Мемлекет басшысы: Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығын қайта ашу керек
Ұлттық ғылым академиясының 75 жылдығына арналған салтанатты сессия барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғылыми зерттеулер мен технологиялық жобалар өз саласының қажетін өтеуі керектігіне тоқталды. Президент сонда ғана инновациялық даму мақсаттарына қол жеткізе алатынымызды айтты.
«2013 жылы мұнай-газ өндіру саласында кешенді жұмыс атқарылды. Оны ғылыми-технологиялық жағынан дамытудың жол картасы жасалды. Мұндай жұмыс барлық салада жүргізілуге тиіс. Мысалы, Оңтүстік Корея мен Жапонияда осы жұмысты арнаулы институттар атқарады. Олар ғылымды және технологияларды жоспарлаумен, бағалаумен айналысады, ғылыми-техникалық ақпаратты талдайды», – деді Мемлекет басшысы.
Президент Қазақстанға да тың зерттеулер жүргізіп, технологияны дамыту ісін үйлестіретін орталық қажеттігін айтты.
«Сондықтан, бұрынғы Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығын қайта ашу керек деп санаймын. Ғылыми қызметті тиімді басқару және сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу – маңыздың міндеттің бірі. Сол себепті, осы саладағы барлық үдерісті тезірек цифрландыру керек. IT саласындағы соңғы жетістіктерді пайдаланып, Қазақстан ғылымының бірыңғай экожүйесін қалыптастыруға тиіспіз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұған дейін Президент бұрғынғы жетістіктерге марқайып отыра беруге болмайтынын айтты.
Сондай-ақ, академиктер барынша ашық әрі әділ сайлануы қажет деді. Ұлттық ғылым академиясының мәртебесін көтеру керектігіне тоқталды. Ғылыммен айналысатын академиктерге өмір бойы ай сайын стипендия беру мәселесі шешілетінін жеткізді.