық грант бөлді. Негізінен, әкімдіктерге педагогтер, медицина қызметкерлері және ауыл шаруашылық саласының мамандары қажет. Биыл елорда әкімдігі бакалавриат деңгейі бойынша мамандарды даярлауға ең көп тапсырыс берді. Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі педагогикалық және медициналық мамандықтар үшін 1200-ге жуық грант бөлді. Шығыс Қазақстан облысы Абай облысымен бірлесіп 450 грант, Ақмола облысы 229 грант тағайындады.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығын тойлауға орай Қостанай облысының әкімдігі А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінде оқуға 15 грант бөлді. Өнер саласының мамандарын даярлауға тек Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі грант бөліп отыр, олар жергілікті бюджет есебінен 15 маман оқытуға дайын.

Шымкент қаласы мен Түркістан облысының әкімдіктері биыл бакалавриатта мамандарды оқытуға тапсырыс жасамаған. Алматы қаласы және Павлодар облысының әкімдіктері өңірдің жоғары оқу орнынан кейінгі медициналық білімі бар мамандарды даярлауға қажеттілігін ескере отырып, облыстық бюджет қаражатынан тек магистратура мен резидентураның білім беру бағдарламалары бойынша гранттар бөледі.

Білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін үміткер жоғары оқу орнының қабылдау комиссиясына келесі құжаттарды тапсырады: білімі туралы құжат; ҰБТ сертификаты; жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі; жеңілдік санатын растайтын құжаттар.

Грантты тағайындау туралы шешімді әкімдік жанынан құрылған арнайы комиссия қабылдайды.Жоғары оқу орындарына қабылдау 25 тамызға дейін жүзеге асырылады.

 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button