ЖаңалықРедакция таңдауы

Жапониядан табылған Алаш дерегі

«Ақ жол» демократиялық партиясы мен М.Нәрікбаев атындағы ҚазҰЗУ университетінің ұжымы жапон ғалымы, Хокайдо университеті Славян-Еуразия ғылыми-зерттеу орталығының ортаазиялық зерттеулер профессоры Томохико Уямамен кездесті. Алашорда тарихының ақтаңдақ беттерін ашып көрсеткен жиында Жапония Сыртқы істер министрлігінің мұрағатында сақталған құпия құжаттар сөз болды.

Бүгінде тарихшы-ғалымдар арасында Алаш автономиясы, Алаш Республикасы қандай бол­ғаны туралы түрлі пікірлер айты­лып жатыр. «Жүз жыл бұрын ба­ба­ларымыз Алаш туын көтеріп, азаттық жолын таңдады ма, әлде, ақ патшаның қарамағын­да өмір сүруді қалады ма?» деген сауал­дардың толық жауабы осы күнге дейін берілмей кел­ді. Томо­хико Уяма кездесуде Жапония­ның Сыртқы істер министр­­лігінің мұрағат қорынан тапқан бір­неше тарихи құжаттың сырымен бөлісті. Ол Алаш қайраткер­лерінің Жапонияға деген қызығу­шы­лықтары, сол кездегі баспа бет­терінде жарияланған Сұлтан­махмұт Торайғыров пен Мұхтар Әуезов секілді тұлғалардың жария­ланымдарын мысалға келтірді.

«Мен өзіммен бірге алып кел­ген тарихи құжаттар Жапон Сыртқы істер министрлігінің төмен­гі саяси палатасының мұраға­тында сақталған. Алашорда қайрат­керлерінің басым бөлігі автономды мемлекет құруға жұмыс істеген. Мысалы, «Сарыарқа» газетінде автономия құрылымы қандай болу керектігі туралы көп мақала жарияланған. Алайда деректерді оқып қарасаңыз, Алаш арыстарының автономия туралы түсінігі Ресей империясының сол кездегі түсінігінен өзгеше болғанын аңғарасыз. Аталған ба­сы­лымның кейбір авторлары Ресей аумалы-төкпелі кезең­ді кешкен сәтте билікті өз қолдарына алу қажеттілігі туралы да ашық жазған. Яғни Ала­шорда үкіметі автономия дегенді өзін-өзі басқа­ратын, жеке дара мемлекет ре­тінде қарастырған», – деді жапон ғалымы.

Томохико Уяма, сондай-ақ Ах­мет Бай­тұр­сынұлы мен Райымжан Мәрсеков­тің Шыңжанға барған сапарын, сол арқылы да Жапониямен байланыс орнат­қысы келген болуы бек мүмкін екенін айтты. Оның сөзінше, Жапониямен байланыс орнатқан Райымжан Мәрсеков Алашорданың дербестігін мо­йындап, өзге елдерді де осы саяси ұстанымды қолдауға шақыруын өтінген. Бір қызығы, Мәрсеков өз сөзінде Алашорданың қызметін дербес орган ретінде сипаттап отырған. Владивостоктағы азат ету армиясының саяси департаменті­нің басшысы бұл үндеуге қолдау ретінде Жапонияның Сыртқы істер министріне жедел хат жазған екен. Сол хатта Мәрсековтің Вла­дивостокта Жапония вице-кон­сулымен әңгімелескені айтылады. Осы әңгімеде Мәрсе­ков Алашорданың автономия жария­лағанын, келешекте көршілес елдермен қатар тәуелсіз мемлекеттер құруды жоспарлап отырғанын нақты атап өткен. Жапония вице-консулы қазақтардың қиын-қыстау жағдайына қынжылыс білдіре келіп, қару жеткізуде де қиындықтар бар екенін айтады. Тіпті қару жеткізгеннің өзінде оны Колчак үкіметі арқылы ғана бере алатындарын түсіндіреді. Ал Мәрсеков Колчак үкіметі Алаш­орданың тәуелсіздігін қаламай­тындықтан, қару құпия түрде жеткізілуі керектігін айтады. Жапон консулы мұндайға жол жоқ екенін білдіріпті.

