Ақтөбелік оқушы халықаралық стартап байқауының жеңімпазы атанды
Ақтөбедегі Зияткерлік мектеп оқушысы Арман Жалғасбаев Caspian Startup-2022 халықаралық стартап байқауында жеңімпаз атанды.
Ақтау қаласында өткен байқауға Әзербайжан, Өзбекстан, Түрікменстаннан 120-дан астам жоба келіп түсті. Олардың барлығы табысты стартаптарды құруға және ілгерілетуге, сондай-ақ стартап мәдениетін қалыптастыруға, инвесторлар тартуға, зияткерлік меншікті қорғауға бағытталған.
Dioth.tech жобасын қорғап, жеңіске жеткен Арман Жалғасбаев Қазақстан-Британ техникалық университетінің грантын иеленді. Мектеп қабырғасында республикалық ғылыми жобалар байқауы мен физика пәні бойынша желілік олимпиадалардың бірнеше дүркін жеңімпазы болған Арман биыл Ақтөбедегі NIS-тің үздік оқушысы атанды.
Тауардың түпнұсқалығын тексеретін смарт жапсырма бойынша Арманның жаңа стартапы кез келген брендке өз өнімдерінің бірегейлігін анықтауға көмектесіп, тұтынушымен жедел байланыс орнатуға мүмкіндік береді. «Енді тауардың түпнұсқалығын көп күш жұмсамай-ақ бірнеше секундта тексеруге болады.
Оқушы бұл мәселенің экологиялық жағы бар екендігін де жеткізді. Өйткені жаһандық шығарындылардың 8 пайызы киім өндірісінің қалдықтарынан түзіледі. Өндірілетін киімнің басым бөлігі контрафактілік екенін ескере отырып, жалған бұйымдарды жаппай өндіру мәселесін шешу планетамызды көміртегінің үлкен шығарындыларынан және ауаның ластануынан құтқара алады. Айта кету керек, 2020 жылы сән индустриясы жалған тауарларды сату салдарынан 50 миллиард доллардан астам шығынға ұшырады.
Caspian Startup-2022 байқауында «Болашақтың мектебі», «Әлеуметтік мәселелерді шешу», «Туризм» бағыттары бойынша табысты өмір сүруді қамтамасыз ететін IT-стартаптарды ұсынды. Ең мықты авторлар бизнес, білім беру, медицина, IT және басқа да сала кәсіпқойларынан іріктелген беделді қазылар алқасының алдында өз жобаларын қорғады.