Жаңалық Редакция таңдауы

Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы жетінші ұлықтау рәсімі

26 қарашада Қазақстан Президенті болып қайта сайланған Қасым-Жомарт Тоқаевты салтанатты ұлықтау рәсімі өтті.

Ұлықтау рәсіміне үкімет мүшелері мен парламент депутаттары, Конституциялық кеңес мүшелері, Жоғары сот судьялары, елшілер, шетелдік дипломатиялық корпусы, Орталық сайлау комиссиясы мен Қазақстан Халқы Ассамблеясының мүшелері, президенттікке үміткер болғандар, облыстар мен Астана, Алматы және Шымкент әкімдері қатысты.

Салтанатты рәсімнің басында залға Мемлекеттік Ту мен Президент байрағы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Конституциясы кіргізілді. Олардың ізін ала жаңадан сайланған президент кіріп, Конституцияның 42-бабына сәйкес халыққа ант берді.

«Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, Қазақстан Республикасы Президентінің өзіме жүктелген мәртебелі міндетін адал атқаруға салтанатты түрде ант етемін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жаңа сайланған президенттің қызметке кірісу құрметіне Мемлекеттік әнұран ойналып, зеңбіректерден оқ атылды, Ақорда резиденциясының үстінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы көтерілді.

Одан кейін Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан Республикасы президентінің куәлігін тапсырды.

Салтанатты рәсімнен соң Қасым-Жомарт Тоқаев елдің жаңадан сайланған президенті ретінде сөз сөйледі.

«Шын мәнінде, ел сенімін еш нәрсемен өлшеу мүмкін емес. Халықтың сенімі – ең құнды нәрсе. Сайлау нәтижесін халқымыздың саяси бағдарыма – бағасы, алдағы жоспарыма – батасы деп қабылдаймын. Халқының қолдауына ие болып, ел тізгінін ұстау – ер азамат үшін ең биік мәртебе әрі орасан зор жауапкершілік. Алдағы 7 жылды бүгінгі буынның және келешек ұрпақтың алдындағы борышымды өтеуге берілген бірегей мүмкіндік деп білемін. Қазақта «аманат» деген асыл ұғым бар. Халқымның сенімі – маған аманат. Осы аманатқа адал болу – мен үшін қасиетті парыз. Ел үмітін ақтап, Қазақстанды өркендеген, бақуатты мемлекетке айналдыру үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев халық алдында есеп беруге міндетті екенін және Конституцияға қол қойып берген антына адал болатынын айтты. Сонымен қатар сайлауалды бағдарламасында айтылған уәделер орындалатынын айтты.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button