Жаңалық Редакция таңдауы

«Жалынды жар» атанған қай шатқал?

Елімізде таң қалдыратын, таңдай қақтыратын сұлу да ерекше жерлер өте көп. Соның бірі, Шығыстың кезекті кереметі – Қиын керіш шатқалы.

Қиын – Керіш Шығыс Қазақстан облысындағы Күршімнен оңтүстік-шығысқа қарай (Күршім-Қалғұты-Қалжыр тас жолы бойымен) – 95 км-дей, Зайсан көлі мен Аманат ауылынан солтүстік-шығысқа қарай – 15 км-дей жерде. Жұмбақ жаратылысына қарай ол жерді әркім әрқалай атап кеткен. Біреулер «Алаулаған адырлар» десе, енді біреулер «Жалынды жар» немесе «Рухтар қаласы» деген. Ал жергілікті тұрғындар болса, бағзы заманнан Шарықсай атайды. Қалай десек те, бұлардың бәрі оның күн көзімен шағылысып жататын қызыл топырағына байланысты аталса керек-ті.

Голливудтың «Марсианин» фильмінен кейін көптеген әлемдік интернет-ресурстар жердегі Марсқа ұқсас мекендердің тізімін жасады. Барлық тізімде Қазақстанның Қиын-Керіш шатқалы көш басында болды.

Ел аузындағы әңгімелерге сенсек, «Алаулаған адырлардың» өн бойында бір тылсым күш бар деседі. Өтірік-шынын кім білген, ежелгі замандарда бұл жерде адамдарды құрбандыққа шалған екен деген де сөздер айтылады. Қып-қызыл топырақ адамдардың судай аққан қаны, ал тылсым күш олардың рухтары деген алып-қашпа сөз содан қалса керек. Бірақ мұның анық-қанығын ешкім зерттеп, зерделеген емес. Ғалымдарымыз да Қиын – Керіште бір жұмбақ сырдың жасырынып жатқанын білгенімен, құпиясын әлі күнге толық аша алмай келеді.

Зайсанның керіштері шөгінді жыныстардан пайда болған. Миллиондаған жылдар теңіз бен көл түбінде жатқандықтан, әр түрлі химиялық құрамдағы қатпарлар қабаттаса берген. Әр геологиялық дәуір өз қолтаңбасын, өз бояуын қалдырып отырған.

Топырақ құрамы ақ балшықтан тұратындықтан қар, жаңбыр суларынан майша еріп, шатқал маңындағы жолдарда көліктердің жүруі өте қиынға соғады. Батып қалған көліктердің керіштен шығуы екіталай.

«Қиын-Керіш» деп осы жол қиындығына байланысты да қойылса керек. Жалпы «керіш» сөзі түркі тілінде «тау», «жота» дегенді білдіреді.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button