Жаңалық Редакция таңдауы

Қансонарда бүркітші шығады аңға...

Жер бетінде адамзат пайда болғаннан бері қоршаған ортамен үйлесімді түрде өмір сүруге ұмтылды. Біздің арғы бабаларымыз солтүстікті мекен еткен кезде түрлі жабайы өсімдіктердің жидектері мен жемістерін жинаудан біртіндеп аңдар мен құстарды аулауға ауыса бастайды. Көненің көптеген ескерткіштері, соның ішінде тас бетіндегі суреттер осы үрдіске айқын да көрнекті дәлел бола алады. Дегенмен адамдардың аңшылыққа және аңшылықпен шұғылдануға деген қарым-қатынастары біртіндеп өзгерістерге ұшырады. Мәселен аулау тәсілдері мен құралдары жетілдірілді, рулық және қауымдық құрылыстан құлиеленушілік және феодалдық құрылысқа ауысу,  деген қарым-қатынастың жіктелуіне әкеліп соқты. Халықтың бір бөлігі үшін аңшылық тіршілік көзіне айналып, ол өмір сүруге қажеттінің барлығын: ет, май, тері берді. Теріні көбінесе өздері қолданбайтын, ол негізінен – айырбас немесе сауда жасау үшін қажет болды. Осыдан барып, аңшылық кәсіп, соған байланысты тері илеу және тері өңдеу кәсіптері пайда болды. Аңшылықтың бізге белгілі әдістері мен құралдары ертеде-ақ қалыптасқан. Бұл құс салып, ит қосу, түрлі құрал көмегімен және т.б. аң аулау. Адамдар көптеген аңшылық әдістерді (құм қақпан жасау, ор қазу, тұзақ құру) қолданған. Әртүрлі тарихи кезеңдерде осы әдістер мен құралдардың бірі кеңінен қолданылса, басқаларының ролі төмендеді, тіпті жоғалып та кеткен.

Орта азияда саятшылық құстарды ертеден-ақ ерекше бағалаған. Нойон-ула тауындағы ғұн қазыналарынан табылған кілемдер мен сырмақтарда бейнеленген жыртқыш құстың таутекемен шайқасы, сондай-ақ Есік қорғанынан табылған қола дәуірдегі сол сияқты бейнелері бар алтын тоға осыған дәлел.

Қазақтар жүйрік аттарды айрықша қадірлеген. Ол иесімен о дүниеде де бірге болуы тиіс деп түсінген, сондықтан да оны иесімен берге жерлеген. Дегенмен кейбір жерлеулерді қазған кезде бүркіттердің бейнелері мен қаңқалары табылған. Мысалы, Аралтөбе сағанасының (Атырау облысындағы Құлсары кентінен солтүстік-шығысқа қарай) еркек пен әйелдің моласында аң стилінде орындалған бүркіттердің бейнелері бар алтын бұйымдар табылған. Бұл ғұрып өлген адамның жанын қасиетті құс – бүркіт аспанға алып шығады деген аңыз бойынша қалыптасқан. Шығыс Қазақстан облысының Шілікті алқабындағы Маңырақ және Тарбағатай қорғандарынан (ерте темір дәуірі) табылған алтын әшекейлердің арасында бастары артқа бұрылған 36 жыртқыш құс бейнеленген жапсырмалар бар. Олардың көздері мен тырнақтары перузамен әшекейленген. Алтайдағы (ШҚО Қатонқарағай ауданы) атақты Берел қорғанында жерленген көсем саркофагінің төрт бұрышында бейнеленген «мола күзетуші» төрт грифонның бейнелері жыртқыш құстың далалықтар өмірінде алатын маңызы туралы түсінік береді. Өлген адаммен бірге жерленген 4 бүркіттің қаңқасы Өскемен қаласынан 40 км жердегі Құрық қорғанынан табылған (б.д.д. IV-II ғасырлар).

Саятшылық құс салып аң аулаудың пайда болуы мен дамуы үшін екі шарт қажет болды:

  1. Халық мекен еткен аумақта жыртқыш құстардың айтарлықтай жеткілікті болуы;
  2. Аулауға қажетті жануарлар мен құстардың болуы.

Қазақстанда бұл жағдайлар бар.

Ерте кезде жыртқыш құстар діни тұрғыда қадірлейтін нысан болған. Қайтыс болған адам жанының өзгеріске ұшырауы туралы, мысалы жауынгер ер адам қаза немесе қайтыс болғаннан кейін оның жаны ақ сұңқарға айналады деген түсінік болған. Бірқатар діни түсініктер құнарлылыққа, өсімталдыққа, табынушылыққа, сондай-ақ материалдық және моральдық игілік туралы ұғымдарға байланысты туындаған.

Сенімдердің бірқатары босанатын әйелдердің денсаулығын қорғауға және жаңа туған нәрестелер мен кішкентай балалардың денсаулығын қорғауға байланысты. Кейбір жыртқыш құстар адам рухының жағдайына ықпал ететін ғажап күшке ие: адамды психикалық денсаулығынан айыру мүмкін болған немесе керісінше, оның жан дүниесінің жадырап, көңілінің көтерілуіне ықпал ете алған деген сенім бар. Көне заманнан бастап ерте орта ғасырға дейін жыртқыш құстар түркі тайпаларының тотемі болып табылған.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button