ҚҰЛАН ҚАТЫН КЕСЕНЕСІ
Құлан қатын кесенесі Ұлытау ауданында Жезқазған қаласынан оңтүстік шығысқа қарай Сарысу өзенінің сол жағалауында 25 км жерде орналасқан. XIV-XV ғасырларға тән мазар көлемі жағынан жанында орналасқан Болған ана мазарынан кішірек. Аңыз әңгімелер бойынша Құлан қатын Шыңыс ханның екінші әйелі болған деседі және Жошының өліміне себепкер болған деп те айтылады. Дегенмен, тарихи деректерде оның өмірі туралы, қай жылдары өмір сүргендігі жайында нақты көрсетілмеген. Басқа тұжырымдамалар бойынша оны Маңғолдардың Ұлытау жеріне келгенге дейін, яғни Жошы ханға дейін ертеректе өмір сүрген делінеді. Тағы бір тұжырым бойынша Шыңғыс ханды хорезмдіктермен соғысқа шығарып салар кезде жолда қайтыс болып, денесін қалың мұз астында сақтап,кейінірек жерлеген дейді. Құлан қатынның қайда жерленгені жайындағы белгісіздіктерге қарамастан, Сарысу бойында орналасқан бұл ескерткішке халық шындыққа жанасатын басқа тұжырымға келе алмайды.