Жаңалық Редакция таңдауы

Қазақ даласындағы ең көне 5 қала

Қазақ тарихында көне қалалар мен тарихи орындар жетерлік. Олардың көбісі Ұлы Жібек жолы бойында маңызды қызметтер атқарып, орта ғасыр тұсында мәртебелі қала статусына көтерілді. Қазақ жерінде тамырын тереңге тартқан қалаларға қанша жыл болды?

Тараз қаласы — шамамен 2000 жыл

Тарихы тереңде қалалардың көшін Тараз қаласы бастайды. Орта ғасырлардан бері Тараз деген атауымен әйгілі қалаға ең бірінші келгендер – Ферғана алқабының өзбектері болған. 1997 жылынан бастап тарихи атауы қалаға қайтарылды. 2002 жылы Тараз өзінің 2000 – жылғы мерейтойын атап өтті. Көне Тараз шаһары Ұлы Жібек Жолыны бойында айрықша орны бар қалалардың бірі. Қарахан мемлекеті тұсында гүлденіп, мәртебелі қала статусына көтерілді. Кеңес Одағы кезінде Жамбыл облысының орталығы болып, Қазақстан тәуелсіздігін алған соң, Жамбыл облысының әкімшілік орталығына айналды. Былтыр Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы қасиетті, тарихи, көне шаһар Таразда тойланып өтті.

Түркістан — шамамен 1500 жыл

1500 жылдан астам тарихы бар, Қазақ хандығының астанасы болған, шартарапқа кеткен керуен жолдарының тоғысқан жері, Ұлы Жібек жолының орталығына айналған Түркістан қаласы. Елбасы Н. Назарбаев: «Әрбір халық, әрбір тәуелсіз мемлекет өзінің рухани орталығын нақтылап алуы керек. Қазақстанның рухани орталығы Түркістан», — деген болатын.  Қазақтың рухани ордасына айналған Түркістан қаласы – Оңтүстік Қазақстан облысында орналасқан. Шығысында тарихи қала Отырар, батысы Жаңақорған ауданымен (Қызылорда) солтүстігінде Созақ, Кентау қаласымен шектесіп жатқан киелі жер. Түркістан қаласы – Қазақстанның тарихи туризмінің таптырмас ордасы. Әсіресе туризм кластерінің басым бағыты көлік инфрақұрылымы қолайлы жолға қойылған. Түркістанның іргетасы  – V-VІ ғасырларда қаланған.

Құлан – шамамен 1400 жылдай

Құлан орта ғасырдағы (VII-XIIғ.) шағын қаланың орны. Жамбыл облысындағы Тұрар Рысқұлов ауданының орталығы Құлан ауылы. Қала туралы алғашқы тарихи деректер VII ғасырдан бастап белгілі. Саяхатшылар Ибн Хордадбек, Құдам қолжазбаларында Құлан Тараз қаласының шығысына таман, Ұлы Жібек жолындағы қала деп көрсетіледі. Әл-Макдиси Құланды Х ғасырда былай сипаттады: «Күмбезді мешіті бар, мықты қоршалған қамал. Бұл үлкен Тараз жолының бойында орналасқан бекіністі қала». 1963—1965 ж. Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының археологиялық экспедициясы зерттеу жұмыстарын жасап, қазіргі Тұрар Рысқұлов ауданындағы Құлан ауылы маңындағы төбе-төбе үйінділерді ежелгі Құлан қаласының орны деген қорытындыға келді.

Отырар қаласы — шамамен 1300 жыл

Отырар –  Қазақстанның орта ғасырлардағы әйгілі қалаларының бірі. Қаланың қалдығы Отырар төбе деген атпен белгілі, қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданының Шәуілдір елді мекенінің жанында орналасқан. Отырар қаласы туралы көптеген саяхатшылардың жазба деректерінде айтылады.Отырар қаласы VIII ғасырда Тарбанд деген атаумен белгілі бола бастады. IX ғасырда қала мәртебесіне көтерілді. Отырар қаласы құрылған кезінен бастап аса ірі кітапхана мен мәдени ошақтарға бай болды. 1218 жылы Хорезм шаһ Мұхаммедтің Отырардағы билеушісі Қайырханның әмірімен Шыңғыс хан керуенінің саудагерлері өлтіріледі. Бұл Шыңғыс ханның Орталық Азияға шапқыншылық жасауына сылтау болды. Осылайша тарихта “Отырар апаты” деген атпен белгілі ұлы шайқас болды.

Алматы – 1000 жыл

Археологиялық зерттеулер VII-IX ғасырларда қазіргі Алматы қаласының территориясында бірнеше елді мекендердің болғанын, олардың IX-X ғасырларда қалашықтарға айналғандығын көрсетеді. Ең ірісі бұрынғы шекара училищесіне жақын, қаланың оңтүстік бөлігінде орналасқан. Ол жерден қыштан жасалған ыдыс-аяқ, қола және темірден жасалған бұйымдар табылды. 1980 жылы Байпақов К.М. бастаған археологтар ортағасырлық ұстахана орнындағы қазба жұмыстары кезінде крицилерді – темір дайындамаларын, балталар жиынтығын және ортағасырлық домна пешін табады.

Ақпарат e-history.kz сайтынан алынды.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button