Жапон ғалымы тағы бір қызықты жайтты жеткізді, Жапон генштабы басшысының хатында Алашорданың тәуелсіздік жария­лау туралы шешім қабылдағаны жайлы жазылған. Сонымен қатар «жапон офицерлері өз беттерімен қазақтар туралы мәліметтер жинауды әдетке айналдырған», – деді жапондық ғалым Т.Уяма. «Бір капитан Иркутск қаласында Әлімхан Ермековпен кездесіп, Колчак үкіметінің ішіндегі ахуал туралы мәлімет алған. Осы жылдың мамыр айында қазақ тау-кен инженері Әлімхан Ермеков жапон тарапына қазақтардың моңғолдармен бірге тәуелсіздікті жариялауды жоспарлап отырғаны туралы ақпарат береді. Сондай-ақ жуықта елші жіберіп, Моңғолия арқылы Жапониядан қару мен әскери көмек алуға ниетті екендерін де айтады», – деп жалғады сөзін ғалым.

Сөз соңында, Томохико Уяма Жа­пония Сыртқы істер министр­лігінің мұра­ғатында табылған деректер Алашорда дәуірінің толық кескін-келбетін қалпына келтірмесе де, бірқатар маңызды сұраққа жауап беретініне баса назар аударды. Оның пікірінше, бұл архивтік құжаттар Алаш арыстарының тәуелсіздік жариялап, жеке мемлекет ретінде әрекет еткендіктерін толық айғақтайды.

Басқосуда «Ақ жол» партия­сының төрағасы Азат Перуашев уни­верситетте өткі­зілген дәріс Алаштың автономия емес, рес­пуб­лика болғанын толық дәлел­дей­тінін айтты.

«Кез келген қазақ үшін Алаштан артық идея жоқ. Тәуелсіз мемлекет деген не? Бұл жеке әскері, халықаралық аренада мойындалуы секілді көптеген факторлардан құралады. Тәуелсіз мемлекеттің бірнеше көрсеткіштері бар. Оның ішінде өзінің әскери күштері және де сыртқы саясаты. Райымжан Мәрсековтің Жапон үкіметіне жазған хатында «Алаштың 40-50 мың әскерді жинауға қауқары бар, бірақ оларды қару-жарақпен қамтамасыз ету керек» деп Жапон елінен көмек сұраған. Алаштанушылар тапқан деректерге қарасақ, Алаш әскері кемінде 2 бригада, 6 полкпен азаматтық соғысқа қатысқан. Яғни Алашорданың да тәуелсіз мемлекет ретінде қарулы күштері бар болғаны анық», деді партия жетекшісі.

«Ал сыртқы саясатқа келсек, Райым­жан Мәрсеков Алашорда мен Жапон үкіметінің арасындағы ресми қарым-қатынасты ны­ғай­тумен қатар, Париждегі дүниежүзілік конференцияда Жапон үкіметінен Алашорданың делегациясын қолдауды сұрап, өтініш білдірген. Себебі осы конференцияда БҰҰ алғышарты саналатын Ұлттар лигасын құру туралы мәселе қарастырылған. Яғни алашордашылар Алаш республикасын әлемдік деңгейде танытудың жолын іздеген. Бүгінгі дәрістегі ерекше факті де осы. Ал Алаш арыстарының неліктен Жапониядан көмек сұрағаны туралы мәселеге келсек, мұны пан­тюркизм емес, жан-жақты мем­лекеттік саясаттың салдарынан туған шешім деп түсіну қажет. Себебі Алаш басшылары тек қару-жарақ емес, экономикалық және басқа да даму мәселелеріне на­зар аударған. Алаш арыстары өзге мемлекеттердің тәжірибесін мұ­қият зерттеген. Мысалы, Дания мен Швейцариядағы ауыл шаруа­шылығын, Германияның өндіріс саласы мен гигиена және түрлі індеттен қорғауға арналған екпелерді зерттеп, елімізде іске асыруды ұсынған. Сондай-ақ Жапониядағы ұлттық жаңғырту тәжірибесін де зерттеген. АҚШ конституциясына сүйене отырып, Қазақ елінің уставын дайындаған болатын», – деген А.Перуашев бұдан былай Алаш республикасы болғанын ауыз толтырып айта алатынымызды жеткізді.

Басқосу соңында «Ақ жол» партия­сының төрағасы Азат Перуашев Алаш тари­хының ақтаңдақ парағын толтырған жапон ғалымы Томохико Уяманы «Қазақ Республикасының 100 жылдығы» арнайы медалімен марапаттады.

Басқа материалдар

Back to top button