Жаңалық Редакция таңдауы

«Балалар әлемі» республикалық балалар оқулары байқауының жеңімпаздары анықталды

Бүгін, елордада «Балалар әлемі» республикалық балалар оқулары байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

Іс-шараны Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қолдауымен «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ ұйымдастырды.

Байқаудың мақсаты – балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, қазақ және шетел әдебиетін, ақын-жазушылардың шығармаларын терең зерттеуге ынталандыру, өскелең ұрпақтың бойында патриоттық сезімді қалыптастыру.

Байқауға еліміздің жалпы білім беретін мектептерінің 3-10 сынып оқушыларынан 97 мыңнан астам бала қатысты. Қатысушылар 4 санат бойынша бақ сынады:

«Ертегілер әлемінде» тақырыбында бастауыш 3-4 сынып оқушылары;

«Кел, балалар, оқылық!» тақырыбы 5-6 орта сыныптағы оқушылары;

«Ғасырлар тарихты жырлайды»  тақырыбы 7-8 сынып оқушылары;

«Ұлы Дала эпостары» және «Ұлы Даланың даңқы» тақырыбында 9-10 жоғары сынып оқушылары.

Облыстық турлардың 80 жеңімпазы 2022 жылдың 2 қарашасында байқаудың ақтық сайысына қатысты.

Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздарды салтанатты марапаттау рәсіміне ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі, Парламент депутаттары, Қазақстандағы ЮНИСЕФ басшысы, қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар мен журналистер қатысты.

Іс-шараны ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Қадыров ашты.

«Республикалық балалар оқуына еліміздің түпкір-түкпірінен сүрінбей өткен жүзден жүйрік қатысушыларымызды байқаудың межесіне жетуімен шын жүректен құттықтаймын. Орайы келіп тұрғанда баршаңызды тұғырына қайта қонған ұлттық мерекеміз Республика күнімен де құттықтаймын», – деп ыстық ілтипатын білдірді.

Сондай-ақ вице-министр байқау кітап оқу мәдениетімен қатар, мемлекеттік тілдің жас буын ортасында кең таралуына үлес қосатындығын атап өтті.

«Аталмыш туындылар адамның өмір жолында өлшеусіз азық болып, парасатты, кемел жастарды қалыптастыруға ықпал етіп келеді. Осындай азаматтармен бірге біз Жаңа Қазақстанды және қоғамдағы ізгі құндылықтарды қалыптастырамыз», – деді вице-министр.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді бағалы сыйлықтармен ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Қадыров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Сауытбек Абдрахманов пен Аманжол Әлтай, Қазақстандағы ЮНИСЕФ басшысының кеңесшісі Бағдад Құлназаров, ҚР Жазушылар одағының мүшелері, ақын-жазушылар Серік Негимов, Шархан Қазығұл, Дихан Қамзабекұлы, Қуаныш Жиенбай және Роза Мұқанова марапттады.

Салтанатты рәсім барысында ең белсенді қатысушыларға алғыс хаттар мен «Marwin» сертификаттары табысталды.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button