Жаңалық Редакция таңдауы

«Sarap» сарапшылары Қостанайда алдағы өтетін президенттік сайлауды талқылады

Бүгін Қостанай қаласында «Мерзімінен бұрын президент сайлауы: еліміздің саяси жүйесін трансформациялау жолындағы кезекті қадам» атты «Sarap» эксперттік клубының аймақтық отырысы өтті. Шараны ұйымдастырушы – ҚР  Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ.

Іс-шараның басты мақсаты – еліміздегі саяси жүйені реформалау ісі бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу.

Жиын қатысушылары сайлау науқанындағы жаңалықтар мен өзгерістерді талдап, сайлау процесіндегі ашықтық пен легетимділікті қамтамасыз етудің маңыздылығын талқылады. Спикерлер алдағы президенттік сайлаудың саяси жүйеге қалай әсер ететініндігне тоқталып, елімізде жүргізіліп жатқан өзгерістер азаматтардың елдің қоғамдық-саяси өміріне қатысуы үшін жаңа мүмкіндіктер ашқанын атап өтті.

Сонымен қатар, отырыс барысында Қазақстанда кезектен тыс президенттік сайлау не үшін өткізілетіндігі барлық азаматтар үшін түсінікті емес деген пікірлер де білдірілді. Сайлау басталғанға дейін бұқаралық ақпарат құралдарына осы мәселені түсіндіру бойынша ақпараттық жұмысты күшейту жөнінде ұсыныстар айтылды.

Өңірлік отырыс ашық диалог форматында өтіп, шақырылған сарапшылар, тыңдаушылар мен қонақтар жиын тақырыбы бойынша өз пікірлерін білдіруге мүмкіндік алды.

Іс-шараға Қостанай қаласы әкімінің орынбасары Бахыт Каширбеков, заң ғылымдарының докторы, профессор, Сенаторлар кеңесінің мүшесі, Қостанай облысының құрметті азаматы Сергей Жалыбин, заң ғылымдарының кандидаты, «А. Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университеті» КеАҚ қауымдастырылған профессоры Сымбат Укин, тарих ғылымдарының кандидаты, «А. Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университеті» КеАҚ қауымдастырылған профессоры Жангелді Шаукенов, сондай-ақ қоғам белсенділері, Қостанай қаласының студенттері мен жастар ұйымдарының өкілдері, ҚҚДИ сарапшылары қатысты.

Отырыс «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ сарапшысы Елдос Жұмағұловтың модераторлығымен өтті.

«Президенттің кезектен тыс сайлауы Қазақстанда 20 қарашада өтеді. Бұл жаңалық қазақстандықтар үшін күтпеген жағдай болды. Осы шешімді қабылдау кезінде сыртқы және ішкі факторлар ескерілді. Қазір тарихи маңызды шешімдерді шұғыл қабылдайтын кезең. Сондықтан Қазақстанда мерзімнен бұрын сайлау өткізу – елдегі саяси өмірдің дамуына жасалған маңызды қадам», – деді модератор.

Жиынды Қостанай қаласы әкімінің орынбасары Бахыт Каширбеков ашты. Ол өз сөзінде сайлау процесінде аса маңызды рөлді сайлаушылар атқаратынын атап өтті:

«Бұл қазіргі және болашақ ұрпақ үшін маңызды сәт. Бүгінгі реформалар Қазақстанның болашағын айқындайды. Еліміз үшін осы тарихи оқиғаға қатысу – әрбір қазақстандықтың азаматтық борышы».

 Заң ғылымдарының докторы, профессор, Қостанай облысының құрметті азаматы Сергей Жалыбин өз сөзінде республикамызда кезектен тыс президенттік сайлау жетінші рет өткізілетіндігін атап өтті.

«Алдағы Мемлекет басшысының сайлауы күрделі әлеуметтік-экономикалық және саяси жағдайда өтеді. Соңғы айларда қалыптасқан саяси саладағы тыныштық бұл уақытша үрдіс. Тауарлар мен қызметтер бағасының бақылаусыз өсуі, ең күрделі халықаралық жағдай, тіпті болып жатқан ішкі өзгерістер халықпен жұмыс істеудің популистік және басқа да конструктивті емес әдістерін кеңінен қолданатын оппозицияның белсенділігін едәуір арттырды», – деді профессор.

Сөз соңында ол қазіргі жағдайда мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты нығайтатын жұмыстарды жандандыру қажеттігін баса айтты:

«Халыққа белгілі бір мемлекеттік бастаманың құқықтық мазмұнын түсіндіру арқылы мемлекеттік органдарға деген сенімді арттыру, азаматтарымыздың сайлау процесінде олардың маңыздылығын көрсетіп, белсенділігін арттыруға ықпал ету маңызды. Сайлаушылар неғұрлым көп болса, соғұрлым мемлекеттің саяси жүйесі дұрыс қалыптасады».

ҚҚДИ сарапшысы Риззат Елюбаев ағымдағы сайлау циклінің ерекшеліктеріне тоқталды. Ол өз сөзінде алдыңғы президенттік сайлаудан бірқатар негізгі айырмашылықтарды атап өтіп, сайлау науқанындағы кандидаттар арасындағы алдағы теледебаттың маңыздылығын талдады.

«Пікірталас конституциялық талап емес, бірақ ол сайлау процесінің «де-факто» бөлігі. Саяси үгіттің бұл түрі ертеде пайда болған және көптеген елдерде өзіндік тарихы мен дәстүрі бар. Осыған орай, президенттікке кандидаттардың теледебаттары сайлау науқанының дәстүріне берік орнығып, алдағы уақытта пікірсайыстарға қатысу жеңіске жетудің негізгі факторы болады деп үміттенемін».

«Біз елімізде жаңа демократиялық модельдің қалыптасуына байланысты саяси процестер кезең-кезеңімен жүріп жатқанын көріп отырмыз. Бұл саяси жаңғырудың басты мақсаты – саяси және экономикалық монополиядан құтылу. Кез-келген салада бәсекелестік болуы керек, онсыз даму болмайды. Саяси жүйені жаңа бағытқа сәйкес қайта іске қосу үшін президентті, Парламентті, мәслихаттарды қайта сайлау қажет. Бұл жолы билік «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сүйене отырып, биліктің қоғамдық саясатты ұстанатынын көрсетті», – деді ҚҚДИ сарапшысы Жақсыбек Жиеналиев.

«А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университеті» КеАҚ қауымдастырылған профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Жангелді Шаукенов жүргізіліп жатқан реформалар Қазақстанның билік институттарын қалыптастырудың және ықпалдастықтың, жаңа саяси мәдениетті енгізудің басқаша модельіне көшкендігін білдіретінін атап өтті.

«Жаңа Қазақстанды құру үшін қоғамдық құндылықтарды жаңартып, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру керек. Азаматтардың мемлекетті басқаруға қатысуын кеңейтуге және жаңа саяси мәдениетін қалыптастыруға назар аударған жөн. Ол қоғамдық трансформацияның терең және ұзақ үрдісі. Саяси реформалар – азаматтарға жаңа әрі тең мүмкіндіктер беріп, саяси бәсекелестікті күшейтпек», – деді спикер.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button