Қазақстан командасы Ұлыбританиядағы ең мықты робот инженерлеріне қарсы ойында жеңіске жетті
Қазақстандық роботтехника командасы Ұлыбританияның Косфорд қаласында өткен FIRST Tech Challenge олимпиадасында жеңіске жетті.
NIS (FMN), BIL және Haileybury сияқты Алматыдағы жетекші мектептердің 15-17 жас аралығындағы 12 оқушысы қатысқан жарыста жас инженерлер мен бағдарламашылар 10 ойында да жеңіске жетіп, абсолютті рекорд орнатты.
Осылайша, Қазақстан командасы Ұлыбританиядағы ең мықты робот инженерлеріне қарсы ойында жеңіске жетті. Бүгінде 80 миллион АҚШ доллары көлеміндегі стипендия қоры бар FIRST роботтехника чемпионаттарының жеңімпаздары әлемнің жетекші университеттерінде тегін білім алуға өтініш беру мүмкіндігіне ие.
Еуропа мен Азия елдерінен барлығы 21 команда қатысқан FTC UK Regional – 2022 роботтехника жарысында топ жару әрине оңайға түспегені анық. Осы орайда Алматы физика-математика бағытындағы «NIS kyran x SWB» командасы бірінші орынға ие болғанын ерекше атап өтуге болады.
FIRST Tech Challenge инженерлік жарыстарының басты мақсаты – оқушылардың техникалық білім деңгейін арттыру, командада жұмыс істеу және міндеттерді бөлу дағдыларын дамыту. Бұл болашақ инженерлер мен роботтехниктерді дамытуда маңызды бағдарлама болып табылады. Роботтехника бойынша командалық жарыста белгілі уақыт ішінде бәсекелестік алаңда тапсырмаларды орындай алатын роботты жобалау және құрастыру жүктелді. Осы орайда командаға автономды және басқарылатын режімдерде бірқатар әрекетті орындай алатын роботтар құрастырылды.
Қазақстан намысын қорғаған NIS kyran x SWB және Haileybury Initium командалары британдықтарға қарсы бір альянста өнер көрсетіп, 6 біліктілік матчын, екі жартылай финалды және екі финалды рекордтық есеппен жеңіп алды. Құрама бұл жеңіспен шектеліп қалмады. Балалар Tournament champion кубогын және Judges award – төрешілердің тарапынан берілетін, қатысушылардың чемпионатта үздік нәтиже көрсеткендерін дәлелдейтін ең негізгі марапатты жеңіп алды.