Жаңалық Редакция таңдауы

Қызыл кітап: Түркістан сілеусіні мен Шегіршінжапырақ тасжаңғағы

«Қазақстанның Қызыл кітабы» айдарының кезекті санында Түркістан сілеусіні мен шегіршінжапырақ тасжаңғағы өсімдігі жайлы ақпаратпен бөлісеміз.

Түркістан сілеусіні атауы 1904 жылдан ресми деректерде кездеседі. Оны Ричард Лидеккер анықтады, Lynx lynx wardi деген ғылыми атау берілген. Сілеусін тұқымдас «Түркістан сілеусіні» негізінен таулы өлкелер мен орманды жерлерді мекендейді. Сілеусіннің бұл түрін 1976 жылдан бастап аулауға тыйым салынған

Жыртқыш сүтқоректі Орталық Азияда ғана кездеседі. Қорық аумағында теңіз деңгейінен 1200 – 2800 метр биіктікте, аралас және қылқан жапырақты орманда мекен етеді.

Ашық дереккөздерге сүйенсек, ХІХ ғасырда бұрынғы Жетісу облысында кейбір жылдары 200-дей сілеусін аулаған. XX ғасыр басында сілеусін саны азайып кетті және 40-50-ші жылдары жыл сайын тек 20-30-дай аң терісі дайындау мекемелеріне түскен.

Сыртқы сипатына келетін болсақ, басының пішіні жұмыр, құлақ қалқаны үшбұрышты әрі үшкір. Құлақ қалқанының ұшы шоқ қылшықты ұзын шашақты қара түсті. Түгі қалың әрі үлпілдеп тұрады. Аяқтары біршама жуан әрі ұзын. Құйрығы жуан, ұзындығы 20-31 см жұмырланып ұшы шорт кескен бөренедей болып көрінеді. Тұрқының ұзындығы 87-104 см, ал салмағы 13-30 келіге дейін жетеді.

Шегіршінжапырақ тасжаңғақ – сирек кездесетін, қалдық түр. Жоңғар Алатауында (Көксу өзені сайы) және Қырғыз Алатауының батыс бөлігінде жекелеген популяциялары кездеседі. Қазақстан жерінен тыс Батыс Тянь-Шаньда (Талас Алатауын қосқанда), Памир–Алайда және Солтүстік Ауғанстанда кең таралған. Голоцен дәуіріндегі жалпақ жапырақты ормандар қалдығы. Өте сәндік бұта, биіктігі 3 метрге дейін, әсіресе гүлдеу кезінде өте тартымды. Көптеген қызғылт гүлдері бұтаны толық жауып тұрады (жапырақтары гүлдеп болғаннан кейін шығады), тау сайларының шөгінді тасты беткейлерінің түсін қанық ашып тұрады. Қалалар мен елді мекендерді көгалдандыру жұмысында пайдалы (жеміс салған кезінде де өте сәнді). Тұқымнан жақсы өседі (тұқымның өнгіштігі тіпті 4 жыл сақталғаннан кейін де 90 %-ға жетеді). Көшеттерді арнайы өсірілетін көшеттік мекемеде өсіру ұсынылады, 2 жылдан кейін тұрақты орнына отырғызу керек, бұл кезде тамыр жүйесі жақсы жетіледі. Сонымен қатар тікпе көшеттерін шабдалы мен мәдени бадамға телітуші ретінде пайдалануға болады. Табиғатта өрттер мен орынсыз кесуден зардап шеккен, барлық жерде қорғауды қажет етеді. Алтынемел ұлттық паркінде қорғалады.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button