Жаңалық Арнайы жобалар Фото Редакция таңдауы Сұхбат

Қуыршақ театрының маманы болу қайырымды іспен тең – Айжан Садықова

Бүгін елордадағы Қуыршақ театрының әртісі Айжан Садықованың бір күндік жұмысымен танысып қайттық. Кейіпкеріміздің театр саласында 20 жылдан астам тәжірибесі бар білікті маман.

Айжанның театрдағы жұмысы сағат 10-да басталады. Бүгін де  жұмыс күнін әдеттегідей 10:00-де таңғы жаттығумен бастап, әрі қарай би сабағымен жалғасты.

Қуыршақ театрында би сабағы да өте маңызды. Себебі көп қойылым биге негізделеді.

Қазір мектеп оқушыларында күзгі демалыс уақыты. Сондықтан күніне 4-5 қойылым өткіземіз. Негізі жұма, сенбі және жексенбі күндері театрда қойылымдар өтеді. Дүйсенбі демалыс. Қалған күндері ән, би, спорттық жаттығулармен спектальге дайындаламыз. Мектеп пен балабақшалардан шақырту болған кезде  кішкентай көрермендеріміздің көңілін көтеріп қайтамыз. Осылай әр күнім әр түрлі өтеді, – дейді кейіпкеріміз.

Айжан Садықова Темірбек Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер университетінің түлегі. Қуыршақ театрында 2007 жылдан бері қызмет етіп келеді. Бірінші күннен бастап театрдың ыстық суығымен бірге келе жатқан маман.

Сағат 11:00-де театрға «Сиқырлы орманның тұрғындары» тақырыбындағы қойылымды тамашалауға кішкентай көрермендер жинала бастады. Спектакльді балалармен бірге бізде тамашаладық. Спектакльде бүгінгі қоғамның өзекті мәселесіне айналған интернеттің құрсауында қалған балаларды көрсетті.

Бұл қойылым бүгінгі балалар арасындағы үлкен мәселені көтереді. Қазір өзекті мәселе – интернет. Себебі біз балаларымызды интернеттің құрсауынан әлі де арылта алмай отырмыз. Әлемді интернет, телефон жаулап алды. Балаларымызға қанша кітап оқы десек те, олар оқымайды. Себебі, телефонға байланған. Айналасында не болып жатқанын көрмейді. Біз қойылым арқылы соны балаларға көрсеткіміз келді. Бүгінгі қойылымда кішкентай бала адасып орманға келеді. Сол жерде ол алақоржынға айналып кетеді, яғни бурундукқа. Ол кейіпкерді мен ойнадым. Сөйтіп ол орман тұрғындарымен танысады. Табиғатты аялап, жануарларды қорғау керек екенін келешек ұрпағымызға көрсеттік. Әрине, заман талабына сай интернет те қажет. Бірақ табиғатқа керек екенімізді, айналамызда қандай әдемілік барын ұмытпауымыз керек. Сондықтан балаларға керек тақырыптың бірі, – дейді.

Қойылым аяқталған соң, балаларға ұнағаны соншалық орындарынан тұрып қол соқты. Тіпті театр мамандары кішкентай көрермендерімен бірге суретке түсті. Осы тұста кейіпкерімізбен жақынырақ танысу үшін әңгімеге тарттық.

Ол өз сөзінде соңғы кезде театрға келушілердің қатары артқанын айтып қалды. Әсіресе қазақ тіліндегі қойылымға келушілер билет таппай жүретін кездері де аз болмаған көрінеді. Бүгін де 130 орынға арналған театр залы көрерменге толды.

Айжанның айтуынша, театр ашылған жылдары театрға көрермен жинау өте қиын болды. Көрермен келмейтін. Театр мамандары мектепке, балабақшаға барып көрерменді қойылымға шақырған. Балаларды қинап әкеліп отырғызып қоятын. Ал қазір жағдай мүлде басқа.

Көрерменнің көзі ашылып келе жатыр.  Адамдар театр керек екенін түсінді. Сондықтан қазір театрларда көрермен тапшылығы жағынан мәселе жоқ. Театр ашылған жылдары орыс тілді көрермен өте көп болатын. Қазақ тілді көрерменді жинау үшін қазақша қойылымды сағат 12:00-ге қойдық, бірақ адамдар келмеді. Сағат 14:00-ге, 16:00-ге қойдық, сонда да көрермен келмеді. Бірақ пандемиядан кейін қазақ тілді көрермендердің театрға сұранысы артты. Әсіресе сенбі және жексенбі күндері келушілер тіпті көп. Бұрын бірең-сараң көрерменге ғана ойнайтын едік. Қойылымда 10 әртіс болып ойнап жатсақ, екі-ақ бала келіп отыратын. Әрине жүрегің ауырады. Бірақ ана тіліміз болғаннан кейін біз бір адамға болсын қойылым қойдық, – деп өткен күнге бір көз жүгіртті.

