Жаңалық Мақала Редакция таңдауы

Қазақты қазақ қана жарылқайды

Абай әлемі тұңғиық. Біз Абайдың мұхиттай терең ойларына қаныға түсуіміз керек.

Заман, қоғам жайында, адам жайында толғанғанда да біз бұрынғы даналарымыздың пікірлерімен санасып отыруымыз керек. Абайдың өзі өлгенмен сөзі өлген жоқ. «Өлді деуге сыя ма ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған», – деп кемеңгердің өзі айтқандай, Абай – артына өлмейтұғын сөз, өнеге, өсиет қалдырған, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, ғасырдан-ғасырға асып, туған халқымен бірге жасаса беретін кемеңгер.

Сырт қарағанда Абайды білмейтін қазақ жоқ секілді. Көзімізді ашқаннан Абай есімі жадымызда, бейнесі көз алдымызда. Мектепте Абайды оқып өстік. Қала сайын Абай атында көше бар. Абай атында қала, аудан, ғылыми институт, университет, көптеген театрлар, мектептер бар. М. Әуезовтен бастап Абай жөнінде қалам тартпаған ақын-жазушы жоқ. Абай жөнінде кино және басқа өнер шығармалары да жеткілікті. Ақын әндері күн сайын шырқалып, кітаптары қайта басылып шығып жатыр.

Иә, Абайды білетін сияқтымыз. Ал шынына келсек, Абайды білдік, таныдық, тереңіне бойладық деп айта алмаймыз. Біз Абайды терең танып-білуге талпынбадық демейміз. Талпындық, талаптандық. Өкініші, бойымызға сіңіріп, зердемізге қондыра алмай келеміз. Абайдың мұңы, Абайдың зары – халықтың, ұлттың зар-мұңы. Ел болудың, ұлт болудың қағидасы, қам-қаракеті екенін терең ұғына алмай келеміз.

Біріңді, қазақ, бірің дос,

Көрмесең істің бәрі бос! –  дегенді де айтқан Абай.

Абай заманындағы қазақтан қазіргі қазақ көп өзгере қойды деп айту да қиын. Алауыздық, пасықтық, көре алмаушылық, топшылдық, қиянатшылдық, дүниеқорлық, өзгеге жалпақтап, өзіңді менсінбеу, жайдақтық, жалтақтық, билікке, мансапқа құмарлық, сатқындық, надандық әлі де ұлтымыздың бойынан арылмай келеді, ұлтымыздың айықпайтын дертіне айналғандай.

Абайдан сөз қалмаған. Қазақтың табиғаты, болмысы, қайтсе адам болатыны жөнінде айтқан ұлағатты сөздерін бойға, санаға сіңіру, ұлы ақынның бай мұрасынан ғибрат алу бұрынғыдан да бүгін керегірек болып тұр. Сондықтан да күн сайын Абай рухымен сырласып, кейде тіпті, ол кісімен мұңдасып, елдігіміздің, ендігіміздің жайын кеңірек ойласып отырғанымыз дұрыс болады.

«Абай – қазақ халқының рухани көсемі», – деп жазды Нұрсұлтан Назарбаев. Абай расында халқымыздың рухани көсемі. Абай қашанда қазақ халқының рухани ұлы көшінің басында. Абай сөзі, Абай әндері мәңгі жаңғыра, жаңара бермек. Сүйегі Жидебайда жатқанымен, оның жырлары әсем Астана төрінде күн сайын айтылып, әндері күн сайын шырқала беретініне күмән жоқ. Абайды құрметтеу – өзіңді құрметтеу, Абайды қастерлеу – ұлтыңды қастерлеу деген сөз. Мұның бәрі де Абайға емес, бүгінгі өзімізге, жалпы қазаққа, келешекке керек әңгіме.

Тарихты тұлғалар жасайды. Біз Абай, Махамбет, Жамбыл секілді асылдарымызды бүкіл ұлт қазынасы, абыройы деп ұғынуымыз керек, Мәселен, қазір осындай асылдарымыздың мерейтойын өткізгенде бар салмақты сол ұлылардың туған облысына салып жүрміз. Бөлу, бөліну деген осыдан басталады. Біз мұндай ұлыларымыздың тойын мемлекетіміздің мерейінің тойы деп ойлауымыз керек. Мұндай іс-шаралар ұлтымызды бөлуге емес, біріктіруге, мемлекеттік, ұлттық мүдде төңірегіне топтастыруға қызмет етуі керек. Алда, Тәуелсіздіктің 20 жылдығы, Абылай ханның 300 жылдығы келе жатыр. Ел іргесін бекітіп, өткені мен болашағын таразылайтын мұндай іс-шараларға жақындағанда емес, дайындық жұмыстарын күні бұрын жасаған жөн.

«Қазақтың бас ақыны Ұлы Абайдың өлген күнінен қаншама алыстасақ, рухына соншама жақындаймыз. Халқымыз үнемі бұл күйде тұра бермес, ағарар, өнер-білімге қанар, сол күндерде Абай құрметі күннен күнге артар. Халық пен Абай арасы күшті махаббатпен жалғасар. Ол күндерді біз көрмеспіз, бірақ біздің рухымыз сезер, қуанар…», – деген екен Алаштың ардагері Міржақып Дулатов. Қандай дәл, әдемі айтқан арысым!

Бүгінде Абай туралы тың ой, жаңа сөз айту да қиын. Әңгіме Абай туралы жазуда, Абай жайында сөз айтуда да ғана емес, Абайды оқып, ұғына білуде, Абай сөзіне құлақ аса білуде, Абайды жан-тәніңмен бойға сіңіре білуде. Абайды ғана емес, бағзы замандардан бері үзілмей келе жатқан даналығымызды, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би секілді бабалар сөзін, Асанқайғы, Қазтуған, Ақтамберді, Махамбет, Мұрат, Дулат, Жамбыл, Мұқағали мұраларын жаттатып, жас ұрпақтың санасына ұғындыруды парызымыз деп есептеуіміз керек. Мұның өзі түптеп келгенде қазақты қазақ ұғыну, қазақты қазақ түсіну деген сөз! Қазақты сырттан келіп ешкім жарылқамайды. Қазақты жарылқаса тек қазақ қана жарылқайды.

«Ей, Түріктің бектері, халқы! Сендер алауызсыңдар, таққа кіріптарсыңдар. Ағалы-інілінің дауласқандығынан, бекті-халқының жауласқандығынан, дұшпаныңның сөзіне алданғандығыңнан қағандығыңнан, елдігіңнен, төріңнен, билігіңнен айырылдың. Жер-жерге босып сандалдың. Біресе ілгері шаптың, біресе кері шаптың, барған жерде не пайда таптың? Бек ұлдарың құл болды, пәк қыздарың күң болды. Түрік халқы, өкін!»

Сай-сүйегіңді сырқырататын осы сөздерді Күлтегін ескерткішінен оқимыз. Басынан кешкендерін мәңгі өшпестей етіп жүрегінің қанымен, көзінің жасымен бабалар тасқа осылай, қашап жазып кеткен. Абайдың да айтып, Алладан тілегені – сол халықтың мызғымас бірлігі, жарасқан ынтымағы еді. Алла қазаққа ынтымақ, береке берсін.

Мемлекет қайраткері, ғалым, филология ғылымының докторы Мырзатай Жолдасбеков

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button