Жаңалық Арнайы жобалар Фото Редакция таңдауы

Астанада жазушы Ақан Нұрмановтың 90 жылдығына арналған конференция өтті

Том-том кітап жазбаса да жалғыз романымен-ақ қазақ әдебиетіне жаңалық әкелген жазушының бірі – Ақан Нұрманов. Қазақ даласының еркіндігі мен тәуелсіздігі жолында өмірін қиған, есімі мен ерлігі ел аузында аңызға айналған Кейкі батыр тұлғасына «Құланның ажалын» оқып таңдандық. Аққан жұлдыздай 35 жасында өмірден өте шыққан қаламгердің бұл туындысы оқырман жүрегінен орын алды. Тарихи роман қанша уақыт өтсе де өз құндылығын сақтап, өміршеңдігін дәлелдеді. Бояуын қалыңдатпай өмірдің өзіндей табиғилығын сақтаған бұл шығарма оқырманын әлі де тәнті етіп келеді. Оған тағы бір мәрте көзіміз жетті.

3 қараша күні елордамыздағы Ұлттық академиялық кітапханада жазушы Ақан Нұрмановтың туғанына 90 жыл толуына арналған «Алыс та жақын Ақан Нұрманов» атты ғылыми-практикалық конференция өтті. Жазушылар одағының Астана қалалық филиалы мен Ұлттық академиялық кітапхана бірлесіп ұйымдастырған келелі жиынға қаламгерлер, журналистер, жазушының қалың оқырмандары қатысты.

Конференцияны ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, Астана қалалық филиалының төрағасы Дәулеткерей Кәпұлы тізгіндеді.

Алғашқы сөзді алған Қазақстанның Халық жазушысы Төлен Әбдік ағамыз Ақан ағасы жайлы «Көп сөйлемейтін істің адамы еді. Жазушы өмірден өткен соң «Құланның ажалы» шыққаннан кейін оны мүлдем жаңа қырынан таныдық. Советтік идеологияның күйіп тұрған кезінде жабық тақырыпқа баруы шынында көзсіз ерлік болатын. Тәуелсіздіктен кейін бәріміз «батыр» болдық қой. Кеше Ахметтің атын айтуға болмайтын кезеңде Кейкіні тірілткен Ақан. Орысша, қазақшаға бірдей, әлем әдебиетін жетік білетін мұндай таланттар сирек кездеседі. Өз бағасын алмай, өмірден ештеңе көрмей кетті. Қазасында қапаланып Мұқағали көп сөйледі. Сол кезең оның да өз-өзіне сыймай бұлқынып жүрген шағы екен. Ақанның шығармашылығына жаңа заманның көзімен қарауымыз керек. Бұл ерлік жайлы шығарма. Ерлік өте қажет. Қорқақтықтың түбі – құлдық. Өкінішіміз сол, ол өзін жарнамаламай үнсіз жазып, өмірден елеусіз ғана өте шықты. Байқамаймыз сондай жандарды. Бұл біздің қателік» деді.

Өз сөзінде ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, «Кейкі батыр» тарихи дастанының авторы Серік Тұрғынбеков«Бұл кешке келу парызым. Жас күнімде Ақан ағаның үйінде жаттым. Үндемей көп сырды ішінде сақтайтын. Ақыры жүректен кетті… Замандастары классик деп бағалады. Романын қалай аяқтайтыннын кім сұраса да айтпай койды. Оның астын сызып отырып оқыған кітаптары Амангелді ауданында әлі сақтаулы тұр. Кейкі туралы поэма жазуыма себепкер болған ағаның өзі. Кейкі – қазақтын рухы. Батырды батыр жазса керек» деді.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Сауытбек Абдрахманов жазушы А. Нұрмановтың стилдік ерекшелігіне, жазушылық шеберлігіне, романның жаңашылдығына, әдебиет теориясының барлық талаптарына жауап бере алатын шығарманың биік деңгейіне мысалдар келтіре отырып жан-жақты тоқталып өтті. «Шығарманың аяқталмай жұмбақ күйінде қалғаны дұрыс болар ма еді?..» – деген де ойын ортаға тастады.

ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-драматург Роза Мұқанова: «Әкім ағаларың замандастарымен бастары қосыла қалғанда дүниеден ерте кеткен достарын жиі естеріне алатын. Соның ішінде құлағыма қанық болып, жадыма сақталғандары: Тельман Жанұзақов пен Ақан Нұр­манов» деп жазушының шығармашылық әлеміне еніп, оқырман жадында қалатын суреткерлік қырына мысалдар келтіре отырып тоқалды. Зерттеушілер А. Нұрмановтың барлық шығармаларын назардан тыс қалдырмай әлі де толыққанды үңілуіп, талдау  керек деген пікірін білдірді.

Ал әдебиет сыншысы Амангелді Кеңшілікұлы кәсіби тұрғыдан талдау жасап: «Ақан Нұрманов әдебиетті жаңаша жазудың жолын салды. Роман бірден тартып алып кетеді. Поэтикалық, артық сөз жоқ. «Құланның ажалы» қазақ әдебиетіндегі қайталанбас құбылыс» деп бағалады.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Рахымжан Тұрысбек Ақан Нұрмановтың қазақ әдебиеті тарихындағы орны жайында  айтып, жазушының стильдік ерекшелігіне байыппен тоқталды.

Сондай ақ,  конференция барысында Қостанай облысы, Амангелді ауданы, Ақан Нұрманов атындағы мектептің директоры Қуандық Шоңғалов «Ақан Нұрманов шығармаларының оқушыларға беретін тәрбиелік маңызы» атты баяндама жасады.

Жазушының немере інісі Жомарт Нұрманов: «Ол кісі үнемі ой үстінде жүретін. Жаны табиғатпен тілдескен суреткер. Әрбір шығармасы сондай ерекшелікке ие. Еңбекқорлығы қайран қалдырады. Мысалы, «Құланның ажалын» жазу үшін сол Кейкінің жүріп өткен жерлерінің барлығын аралады. Таумен сырласты, өзенмен тілдесті. Сондықтан да осындай ұлы шығарма тудырса керек».

Биыл жазушының 90 жылдығын атаусыз қалдырмайық деген ниетпен жасаған  Жомарт Нұрмановтың ұсынысын қолдап, тағылымда шараға ұйытқы болған Ұлттық академиялық кітапхана директоры Ғазиза Құдайбергенқызына және  Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, Астана қалалық филиалының төрағасы Дәулеткерей Кәпұлынана жиынға қатысушылар алғыс білдірді. Ақан мұрасы халқымен бірге жасай бермек.

Арман Шеризатов

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button