Айжан Қуыршақ театрындағы әріптестерімен бірге Африка, Малайзия, Ресей, Түркия және Тәжікстан елдерінде концерттік шараларға қатысқан. Бүгінде шетелдік әріптестерімен тығыз байланыста екенін айтты.

Шетелдің қойылымдарынан біздікі кем түспейді. Көбісі «шетелдіктер дамып кеткен» деп айтып жатады, бірақ олай емес. Кейбір мемлекеттердің қойылымдарынан біздікі 100 есе артық деп айтсақ болады. Дегенмен маған ресейлік Образцов театрының «Пиковая дама» қойылымы қатты ұнайды. Осы жасыма дейін соншалықты керемет қойылымды көрген емеспін. Биыл елімізге Қытайдан да театр келді. Олардың қуыршақ жасау техникасы әлем бойынша өте керемет. Ресейде де қуыршақ жасау техникасы өте жоғары дәрежеде. Виктор Антоновтың қойылымдарын көргенде әрдайым таңғаламын. Спортшы штангі көтерген кездегі оның эмоциясын дәл жеткізеді. Қуыршақтың беті қызарып, күш салып тұрғаны ашық бейнеленеді. Балалардан бөлек, ересектер де керемет әсерде отырады, – деді ол.

Қуыршақ театрының негізгі кейіпкері – қуыршақ. Сондықтан Қуыршақтың сырт бейнесіне, сапасына, жұмысына, әрбір іс-қимылына көрермен үлкен мән береді. Қуыршақтар әдемі әрі нәзік көрінгенімен оларды көтеріп жүру әжептәуір күшті талап етеді. Сондықтан Айжан қуыршақтардың техникасына баса назар аударатынын айтты.

Айжанның сөзінше, Қазақстанда қуыршақ дайындайтын маман жоқ. Ондай жоғары оқу орны да жоқ. Сондықтан қуыршақтарды суретшілер жасайды. Бірақ олар әлі де даму үстінде. Қуыршақтың қолы, көзі, ауызы барлық мимикасы көрінетіндей қылып жасайтын мамандар бар, бірақ өте аз.

Биыл біз «Әжемнің ертегісі» атты қойылым қойдық. «Қыз Жібек» поэмасының желісі бойынша қойылды. Сол жерде мен Еркежан есімді қызды ойнадым. Оның қуыршағы механикамен жасалғандықтан өте ауыр болды. Оның үстіне қуыршақты ұзақ уақыт көтеріп жүреміз. Оны бірнеше ай жасап алып келеді. Келгенде қуыршақтың бір бөліктері дұрыс істемей қалады. Мысалы, ауызы бір қолда болса көз басқа қолда болып қолың жетпей қалады. Оны суретшілер қайтып алып кетіп, жөндейді. Кейін қайта алып келеді. Сөйтіп жүргенде қуыршақтың мәселесіне жарты уақыт кетіп қалады, – деді Айжан.

Кейіпкеріміздің театрда студиясы бар. Мұнда ол сенбі және жексенбі күндері шәкірттерімен сабақ өтеді. Тіпті шәкірттерімен бірге жылына бір рет қойылым ұйымдастырады екен.

Екі тобым бар. Бірінші топта 4-7 жастағы балалар болса, екінші тобымда 9-14 жастағы жасөспірімдер. Балалармен актерлық шеберлік, зейінге жаттығу, түрлі ойындар мен нейрогимнастика жасаймыз. Дұрыс сөйлеу, ортада өзін емін-еркін ұстау, дұрыс демалу, өзін қалай ұстау керек екені жөнінде жұмыс істейміз. Балалар театрға сіңісіп кетті, уақыттарын осы жерде өткізіп қана қоймай, бірге шәй ішеміз, әңгіме айтамыз, балалар жылайды да, күледі де спектакльге дайындаламыз. Шәкірттерім өте жақсы. Осыған дейін екінші өнер мектебінде сабақ бердім. Ол жақтағы шәкірттерімде өсті, актер мамандығына оқуға түскендері де бар. Ересек көрермендер гүл әкеліп берсе, балалар бізге шоколад әкеліп беріп жатады. Оның өзі адамға керемет көңіл-күй сыйлайды. Балалардың шынайы эмоциясы адамды  10 жылға жасартады. Қуыршақ театрының маманы болып жұмыс істеу қайырымды іспен тең, – деп шәкірттерін жымиып еске алды.

Сонымен қатар театр мамандары жаңа жылдық қойылымдарға дайындықты бастап кетіпті. Тіпті киім үлгісін дайындып, безендіру жұмыстарына кіріскен.

Миражан Махан

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button