Жаңалық Редакция таңдауы

Ұлттық құрылтай – қоғамдық диалогтың жаңа моделі

Қазақстандық қоғамдық даму институтының алаңында «Ұлттық құрылтай – қоғамдық диалогтың жаңа моделі» атты «Sarap» эксперттік клубының отырысы өтті.

Шараны ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ ұйымдастырды.

Отырысқа ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, саясаттанушылар, қоғам қайраткерлері мен ҚҚДИ сарапшылары қатысты.

Эксперттік клубтың қатысушылары Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауында бастамашылық еткен «Ұлттық құрылтай» жаңа қоғамдық институтының іске асырылуын талқылады. Атап айтқанда, қазіргі замандағы Ұлттық құрылтайдың негізгі аспектілері қарастырылды.

Іс-шара «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ Басқарма Төрағасы Қазбек Майгельдиновтың модераторлығымен өтті. Ол жаңа құрылым Ұлттық кеңестердің қызметін жалпыхалықтық деңгейде жалғастыратыны туралы Президенттің тезисін атап өтті:

«Жаңа институттың рөлі мен міндеттері ерекше және Жаңа Қазақстанды құруда тарихи маңызға ие. «Ұлттық құрылтай» қоғамдық диалогтың бірыңғай моделін қалыптастырып, билік пен халық арасын байланыстырушы көпірге айналуы тиіс. «Ұлттық құрылтайдың» басты мақсаты – жалпыұлттық диалогтың шекарасын кеңейту», – деді ҚҚДИ басшысы.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин өз сөзінде кешегі қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстанның басқаша дамуы керек екендігін атап өтті:

«Құрылтайдың ең бірінші мақсаты – бүкіл Қазақстан халқына қажетті дүниелерді күн тәртібіне шығару. Сол мәселелермен айналысу. Партия белгілі бір топтың ғана мүддесін қорғайды және оның мақсаты – билікке келу. Ал, құрылтайдың мәселесі билікке келу емес. Сол билікті елдің ішіндегі қордаланып, қатып қалған, сіңірі шыққан мәселелерді көтеріп соны шешкізуге итермелеу. Біздің мемлекетіміздің ядросы, ол біздің – ұлттық идеологиямыз. Қандай дінді ұстаймыз, салт-дәстүрімізді қалай мына қоғамға ендіреміз, өзіміздің ата-бабамыздан келе жатқан мұраны қалай біз дәріптейміз, соны қалай жүргіземіз? Осының айналасына бәрі жиналу керек. Міне осы үлкен мәселелерді құрылтай шешсе, онда біз үлкен дамуға ары қарай жұмыс жасаймыз. Біздің базисымыз сол ұлттық руханият, ал ол болмай саясат та, экономика да, әлеуметтік мәселелер де өз деңгейінде шешілмейді. Әділетті қоғам құра алмаймыз», – деп қорытындылады Еділ Жаңбыршин.

Ұлттық құрылтайдың негізгі мәні мен мақсаты туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров та өз пікірін білдірді:

«Дүниежүзінде құндылықтар қақтығысы болып жатыр. Қазіргі Украина мен Ресей арасындағы соғыс – құндылықтар соғысы. Және құндылықтардың қақтығысы тек бұл елдер де ғана емес, планетаның әртүрлі нүктелерінде сезілуде. Әрбір ел дамуы үшін билік пен қоғамның, адам мен мемлекеттің арасындағы қарым-қатынастардың жаңа модельдерін жасау керек. Міне осындай модельдің бірі қазақтың өз дәстүрінде бар дәстүрлі дала демократиясы. Қазақ қоғамы құрылғаннан бастап, қазақ топтасқан кезде, қазақ ақылдасқан кезде және бір жағадан бас бір жеңнен қол шығарған кезде қазақты ешкім ала алмаған. Сондықтан Ұлттық құрылтайдың ең негізгі мәні – мемлекетті дамыту үшін сол мемлекеттің ішіндегі әртүрлі саяси спектрлар өкілдерінің басын қосу. Құрылтайдың ең негізгі мақсаты және миссиясы – Қазақстанның тәуелсіздігін ары қарай дамыту үшін ел болып, халық болып не істей аламыз, міне осы сұраққа жауап болу керек. Және де біздің тағы бір міндетіміз саяси ұрпақ қалыптастыруымыз қажет. Міне осы саяси ұрпақ Қазақстанның болашағының іргетасы бола алады», – деді депутат.

