Жаңалық Редакция таңдауы Зерттеу

Тұрмыстық зорлық-зомбылық себептері (сауалнама)

Қазақстандағы отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы айту үшін осы проблеманың қандай ауқымға ие екенін білу қажет.

Ескерту: Ақпарат «Қазақстан Республикасындағы отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» ұлттық баяндамасынан алынды.

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың туындауына әсер ететін факторлар ішкі және сыртқы болуы мүмкін. Ішкі факторларға ішімдікке немесе есірткіге тәуелділік, психологиялық аурулар, шамадан тыс агрессивтілік және т.б. негізгі себептер жатады.

Сырттан әсер ететін факторлар – өмір сүру деңгейінің төмендігі, тұрақты табыстың болмауы, білімнің төмендігі және т.б. Бұл жерде статистика деректері бойынша 2020 жылы Қазақстан Республикасында 448 800-нан астам адам жұмыссыз болғанын айта кету қажет. Оның ішінде ерлер (209 600 адам), әйелдер (239 200 адам).

https://youtu.be/GITeGqm5GII

Бұл ретте 50 900 азамат ұйымның банкроттығына немесе штаттың қысқаруына байланысты жұмыстан босатылды, 107 300 азамат жұмыс іздеуге мүмкіндігі болмады. Бұған коронавирустық пандемияның таралуы сеп. Ол жұмыссыз азаматтардың көбеюіне, қоғамдағы психологиялық шиеленістің жандануына және соның салдарынан тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайларының өсуіне әкелді.

Алайда материалдық проблемалардан басқа, адамның балалық шағында болған, әсіресе бала кезінде сол адамның отбасындағы үлкендердің зорлық-зомбылығына ұшыраған жағдайлардың әсерін де ескерген жөн. Сондай-ақ сарапшы психологтардың пікірінше қоғамның өзгерген құндылықтары әсер етеді, онда әйелдер көбінесе бай адамға тұрмысқа шыққысы келіп, оның жеке қасиеттерін, мінез-құлқы мен сезімдерін екінші орынға қояды. Құқық қорғаушы, қоғам қайраткері Салтанат Тұрсынбекованың пікірінше отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың себептері «өмірлік бағдарлар мен отбасылық құндылықтардың жоғалуы, коммуникация проблемалары, әлеуметтік оқшаулану және отбасының жабықтығы», яғни әлеуметтік және психологиялық факторлар отбасындағы зорлық-зомбылықты күшейтеді.

Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық көрінісінде гендерлік теңсіздік маңызды рөл атқарады. Денсаулық сақтаудың дүниежүзілік ұйымы зорлық-зомбылықтың негізгі факторларын айқындай отырып, «гендерлік теңсіздік және осындай зорлық-зомбылыққа жол беретін нормалардың» бастапқы себебін анықтады.

Әлеуметтанулық зерттеуде респонденттерге «Сіздің ойыңызша, отбасындағы зорлық-зомбылықтың негізгі себептері қандай?» деген сұрақ қойылды. Респонденттердің көпшілігінің пікірі бойынша негізгі себеп әлеуметтік-экономикалық сипаттағы жұмыссыздық – 55,9%. 52,8%-ы «зиянды әдеттер» – маскүнемдік, нашақорлық, құмар ойындар» кесірінен десе, 25,4% отбасындағы моральдық-психологиялық, күш көрсету зорлық-зомбылықтың негізгі себебі деп білетінін айтты. Респонденттердің 22,7%-ы стереотиптік көзқарастар мен сенімдер, 20,9%-ы психологиялық ауытқулар мен бұзылулар, 15,9%-ы білім мен мәдениеттің төмен деңгейі, 15,8%-ы жұбайына материалдық және қаржылық тәуелділік, 15,1%-ы отбасындағы зорлық-зомбылық үшін қылмыстық жауапкершіліктің болмауы, 13,6%-ы қоғамдағы агрессияның жоғары деңгейі, 10,0%-ы туыстарының отбасы өміріне араласуы секілді проблемаларды тұрмыстық зорлық-зомбылықтың негізгі себебі деп біледі.

«Қазақстан Республикасындағы отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» ұлттық баяндамасы

Сондай-ақ сауалнамаға қатысқандар отбасы институты беделінің болмауы, алдын-алу шараларының, рухани және адамгершілік білім беру бағдарламаларының жеткіліксіздігі, ерлі-зайыптылар арасындағы түсініспеушілік, интернеттің теріс әсері және т.б. сол сияқты себептер тұрмыстық зорлық-зомбылық себебі бола алатынын айтқан.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button