Өз кезегінде «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Саясат Нұрбек елімізде жаңа саяси мәдениетті қалыптастыруда «Ұлттық құрылтай» құрудың маңыздылығын атап өтті:

«Қаншалықты саяси жүйе қоғамның ішінде жүрген түрлі әлеуметтік топтардың үнін ести алады, екінші сол шыққан ақпараттарды қаншалықты сүзгіден өткізбей дұрыс түсіне алады. Себебі бізде өкінішке орай жоғарыға жіберген ақпарат бірнеше сатыдан өткеннен кейін шешім қабылдаушы негізгі орындарға, тұлғаларға толық жетпейді, не дұрыс жетпейді. Осы екі фактор бойынша біріншіден саяси жүйенің  сезгіштігін жоғалтып алдық, екінші саяси жүйенің тепе-теңдігін жоғалтып алдық. Және халықпен тікелей байланысты әлсіретіп алдық. Ұлттық кеңес өз рөлін атқарды, біздің негізгі функциямыз – Президентімізге түрлі әлеуметтік топтардың үнін таза түрде ешқандай фильтрсіз жеткізу болды.  Және де сол жеткен ақпараттарға, халықтың көкейінде жүрген сұрақтарға керекті жауап қайтару, ол да үлкен міндет еді. Ұлттық құрылтай қоғамдық бақылаудың институционалды алаңы. Ол бүкіл біз құрған қоғамдық кеңестер, қоғамдық алаңдарды біріктіретін халық пен биліктің арасындағы байланыстың құралы».

Сонымен қатар, Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Рыстина Индира Садыбекқызы:

«Өтпелі кезең әлі жалғасуда. Бұл дегеніміз адам санасының ойлау қабілеті мен оның билікке деген қарым-қатынасы және өзінің азамат ретінде қалыптасуының өтпелі кезеңі болып жатыр деген сөз.

Біздің елімізде көп жағдайда халық өздерін әлі күнге дейін мемлекеттің азаматы ретінде емес, мемлекеттік қызметті тұтынушы ретінде ғана қабылдайды. Бұл екі ұғымның арасындағы айырмашылық – азамат бұл мемлекеттің дамуы үшін барынша ат салысып өзін мемлекеттің бір құралы ретінде қабылдаса, ал мемлекеттік қызметті тұтынушы бұл мемлекет маған не бере алады деген концепциямен ойлайды. Осы кезде делиберативті демократия институттарының енуі өте маңызды. Делиберативті демократия институттары арқылы біз азаматтарымызға азамат ретінде ойлауға мүмкіндік бере аламыз. Яғни мемлекетті тек қана қолында мандаты бар, не болмаса қандай да бір лауазымы бар кезде ғана ойламай, азамат ретінде мемлекетке қандай пайда әкеле аламын деген сұрақтарға жауап іздейді. Өтпелі қоғам институты ретінде қазір біз осы функцияны орындап, оның барлығын да онлайн форматқа ауысытыруымыз керек», – деді.

Отырыс барысында сарапшылар жаңа институттың қандай функциялары мен өкілеттіктері болуы тиіс екендігі туралы өз көзқарасын айтып, пікірлерімен бөлісті. Сондай-ақ отырысқа қатысушылар қоғам мен мемлекет арасында тұрақты кері байланысты қалыптастыру жөніндегі қадамдарды талқылады.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button